Қазақстанда салыстырмалы педагогика ғылымының негізін салған және оқулық жасау мен бағалау теориясын дамытуға мол үлес қосқан, орта білім беру сапасын көтеру мақсатында іргелі ғылыми-практикалық жұмыстар атқарған бір тұлға бар.
Ағартушылығы мен қайраткерлігі астасқан ғалым
283
оқылды

Есімі әлемдегі көшбасшы компаративист ғалымдардың қатарында жазылған, ғылыми жетекшілігімен 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көргенін біреу білсе, біреу білмес. Әңгіме Қазақстан мен шетелдердің 15-тен аса академиясы мен ЖОО-ның академигі және құрметті профессоры,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеуші-профессоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Асқарбек Құсайынов жөнінде болып отыр. Айтулы ғалым биыл 75 жасқа толады.

Асқарбек Қабыкенұлының ғылым жолындағы еңбегіне көз жіберсек, өрісі кең, қарымды ғалым екенін көреміз. Ғалымның күш-жігерін сарп етіп, бал арасының гүл шырынын жинағандай көп ізденіп, арнайы шұғылданып, көп еңбектенген саласы – салыстырмалы педагогика ғылымы. Салыстырмалы педагогика мәселелерін, оқулық жасау теориясын зерттеп, осы салада көптеген оқулық пен монографиялық еңбек жариялады. 30 жылдан аса білім беру жүйесін реформалау, орта білім беру сапасын көтеру проблемаларымен шұғылданып жүр. Ол дамыған елдердің білім беру жүйелері саралап, отандық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісін ұсынды.   

Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев «Білім – болашақ негізі» атты Асқарбек Қабыкенұлының еңбегін: «Ел дамуының түпқазығы – тәрбие мен білім сапасы мәселелері толғандыратын, әрбір оқырманға терең ой салатын еңбек» деп жоғары бағалаған еді. Ол «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты кітабында білім беру сапасының әлем­дік табелін және білім беру сапасының артуына алып келетін жалпы басым бағыт­тарды анықтау жөніндегі зерттеулер мен талдаулардың нәтижесімен қатар отандық білім беру жүйесінің жағдайына да баға берді.

Ғалымның бір топ еңбегі оқулықтануды жетілдіре түсуге арналған. Мәселен, оқу­лық­тану ғылымына қатысты «Оқулықтану. Өзекті мәселелері» атты алғашқы моногра­фиялық еңбегі 2000 жылы жарық көрді. Ол 2003 жылы Мәскеуде «Просвещение» баспасында «Актуальные проблемы учеб­никоведения» деген атпен басылып шықты. Бұл еңбектер елімізде Оқулықтану ғылымы­ның негізін салды. Академик А.Құсайынов­тың «Оқулық жасау және бағалау теориясы» кітабының тұсаукесері 2021 жылы өткізіліп, талқыланды. Ұлттық құндылықтарды зерт­теуге кең жол ашылып отырған тәуелсіз­дік заманында бұл зерттеудің үлкен өріске бастайтын бағдарламалық еңбек болғаны сөзсіз.

Академик былай дейді: Қазіргі ғалымдар мен баспагерлердің міндеті ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ зиялылары жария­лаған оқу әдебиетінің ұлттық сипаты туралы идеяны заман талабына сай толықтырулар енгізе отырып, өмірге қайта оралтуы болса керек. Оқулықтану ғылымы объективті және субъективті себептерге байланысты елімізде жақсы дамымады. Кеңестік дәуірде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен басқа оқулықтардың барлығы орталықта жасалды... Сапалы оқулықтар жасау үшін: оқулықтану ғылымын дамыту; теориялық сараптама жүргізу және оқу әдебиетін практикалық апробациядан өткізу үшін критерийлер жүйесін әзірлеу; оқулықтар авторларының біліктілігін көтеру; оқулықтарға теориялық сараптама жүргізу және практикалық апробациядан өткізу үшін сарапшылар дайындау; оқулықтарды сараптау бойынша жұмысты ғылыми негізде ұйымдастыру және олардың қорытындыларын шығару қажет. Әлбетте, ғалымның бұл құнды пікірі күмән тудырмайды.

Асқарбек Қабыкенұлының жетекшілі­гімен Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының (ҚПҒА) ғалымдары оқу­лықтарға қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, критерийлер жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізді.  Бұл – өте күрделі әрі ауқымды жұмыс. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оқулық жасаудың сапасы мен оның ат­қаратын қызметтерін жеке-жеке бағалау қажеттігі анықталып, оқулық сапасын 19 бағыт бойынша бағалауға мүмкіндігін беретін 128 критерий жасалған. Нәтижесінде, «Оқулық сапасын анықтау критерийлері» әдістемелік нұсқаулығы әзірленіп, «Оқу әдебиеттері сапасын көтеруге бағытталған әдістемелік ұсыныстар» және «Қазақстандық контентті ескере отырып, базалық оқулық әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар» атты еңбектер дайындалып, жарық көрді. Айта кететін жайт, қазіргі уақытта ҚПҒА пре­зиденті, академик Асқарбек Құсайынов­тың басшылығымен аталған академияның ғалымдары Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Оқулық әзірлеуге қойылатын талап­тар және оның сапасын бағалау тә­жіри­бесі» және «Оқулықты сараптауға қойылатын талаптар және оның сапасын бағалау тәжірибесі» оқыту курстарының жұмыс бағдарламалары негізінде авторларға, сарапшыларға, баспа редакторлары мен әдіскерлеріне курстар өткізіп отыр.

