BBC Science Focus материалына сүйенген Aikyn.kz ерлер мен әйелдердің қолжазуларындағы айырмашылықтың себебін түсіндіреді.
Ерлерге қарағанда әйелдер жылдамырақ әрі анық, әдемі жазатынын білеміз. Ғылыми зерттеулер де бұл пікірдің негізі бар екенін көрсетеді. Бұл айырмашылық бастауыш мектеп кезінен-ақ байқалады. Уақыт өте ұлдар да, қыздар да жазу дағдысын жақсартады. Бірақ көбінесе қыздар ұқыптылық пен анықтық жағынан алда болады екен. Бұндай айырмашылық бастауыштан орта мектептің басына дейін күшейіп, кейін тұрақтанады.
Алайда бұл ерлердің жазуы биологиялық себептерге байланысты міндетті түрде нашар дегенді білдірмейді. 2020 жылы Human Brain Mapping журналында жарияланған зерттеу ерлер мен әйелдер қолмен жазу кезінде мидың әртүрлі бөліктерін қолданатынын көрсеткен. Бірақ маңыздысы – бұл айырмашылық қолжазу сапасы бірдей болған жағдайда да байқалған. Яғни, мәселе тек биологияда емес.
Ғалымдардың пікірінше, ми байланыстары адамның өмірлік тәжірибесі, үйрену тәсілі, жаттығу көлемі және оған қойылған талаптар арқылы қалыптасады. Қыздар мен ұлдарға бала кезден ұқыптылыққа қатысты әртүрлі талап қойылатыны белгілі. Қыздардың ұқыпты жазуы жиі мақталса, ұлдардан көбіне жылдамдық, күш немесе басқа дағдыларына көбірек көңіл бөлінеді.
Тағы бір фактор – ұлдар арасында солақайлық жиірек кездеседі. Солақайлық кейде нашар қолжазумен байланыстырылады. Бірақ бұл да шешуші себеп емес, өйткені солақай адамдар да өте әдемі әрі анық жаза алады. Демек, негізгі мәселе жаттығу мен үйрету сапасына байланысты.Ең маңызды қорытынды мынадай. Ерлердің қолжазуы орта есеппен нашарлау болуы мүмкін, себебі қоғам бұл қабілетті ерлер үшін аса маңызды деп бағаламайды. Бірақ бұл барлық ерлер нашар, барлық әйелдер жақсы жазады деген сөз емес. Сондықтан қолжазу – туа біткен қабілет емес, дамытылатын дағды. Оған көңіл бөлінсе, кез келген адам анық әрі әдемі жазуды үйрене алады.
