Негізінен, ойыншықтар музейін ашу әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар, әсіресе мұндай музейлер Ресей, Түркияның бірнеше қаласында орналасқан. Сонымен қатар Украина, Эстония, Шотландия, Франция, Ұлыбритания, Сингапур елінен де ойыншықтар музейіне бара аласыз. Бұл – бөлек әңгіме. Біз еліміздегі ойыншықтар музейінің жай-күйін сөз етпекпіз. Музей Қостанайдағы Қазақ-француз мәдени және сауда үйінің төртінші қабатында орналасқан. Қазақ-француз орталығы мен музейдің ашылуы да жергілікті халықтың сөзінше, бір жұмбаққа толы кейіпте. Біз орталықтың әкімшісі Виктория Витальевнаны әңгімеге тартып көрдік. Оның әңгімелеуінше, орталық алғашында қазақ-француз мектебі болып салынған. Алайда неге екені белгісіз, ғимарат кейіннен мектеп емес, қазақ-француз сауда үйіне айналады. Орталықты жергілікті кәсіпкерлердің бірі салған және ғимараттың маңайындағы Наполеон Бонапарт, Чарли Чаплин, Мерри Попинс, Жанна Дарк сынды 11-ге жуық тұлғаның мүсінін қала халқына сыйға тартқан. Мұндай мүсіндер қазақ жерінен бөлек, әлемнің 11 елінде ғана бар. Қазақ-француз орталығы орналасқан Гоголь көшесінің бойымен жаяу жүрсеңіз, Еуропаның көне көшелеріне түсіп кеткендей күй кешесіз. Кәсіпкер ғимарат үлгісін де қала архитектурасына ерекше сән беру мақсатында өзі жасаған көрінеді. Ғимарат мұнарасында сағат та бар, 12.00–18.00 арасында сағат сайын түрлі әуен ойналып, сағаттың қақпақтары, қуыршақтар би билейді. Бұл сағат та елімізде әзірге біреу ғана екен.
Ал қалаға келген туристер музейді әлдеқайда үлкен деп елестеткен екен. Қызығы, музеймен қатар ателье де, офис те, киім дүкені де бірге бір қабатта орналасқан, балаларға арналған ойын алаңы мен ойыншық дүкені де 4-қабатта тұр. Әрине, ойыншық музейінің жанында балаларға тиесілі орталықтың болғаны, бір жерде шоғырланғаны тамаша көрінеді, бірақ музейдің орналасуы мен жарықтандыруына өзгерістер қажеті анық. Алайда ойыншықтарға мұқият көңіл аударып қарасаңыз, расымен де, баға жетпес байлықтың үстінен түскеніңізді сіз де мойындар едіңіз.
Музейде әлемнің түрлі елінен келген небір ойыншық жиналған. 2008 жылы ашылғанда, бұл жерде 2 мыңға жуық ойыншық болған. Қазір мұнда 3 мыңнан аса экспонат сақтаулы. Жұрттың айтуынша, ойыншықтарды белгісіз саяхатшы Қостанай қаласына сыйлаған. Орталықтың әкімшісі де ойыншықтарды нақты кім сыйлағанын білмейтін болып шықты, ойыншықты табыстаған адам аты-жөнін құпия сақтауды өтініпті. Музейде адамзат баласының ең көне ойыншықтарынан бастап, қазіргі модельдерге дейін толық жинақталған. Музейдің негізін қалаушылар ойыншық тарихын зерттеуді мақсат еткені де байқалады. Мұнда өткен ғасырлардағы темірден жасалған небір ғажап көлік түрлері сақталған, ағаш көліктер де жетерлік, қашықтан басқарылатын көліктер мен қозғалмалы ең үлкен пойыз бар. Музейдегі қуыршақтарға қанша қарасаңыз да, көз тоймайды, бәрі де ерекше талғаммен жасалған. Қуыршақтардың дені фармордан құйылған, бейне бір шынайы адамға ұқсайды, шүберек-матадан жасалған қуыршақтармен қатар пластик қуыршақтар да осы жерден табылады. Барби топтамасын да көре аласыз, тіпті қуыршақтардың аяқкиімі бір сөреге топтастырылған. Ойыншықтарға қарай-қарай өзіңіз де бала болғыңыз келеді, сөреде тұрған ойыншықты қолға алып, ұстап көріп, ойнасам дейсіз... Мұражайда ең ежелгі ойыншықтардың көшірмесі де бар, кемелер мен әртүрлі қару-жарақ та қойылған. Кейін ойыншықтарға қарап қызықтап жүрген топ баланы көзіміз шалды. Орталықтың қызметкері Виктория Витальевна қонақтарға шамасы келгенше, ақпар беріп, музейді таныстыруға тырысатынын айтты. Қазір музейдегі бұйымдарға бас-көз болып жүрген де – Виктория ханым.
– Бүгінде Қазақ-француз орталығының әкімшісі ретінде мұражайға жауаптымын. Маған балаларға арналған ойын алаңындағы менеджерлер де көмектеседі. Экспонаттарға бірге қамқорлық жасаймыз, музейді жақсы жағдайда ұстауға тырысамыз, – дейді қызметкер.
Ол 2024 жылдан бері осы орталықта жұмыс істеп келеді, одан бұрын да өзге мамандар дәл солай жанашырлықпен қарап келген. Сонымен қатар музейде сирек кездесетін мың жылдық тарихы бар саздан жасалған мүсіндер бар. Шаолин ғибадатханасындағы VI ғасырға жататын ойыншық та сақтаулы. «Щелкунчиктер» мен темір құбыжықтар да осында.
– Мұражайда каучуктан жасалған ойыншықтар бар. Бұрын мұражайға әлемнің түрлі қаласынан сыйлықтар келетін. Экспонаттардың арасында Санкт-Петербор, Саратов және басқа да қалалардан сыйға келген ойыншықтар бар. Мұражайда балалар үйінің балалары жасаған ойыншықтар да сақталған, – дейді орталық қызметкері.
Оның сөзінше, музейге күнделікті қанша адам келетінін кесіп айту өте қиын, себебі келушілерді есептеп-бақылау жүргізетін арнайы маман жоқ. Есесіне, қонақтардың жылы лебіз білдіруіне арналған кітапша бар, бұл кітапшаға Испания, Германия, Франция сынды елден келген туристер тілегін жазып қалдырған. Қала жұрты да ғажайып ойыншықтарды музей қорына табыстап жатады.
– Мұражайдың ойыншықтар коллекциясы азайған жоқ. Біз қосымша сөрелер қосып, экспонаттарды қайта ұйымдастырдық. Мұражай ресми мәртебесін сақтап қалады, экспонаттарды мұқият күте береміз, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, – дейді Виктория ханым.
Қызметкердің айтуынша, балалар күніне орай Ойыншық музейіне баратын балалардың қатары артады, отбасылар да жиі қызығушылық танытады. Жазғы лагерьдің оқушылары да белсенді. Айтпақшы, музейдегі экспонаттарды ақысыз түрде тамашалай аласыз. Қай жастағы адам да ойыншыққа қызықпай қоймайды, себебі бәрі де бала болған. Елдегі балаларға арналған жалғыз музейге көңіл бөлінсе деген тілек бар...
Ақбөпе АЙЖАРЫҚ