А.Құсайынов 31 томдық қазақша-орыс­ша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктерін және қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсін­дірме сөздіктер сериясын шығаруға басшы­лық етті. Ол – ғылыми еңбектермен бірге мерзімді басылымдарда бала тәрбиесі, білім сапасын көтеру, педагогика ғылымы, ұстаз мәртебесі тақырыптарымен қоса, қалың жұртшылықты терең толғандыратын, өзіндік ашық ой-пікір білдіретін мақалалар авторы.

Академик А.Құсайынов 33 моногра­фияның, 4 оқулық пен 4 оқу құралының, 23 оқу-әдістемелік құралының, 8 кітаптың, 8 Мемлекеттік стандарттың, КСРО 3 өнер­та­быстық авторлық куәлігінің, 70-ке тарта түсіндірме және терминологиялық сөздік­тердің, 200-ден аса ғылыми мақаланың және бұқаралық ақпарат құралдарында сан түрлі тақырыпта жарияланым көрген 200-ге жуық мақаланың авторы.

Белгілі компаративист ғалым Асқарбек Қабыкенұлы өзінің бір сөзінде: «Мен әлем­нің озық 20 елінде (Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция және т.б. елдер) бастауыш сыныптарда, яғни 1-6 сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде екі тіл 1-сыныптан бастап – 2 елде, 2-сыныптан бастап – 5 елде, 4 және 6-сыныптардан бастап 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір ел­де үш тіл бірдей оқытылмайды. Ал біздің елімізде біраз жылдардан бері бірқатар ме­к­тепте үш тіл қатар оқытылып келеді. Нә­ти­жесі қандай? Қазір қалалық жерлерде қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлесетін болды. Тіпті қазақ мектептерінде оқып, қазақ отбасында тәрбиеленетін балалардың өзі орыс тілінде сөйлеседі. Өз ана тілінің уызын қана ішіп, оны терең меңгеріп, сол тілде ұлттық тәрбие алған баланың бойында ұлттық патриоттық сезім жоғары болады деп ойлаймын», – дейді.  Өте орынды айтылған пікір. 

Академик Асқарбек Құсайынов туралы сөз қозғағанда оның бойындағы ең ізгі қа­сиеттер – қарапайымдылық, кішіпейіл­ділік, ұлтжандылық, іскерлік, еңбекқорлық жайында айтпай өту мүмкін емес. Дана халқымыз «Қарапайымдылық – кемең­гер­ліктің көркі» деген ұлы сөзді өзінің осындай ұлдарына арнап айтқан шығар, бәлкім. 

Асқарбек Қабыкенұлы 2005-2012 жыл­дары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Педагогика кафедрасының меңгерушісі әрі докторлық диссертациялық кеңес төрағасы болып қызмет атқарды. Мен сол жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқаратынмын. Оның әріптестеріне деген құрметі әрдайым ерекше. Жадырай күліп, жарқылдап сөйлеу, кездескенде тұра қалып көңіл бөліп, жағдай сұрасу ол кісіге жарасымды, табиғатына біткен жақсы қасиет дер едім. Сондықтан болар, түсі жылы ағайға жастар тартыла түсіп, төңіректеп, маңына үйіріле қалады. Сол кезеңдерде Асқарбек Қабыкенұлының адамгершілік бейнесі, үйлесімді әрекетті ұйымдастыру шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, өз ісін жақсы көруі, үлкен сыйластық сезім­дерінің куәгері болдым. 

Ғылымға келушілерге биік талап қоя білу, ғылыми жаңалықтардың халық мүд­десіне пайдаланылуын аса көрегендікпен қарастыру – нағыз ғалым адамның ғана бойында болатын ерекше құнды қасиет. Осы қасиеттер ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымындағы көрнекті тұлға, академик Асқарбек Құсайыновтың болмысынан табылады.

Кезінде: Қалдырмаса даналар хатқа жазып,Кім айырар өткенді ақ, қара ғып, – деп Жүсіп Баласағұн жазғандай,  А.Құ­сайынов еңбектері – біздің бүгініміз үшін де, болашақ үшін де, келер ұрпақтың руха­ни жаңғыруы үшін де қажетті құнды дүниелер.   

Кісілік деген не? Ол сірә, ең алдымен – кішілік! Өзіңді қандай жағдайда да қарапай­ым ұстап, жұртшылық арасында емін-еркін отырып, әңгіме айта білу, тыңдай білу һәм тыңдата білу. Мен академик Асқарбек Қа­быкенұлына қарап, сол кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай боламын.

Біз дана ғылым Асқарбек Қабыкенұлын мерейлі жасымен құттықтай отырып, отбасына амандық, ізденістеріне ізгілік, еңбегіне ерен табыстар, шығармашылығына биіктік тілейміз! Ұлтшыл азамат Асқарбек Қа­быкенұлының мәртебесі биік болып, мерейі өсе берсін! Ол кісінің лайықты ізба­сарларын көп көре берейік!                   

Айгүл САТБЕКОВА, 

педагогика ғылымының докторы, 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық

университетінің профессоры, 

ҚПҒА академигі