Астанада саунадан шыққан өрт коттеджге өткен

Өрттің өршуіне жанғыш материалдардың көп мөлшерде болуы әсер етіпті.

Өрт Астана қаласының Алматы ауданындағы Сілеті көшесінде болған. Екі қабатты саунадан шыққан өрт жанындағы үйлерге өткен. Өрт әуелі бір қабатты жапсарлас құрылысқа, кейін жақын орналасқан екі қабатты коттедждің құрылысына тараған, - деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Өрт сөндіру бөлімшелері келгенде ғимарат жанып, жалын өршіп кеткен. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіру үшін үздіксіз су жеткізу ұйымдастырылып, бірнеше өрт оқпаны енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде коттеджді өрттен қорғап, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ, – делінген хабарламада. 

Өртті сөндіру жұмыстарына қою түтін кедергі жасап, жоғары температура және жалынның жылдам таралуы жағдайды қиындата түскен. Өрттің өршуіне жанғыш материалдардың көп мөлшерде болуы әсер етіпті. Салдарынан 540 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. ТЖМ мамандары өрттің шығу себебін анықтап жатыр.