Жиырмасыншы ғасырдағы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихи, саяси, демографиялық салдары біршама зерттелгенімен, оның қазақ психологиясына тигізген әсері әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда толыққанды зерделене қойған жоқ. Қолдан жасалған ашаршылықта миллиондаған адамның өмірін қиған, жүз мыңдаған жанды қуғынға салған, ГУЛАГ сияқты жазалау орталықтарын орнатқан тоталитарлық жүйе қазіргі қоғамға, ұлттық мінез-құлыққа, ұрпақаралық байланысқа қалай ықпал етті?
Нұргүл Молдабайқызы: Психология тілі мен тарих тілі әлі толық түйіскен жоқ
570
оқылды

Осы мәселе жайында «Клиникалық және әлеуметтік психология» бағдарламасының PhD докторанты, психикалық жарақаттардың салдарын зерттеуші және сот психологы, «Қазақтың жазылмаған психологиясы», Perzent, «Кеңес балаларының бітпеген жұты» кітаптарының авторы Нұргүл Молдабайқызымен әңгімелескен едік.

Сұхбат барысында спикер бұл тақырыпқа «ұлттық диагноз» ретінде қарау ғылыми тұрғыдан қате екенін, мәселені нақты тарихи деректер мен халықаралық ұжымдық жарақат теориялары (Дж. Александер, К.Эриксон, Я.Даниели, Я.Ассманн, Е.Черепанова және т.б.) аясында сақтықпен қарастыру қажет екенін алға тартады. Себебі маманның пікірінше, Қазақстанда бұл оқиғалардың психологиялық зардаптарын анық өлшейтін кең ауқымды зерттеулер жоқ, сондықтан сұхбатта айтылған пайымдарды болашақтағы іргелі еңбектерге жол ашатын қорытындылар деп қабылдаған дұрыс.

«Сұхбаттағы жауаптар тарих, әлеуметтік психология, психотравматология, ұжым­­дық жад және посткеңестік қоғамдар туралы академиялық еңбектерге сүйенеді; ал нақты ғылыми тұжырымдар түю келешектің еншісінде», – деп ескертеді ғалым.

– Нұргүл Молдабайқызы, ашаршылық пен қуғын-сүргінді біз көбінесе тарихи-саяси тұрғыдан бағалап үйренгенбіз. Ал қазақтың психологиялық портретінде бұл нәубеттер қандай із қалдыруы мүмкін? Ұлттық мінез-құлқымыздан осы оқиғалардың көрінісі байқала ма?

– Иә, ашаршылық пен қуғын-сүргін қа­зақтың психологиялық портретінде із қал­­­дырды деуге ғылыми негіз бар. Бірақ мұны «қазақ табиғатынан қорқақ» не «үн­демес халық» деген қарабайыр тұжырыммен емес, ұжымдық жарақат, ұжымдық жад, тарихи үнсіздік және бейімделу стратегия­ларының тілімен түсіндірген дұрысырақ. Ұжымдық жарақат теорияларына сәйкес, ірі апат қоғамның тек адам шығынын кө­бейтпейді; ол сол қоғамның өзін-өзі қалай түсінетінін, қауіпті қалай сезетінін, бола­шақ­ты қалай елестететінін өзгертеді. Ұжым­дық жара­қатты тек тарихтағы қорқы­нышты оқиға емес, қайта-қайта еске түсіп, ұжымдық жад­та үздіксіз қайта құрасты­ры­латын мән­дік дағдарыс деп ұғамыз. Ашар­шылықты бастан кешкендердің естеліктері «өлім» мен «шектен тыс сұмдық» бейнеле­рімен таңбаланғанын ескерсек, бұл – тек сандық шығын емес, бүкіл дүниені және мем­лекетпен қатынасты қауіпке толы ке­ңістік ретінде сезінуге итермелеген тәжі­ри­бе. Ал ашаршылық туралы шолулар мен геноцид тарихы жөніндегі еңбектер оның демо­графияны, отырықшылануды және мәдени ортаны түбегейлі өзгерткенін ай­тады. Мұндай ауқымдағы зорлық-зомбы­лықтан кейін сақтық, артық сөйлемеу, тә­уе­келден қашу, «алдымен аман қалу» логи­касы, ауырлықты ішке бүгу сияқты «үйреншікті дәрменсіздік» (Селигман тео­риясы) фено­мені басым мінез үлгілерінің қалыптасуы қисынды. Бұл ұлттық «ақау» емес; бұл – аман қалу психологиясы. 

Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі ұлттық мінезден кейбір көріністерді байқауға бо­лады, бірақ оларды біржақты биологиялық не «мәңгілік қасиет» деп түсінуге болмайды. Мұндай көріністердің қатарына: әлеуметтік қауіпсіздікке жоғары сезімталдық, отбасы ішіндегі төзімділікті артық бағалау, қиын­дық­ты жария қылмай «көтеріп кетуге» бейімділік, билікпен тікелей қатынастан гөрі жанама жол іздеу, бөтен адамға тез ашыл­мау, «жұрт не дейді?» деген сыртқы ба­қылауға сезімтал­дық­ты жатқызып, мәселені, ең алдымен, әлем­ді қауіп­сіздікпен өлшеу үрдісі приз­масында қарас­тыруға болады. Бірақ ғы­­лымда маңызды бір шектеу бар: мұның бәрін дәл қазір «қазақтың барлық тобына тән» деп өлшеп берген ұлттық психоло­гия­лық карта жоқ. Сон­дық­тан бұлар – нақты психологиялық ме­га­сауалнама нәтижесінен шыққан штамп емес, Қазақстандағы тарихи апат, кейінгі үнсіздік және посткеңестік қоғамдар туралы белгілі заңдылықтардың тоғысқан жерінен шыққан ықтимал қоры­тындылар. Бұған қоса қасірет тек әлсіздік емес, қарсы ресурстар да қал­дырады: олар­дың қатарында туыстық желі­лерге сүйену, өзара жәрдем, төзім, күйзелісте де тіршілікті жалғастыру қабілеті сияқты эмпатияға не­гіз­делген қасиеттерді айта аламыз. Ұжым­дық жарақат қазақтың пси­хологиялық пор­третіне тек қорқыныш емес, төзімділік пен тірі қалу этикасын да сіңірген болуы ықтимал. 

– Жиырмасыншы ғасырдағы жаппай ұжымдастыру, ашаршылық, саяси террор ке­зеңдері халықтың рухын жасытты ма, қалай ойлайсыз? Қазіргі қоғамда кездесетін биліктен қорқу, өз құқығын қорғай алмау се­кілді әлеу­меттік құбылыстарды осы ұжымдық жара­қаттың салдары деп қарастыруға бола ма?

– Иә, жиырмасыншы ғасырдағы ұжым­дастыру, ашаршылық және қуғын-сүргін халықтың рухын белгілі бір дәрежеде жа­сыт­ты деуге ғылыми негіз бар. Бірақ «рух то­лық сындырылды» деу дұрыс емес; дұ­рысы, бұл оқиғалар қоғамда дербестік пен қауіпсіздік сезімін әлсіретіп, бейімделудің репрессивті үлгілерін күшейтті деген жөн. Авторитарлық режимдер туралы психо­ло­гияда (Е.Черепанов) репрессияның негізгі функциясы азаматтарға қорқыныш сіңіріп, мінез-құлықты бақылау екенін көрсетеді. Автократия және тоталитарлық режимдер жаппай қолдауды екі жолмен ұстайды дейді: қорқыныш және легитимация (Нойндорф). Қорқыныш азаматтарды өзін-өзі цензура­лауға, тәуекелді барынша азайтуға, талапты ашық айтпауға итермелейді. Қазақстан кон­тексінде бұл тек теория емес. Ашар­­шылықта аман қалудың өзі мемлекетпен ­тіке­лей қатынастан қашуды талап етті; қуғын-сүргін кезеңінде артық сөз, «қате» та­ныс­тық, «қате» пікір өмірді құртуы мүм­кін болды. Шығыс Еуропадағы тарихи жарақат туралы кейбір еңбектерде (Меркер) сталиндік және постсталиндік қысымнан кейінгі қалдықтардың бірі ретінде «үйрен­шікті дәрменсіздік», азаматтық құнды­лықтардың, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сана сезімінің әлсіздігі сияқты құбылыстар талқыланады. Яғни биліктің алдында өзін дәрменсіз сезіну, қоғамдық іске араласуға селқостық және «өз күніңе қара» психологиясы репрессиядан кейін ұзақ сақталуы мүмкін. 

