Жастардың жігерін жаныған «Жас сақшы»

Ел егемендігін алғаннан бері өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта еліміздің білім беру жүйесінде түрлі әскери-патриоттық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Жас сақшы» жобасы.

«Жас сақшы» сыныптарының пайда болуы тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің дамуы мен жастар тәрбиесіне жаңа көзқарастың қалып­тасуымен тығыз байланысты. 2000-шы жылдардың ортасында Ішкі істер органдары мен білім беру саласының бірлескен бастамалары нәтижесінде алғашқы арнайы сыныптар ашыла бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – мектеп қабырғасынан бастап болашақ тәртіп сақшыларын тәрбиелеу, жастарды заңды құрметтеуге үйрету және қоғам­дағы қауіпсіздік мәдениетін қалып­тастыру.

Алғашында жекелеген аймақтарда пилоттық жоба ретінде іске қосылған «Жас сақшы» сыныптары уақыт өте келе өзінің тиімділігін дәлелдеп, республика көлемінде кеңінен тарала бастады. Жобаға деген қызығушылықтың артуы оның тәрбиелік және әлеуметтік маңызының жоғары екендігін көрсетті.

2010 жылдардан бастап «Жас сақшы» қозғалысы жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің көптеген облысында полиция департаменттері мен мектептер арасында тығыз байланыс орнатылып, арнайы оқу бағдарламалары енгізілді. Оқушылар тек жалпы біліммен шектелмей, құқық негіздері, алғашқы әскери дайындық, саптық жаттығулар және өзін-өзі қорғау элементтерін меңгере бастады. Сынып оқушылары арнайы форма киіп, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге ұмтылды. Сонымен қатар олар түрлі патриоттық акцияға, қоғамдық іс-шараларға және байқауларға белсенді қатысуда.

– «Жас сақшы» сыныптарының басты ерек­шелігі – жан-жақты тәрбие беру. Мұнда оқушылар Отанға деген сүйіспеншілікті терең сезінеді, заң мен тәртіптің маңызын түсінеді. Сондай-ақ қоғам алдындағы жауапкершілігін ұғынады, көшбас­шылық және тәртіп дағдыларын қалыптастырады. Бұл сыныптар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оларды теріс әрекеттерден сақтандыруда да маңызды рөл ат­қарады. Бүгінде «Жас сақшы» сыныптары Қазақ­станның көптеген өңірінде та­бысты жұмыс істеп келеді. Жоба аясында тәрбие­ленген түлек­тердің бір бөлігі болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді таңдайды. Бұл өз кезегінде кадрлық резервті қалыптастыруға да зор ықпал етеді. 

Алдағы уақытта «Жас сақшы» қозғалысын одан әрі дамыту, оның мазмұнын жаңғырту және заманауи талаптарға сай жетілдіру жоспарланып отыр. Цифрлық технологияларды енгізу, психо­логия­лық дайындықты күшейту және халықаралық тәжірибемен алмасу – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болмақ, – дейді Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығы­ның орынбасары, полиция полковнигі Ораз Жол­дасов. 

Бүгінде облыста 39 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істеуде. Соның бірі – күні кеше ғана Тараз қаласындағы В.Чкалов атындағы орта мектепте ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбы. Сынып­тың салтанатты ашылу рәсіміне ІІМ және Қарулы Күштерінің құрметті ардагерлері, жергілікті поли­ция қызмет­керлері, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Салтанатты жиында оқушылар ант қабылдап, оларға арнайы сақшы куәліктері табыс етілді. Іс-шара барысында Тараз қаласы Полиция басқармасы, Жібек жолы ауданы полиция бөлімінің бастығы Жәнібек Тұрлыбаев сөз сөйлеп, бұл жобаның маңызды­лығына тоқ­талды. Сонымен қатар ол оқушыларды адалдыққа, жауап­кер­шілікке және елге қызмет етуге шақырды. 

– «Жас сақшы» сыныптары жас­өспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптас­тырып қана қой­май, олардың құқықтық сауат­тылығын арттыруға және полиция қызметіне деген қызығушылығын оятуға үлкен септігін тигізеді, – деді ол. 

Бұл күні мектепте «Жас сақшы» куәлігін 26 оқу­шы алды. Барлығы – 7«А» сыныбының оқушы­лары. Арнайы жасақталған кабинетте «жас сақшы­ларға» сала мамандары мен ардагерлер дәріс оқиды. Алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі сабақ барысында оқушыларға саптық дайындық, қауіпсіздік ережелері және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын үйретеді.

Сонымен қатар жас сақшылар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, олардың күнделікті жұмысымен танысады. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, түрлі жаттығу мен тре­нингтер арқылы бекітіледі. Оқушылар арасында тәртіп, жауапкершілік, өзара құрмет секілді қа­сиет­терді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Және де мектеп­тегі ювеналдық полиция бөлімімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, мектепішілік тәртіпті қадағалауда өз үлестерін қосады. 

– Тараз қаласында «Жас сақшы» полиция сы­ныптары кезең-кезеңімен ашылып келеді. В.Ча­калов атындағы орта мектепте «Жас сақшы» сыныбы Тараз қаласындағы 17-ші сынып болып отыр.

Бұл сыныптың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құр­мет пен патриоттық рухты қалыптастыру, сон­дай-ақ тәртіп пен жауапкершілікке баулумен қа­тар, болашақта ішкі істер саласында жұмыс істеуге қызығушылық­тарын ояту.

Былтырғы оқу жылында бір ғана №53 мектепте ашылған болса, биыл 16 оқу орнымен толығып, барлығы 17 мектепте 330 оқушы қамтылып отыр. Салтанатты Ант қабылдау, «Жас сақшы» сынып­тарын ашу іс-шараларына Жамбыл облысы Поли­ция департаментінің бастығы, генерал-майор Қ.Сұлтанбаев және орынбасарлары, Тараз қалалық Полиция басқармасының басшылық құрамы толық қатысып келеді.

Балалардың бойында үлкен мақта­ныш, заңға құрмет, Антқа берік болуды осы бастан үйрету – білім саласы мен полиция органдарының басты мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыстар білім саласы­ның барлық мектептерінде жалғасын таба бермек. «Жас сақшы» – жас ұрпақты заң мен тәртіпті құрметтеуге тәр­бие­лейтін, олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалып­тас­­тыратын маңызды алаң. Жоба түлектері­нің бір бөлігі болашақта құқық қорғау саласын таңдауы – оның өміршеңдігін айқындай түседі. Демек, «Жас сақшы» сыныптары – тек білім беру жобасы ғана емес, ел ертеңі саналатын жастарды тәрбие­леуге бағытталған маңызды әлеу­меттік бастама. Мұнда тәрбиеленген жас ұрпақ – тәртіпті, білімді, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасып, қоғам да­муы­на өз үлесін қосары анық, – дейді Тараз қаласы білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов. 

«Жас сақшы» сыныптары – жай ғана білім беру жобасы емес, бұл – ел ертеңін қалыптастыратын тағылымды мектеп. Осындай ортада тәрбиеленген жас буын тәртіп пен жауапкершілікті ту етіп, білім мен парасатты серік қылады. Олардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік маздап, бойында азаматтық рух беки түседі. Ертеңгі күннің тірегі болар бұл жас сақшылар ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы