Quartz сайтының ақпаратына сүйенген Aikyn.kz дрондармен күресті бизнеске айналдырған компаниямен таныстырады.
Әуежайлар, әскери базалар, мемлекеттік нысандар мен энергетикалық инфрақұрылым барған сайын рұқсатсыз ұшатын дрондардың нысанасына айналуда. Соның нәтижесінде дрондарға қарсы технологиялар әлемдік қауіпсіздік нарығының ең жылдам өсіп келе жатқан бір бағытына айналды. Осы үрдісті ескерген америкалық Motorola Solutions компаниясы Израильдің D-Fend Solutions стартапын 1,5 млрд долларға сатып алатынын жариялады. Сарапшылар бұл келісімді дрондарға қарсы технологиялар нарығындағы маңызды оқиға деп бағалауда.
2016 жылы құрылған D-Fend Solutions компаниясы ерекше технология әзірлеген. Көптеген жүйелер дрондарды радиосигналды басу немесе физикалық жою арқылы тоқтатса, D-Fend басқа тәсілді қолданады. Оның EnforceAir жүйесі дронның байланыс арнасын ұстап алып, аппаратты бақылауға алады. Осыдан кейін дрон қауіпсіз түрде жерге қондырылады немесе бастапқы ұшу нүктесіне қайтарылады.
Motorola Solutions бас директоры Грег Браун қазіргі қауіп-қатерлерді анықтау ғана жеткіліксіз екенін айтады.
«D-Fend технологиясы арқылы дрон тек анықталмайды. Оның байланысы бақылауға алынып, қауіпсіз жерге қондырылады. Бұл адамдар мен маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – дейді ол.
Бүгінде EnforceAir жүйесі әлемнің 30-дан астам елінде қолданылады. Оның қатарында НАТО мемлекеттері, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Әділет министрлігі сияқты құрылымдар кездеседі.
Нарықтың өсу қарқыны да тым жоғары. Reuters агенттігінің мәліметінше, D-Fend соңғы үш жылда табысын жыл сайын 50%-дан астам өсірген. Компанияның 2026 жылғы кірісі шамамен 185 млн доллар болады деп күтілуде.Ал Mordor Intelligence зерттеу компаниясы дрондарға қарсы технологиялар нарығының көлемі 2026 жылы 2,47 млрд долларды құрайтынын және 2031 жылға қарай 8,42 млрд долларға дейін өсетінін болжауда. Яғни, бес жыл ішінде нарық көлемі 3 есеге ұлғаяды. Бұл үрдіске геосаяси жағдай да ықпал етуде. Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстар дрондардың қазіргі заманғы шайқастардағы рөлін өсірді. Арзан әрі қолжетімді аппараттар қымбат әскери техникаларға нақты қауіп төндіретіні дәлелденді.
Motorola үшін бұл келісім алғашқы емес. Бұған дейін компания дрондарға арналған байланыс жүйелерін шығаратын Silvus компаниясын 4,4 млрд долларға сатып алған еді. Енді Motorola бір мезгілде дрондарға арналған технологияларды да, оларға қарсы жүйелерді де ұсынатын компанияға айналуда.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары дрондарға қарсы қорғаныс жүйелері әуежайлар, энергетикалық нысандар, мемлекеттік мекемелер және ірі қалалар үшін қауіпсіздік инфрақұрылымының міндетті элементіне айналады деп болжануда.