Сондықтан қазіргі қоғамда кездесетін биліктен қорқу, өз құқығын қорғай алмау сияқты құбылыстарды «ұжымдық жарақат­тың салдары» деп ішінара қарастыруға үш себеп бар. Біріншісі – тарихи деңгей: тарих­тағы зорлық азаматтың «билікке қарсы тұру қауіпті» деген базалық скриптін қалып­тастыруы мүмкін. Екіншісі – әлеуметтік қабат: бұл скрипт отбасында, мектепте, қызмет орнында, «бас аман болсын» дейтін кеңестік-посткеңестік күнделікті мәде­ниетте ұрпақтан-ұрпаққа көшуі мүмкін. Үшіншісі – институционалдық қабат: егер бүгін де азамат өзінің дауысы нәтиже бере­тініне толық сенбесе, өткен жарақат қайта жаңғырады. Демек, «құқығын қорғай ал­май­ды, өйткені тарихи жарақаттан әлі шық­паған» деу тым жеңіл. Дұрыс тұжырым мы­нау: тарихи жарақат адамның тәуекел шегін төмендетті, ал қазіргі құқықтық және саяси ортаның сапасы бұл мұраны не әлсі­ретеді, не күшейтеді. Сондықтан салдарды мойындау керек, бірақ халықты кінәлап, «біз сондай халықпыз» деуге болмайды.

– Адамдар қуғын-сүргін жылдары аман қалу үшін бір-бірін көрсету, домалақ арыз жазу сияқты түрлі қадамға барғаны белгілі. Бұл қоғамдағы өзара сенім деңгейіне қаншалықты әсер етті?

– Иә, аман қалу үшін бірін-бірі көрсету, домалақ арыз жазу, көрші мен әріптестен күдіктену тәрізді тәжірибелер қоғамдағы өзара сенім деңгейіне өте күшті соққы бер­ген. Мұндай әсерді жай «моральдық құлды­рау» деп емес, қорқынышқа негізделген әлеуметтік инженерия деп түсіну керек. Се­нім мен сенімсіздік туралы кейбір кеңес­тік еңбектерде 1930-1940 жылдардағы реп­рессиялардың жойқын күшін түсіндіретін шешуші фактордың бірі «жалпылама әлеу­меттік сенімсіздіктің оттай таралуы» бол­ғаны айтылады (Джеффри Алан Хоскинг). Онда сенім мен сенімсіздік дилеммасы көпшілік кеңес азаматтарының күнделікті басты мәселесіне айналғаны, бұл құбылыс кейінгі онжылдықтарда бәсеңдегенімен, кеңестік кеңістікте тұрақты із қалдырғаны атап өтіледі. Яғни жүйе тек адамдарды жазалап қана қойған жоқ; ол адамдардың бір-біріне сену қабілетін жүйелі түрде бұзды. Қазақстандағы репрессия туралы еңбектер де 1937-1938 жылдары үрей, сат­қын­дық, бірін-бірі айыптау, «ұлтшыл», «халық жауы» сияқты таңбалардың кең таралғанын көрсетеді. Осы тәжірибеде ең қауіптісі – зұлымдықтың тек мемлекеттен келмеуі. Ол көрші, әріптес, туыс, ауылдас ар­қылы да келуі мүмкін деген түсінік қа­лып­тасты. Мұндай қоғамда базалық әлеу­меттік қағида «адамға сен» емес, «абай бол» деген ұранға айналады. Сондықтан Қазақ­стандағы өзара сенімнің кейде әлсіз болуы, көлденең байланыстардың тез ыдырауы, ашық кооперациядан гөрі жабық таныстық шеңберіне сүйену, «артық ашылма» деген ұстанымның ұрпақтан-ұрпаққа ауысуы кездейсоқ емес. Тағы да нақтылаймын: бұл «қазақ бір-біріне сенбейді» деген абсолют пікір емес. Қазақ қоғамында туыстық жәр­дем, қонақжайлық, ағайынға сүйену сияқты мықты сенім аймақтары бар. Бірақ реп­рессиядан кейін сенім көбіне тар шеңберге шоғырланып, кең қоғамдық деңгейге аз тараған болуы мүмкін. Яғни репрессия өзара сенімді түгел жойып жіберген жоқ; ол оны туыстық пен жақындық аясында қа­л­дырып, бейтанысқа бағытталған қоғамдық сенімді әлсіретті. 

– Репрессия жылдары халқымыз бет­кеұстар зиялыларынан айырылды. Ұлттық басқару элитасындағы мұндай бос кеңістік қазақтың қоғамдық-саяси санасында қалай көрініс тапты?

– Репрессия жылдары ұлттық зия­лы­лардың, әсіресе Алаш қайраткерлерінің жойылуы қазақтың қоғамдық-саяси санасында өте ауыр вакуум тудыруы әбден мүмкін. Бұл вакуумның мәні тек «жақсы адамдардан айырылдық» дегенде емес. Мемлекет құру, құқық тілі, ұлттық білім, баспасөз, тарихи сана, саяси өкілдік және қоғамды қазіргі заманға өз тілінде түсіндіру қабілетіне де ықпалы болуы ықтимал. Алаш қозғалысын зерттеген еңбектер оның қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда, саяси автономия идеяларын дамытуда және білім, баспасөз арқылы қоғамды ұйыстыруда шешуші рөл атқарғанын көрсетеді. Егер осындай интеллектуалдық өзек жаппай атылып, айдалып, қорқытылып, қоғамдық кеңістіктен қуылса, оның орны тек кадр тапшылығынан емес, мағыналық тапшы­лықтан де білінеді. Қоғам өзін кім басқара алады, мемлекетті қалай қабылдау керек, ұлтқа қызмет етудің саяси тілі қандай болуға тиіс деген сұрақтарға өз ішінен толық жауап бере алмай қалады. Қазақ қоғамындағы бұл вакуум бірнеше түрде көрінуі мүмкін. Алдымен мемлекет пен халық арасындағы медиация үзілді. Зиялылар тек кітап жаза­тын адамдар емес, олар – қоғамға күрделі құбылыстарды түсіндіріп, халықтың эмо­циясын саяси тілге айналдырып, билікпен арадағы көпір бола алатын қабат. Келесі мәселе, ұлттық амбицияның өзі қауіпті нәрсе ретінде кодталды. Яғни «ерекше ойлау», «алға шығу», «ел үшін бөлек сөйлеу» құрмет емес, қауіп көзі деген тарихи сабақ қалды. Мұның ұзақмерзімді салдары ретінде конформизм, саяси лидерге сенімсіздік, «тым белсенді адамнан» күдіктену секілді эмоциялық реакциялар қалыптасуы мүмкін. Бізде бұл салдарды дәл өлшеген ұлттық психологиялық құралдар жоқ. 

– Тарихтағы қасап қырғындар елдегі ең мықты, ең белсенді, ең білімді қауымның ба­сын жұтады деген тұжырым бар. Ғылымда мұны «кері селекция» деп атап жатады. Осындай демографиялық соққыға ұшыраған ұлттың мінез-құлқында қандай да бір ақаулар бола ма?

– «Кері селекция» тұжырымы әлеумет­тік-психологиялық және мәдени іріктелу процесіне қатысты, «ұлттың мінезінде ақау пайда болады» деп оны биологиялық не моральдық тұрғыда түсіндіру қате. Ғылыми тұрғыдан дұрысы – жаппай зорлық белсен­ді, білімді, беделді, ұйымдастыра алатын, тә­уелсіз ойлайтын топтарды пропорцио­налды түрде көбірек құрбан етсе, қоғамның адам капиталы, үлгі ететін тұлғалары, тә­уекелге баратын қабаттары және әлеуметтік үйрету арналары әлсірейді деу. Жоғары білімі бар топтарға бағытталған құдалаулар ұрпақтар сабақтастығындағы дағды мен білім беруді үзуі мүмкін. Ашаршылықта қарттардың, дәстүр тасымалдаушыларының, мал шаруашылығы мен көшпелі экологияны білетіндердің, ал қуғын-сүргінде саяси және мәдени интеллигенцияның, дін иелерінің, оқығандардың жоғалуы ­– қоғамның сапа­лық құрылымына «тәуекел етпе, байқалма, тым білімді болып көрінбе, өзіңді қорғашта» деген жасырын әлеуметтік норманы енгізуі мүмкін. Бұл – «ақау» емес, ортаға бейімделу. Мұндай демографиялық соққы ұлттың мі­нез-құлқында «аномалия» емес, бірақ ұзақ институционалдық және әлеуметтік салдар қалдырады. Ол салдар тәуекелден қашу, фор­мализм, жоғары бастамаға сенбеу, бейресми таныстыққа арқа сүйеу, білім мен белсенді­ліктің қоғамдық беделін әлсірету түрінде көрінуі мүмкін. Бұған соғыс тудыр­ған ер адам­дар тапшылығы мен отбасы құрылымы­ның өзгеруі де қосылған. Соғыс салдарынан туындаған ерлер тапшылығы туралы Ресей бойынша зерттеу ер адамдар азайған ортада әйелдердің көбірек жұмыс істеуге, адами капиталға көбірек инвестиция салуға мәжбүр болғанын және мұндай гендерлік норма­лардың ұзақ сақталатынын көрсетті.

– Ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрген буынның бойындағы суықтық, қаталдық, эмоциясын сыртқа шығармау т.б. психоло­гиялық ерекшеліктер кейінгі ұрпаққа ауысуы мүмкін бе? Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желідегі агрессияның астарында сол кезден қалған жарақаттардың ізі жатыр деп айта аламыз ба?

– Иә, ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрген буынның суықтық, эмоциясын ішке жұту, қатаңдық, гиперсақтық сияқты ерек­шеліктері кейінгі ұрпаққа ауысуы мүмкін. Бұл – қа­зіргі психологияда жақсы зерттел­ген құбылыс, бірақ оны «генмен тура беріледі» деген қарабайыр түсінікпен шатастырмау керек. Тарихи травмалар туралы шолуларда ата-бабаның жа­рақаты кейінгі ұрпақта тікелей травма болмаса да, артық сергектік, стресс жү­йесінің жоғары дайындығы, психикалық симптомдар және қарым-қатынастағы қиын­дықтар түрінде байқалуы мүмкін екені айтылады. Шығыс Еуропадағы тарихи жа­рақат туралы зерттеулерде ста­линдік реп­рес­сия құрбандарының оқиға­лары ұзаққа созылған қорқыныш, түнгі үрей, қоғамдық оқшаулану және балаларын да қорқы­ныш­пен тәрбиелеу арқылы жалғасатыны көрсетіледі. Яғни жарақат отбасындағы бүкіл эмоциялық климат арқылы жұғысады. 

Эмоцияны сыртқа шығармау мен агрес­сия арасындағы байланыс та ғылыми әде­биетте бар. Мамандар өзін басу, яғни эмо­цияны қысып ұстау стресс реактивтілігінің жоғарылауымен байланысты екенін ай­тады. Демек, «жылама», «сыр берме», «іште сақта» деген мәдени кеңес қысқа мерзімде адамды жинақы етіп көрсеткенімен, ұзақ мерзімде өңделмеген ашу мен жан күйзелісін басқа арнамен шығаруы мүмкін. 

Ашаршылық пен қуғын-сүргінді бастан кешкен буын үшін ең басты міндет аман қалу еді. Мұндай жағдайда адамдар көбіне эмоциясын ашық білдіруден, әлсіздігін көрсетуден, қорқынышы мен қайғысын бөлісуден бас тартуға мәжбүр болды. Уақыт өте келе бұл тек жеке қорғаныс механизмі емес, тұтас отбасылық және мәдени нормаға айналды. Балалар ата-анасының айтқан сөзінен ғана емес, олардың үнсіздігінен, қорқынышынан, қарым-қатынас стилінен де үйренеді. Сондықтан эмоцияны іште ұстау, қаталдықты төзімділікпен шатастыру немесе қиындықты үнсіз көтеру сияқты мо­дельдер кейінгі ұрпақтарға берілуі мүмкін.

Бұл құбылысты кейбір ғалымдар «ішкі қысым» немесе «ішкі езгі» (internalized oppression) ұғымы арқылы түсіндіреді. Ұзақ уақыт бойы зорлық пен қорқыныш жағ­дайында өмір сүрген адамдар біртіндеп сол жүйенің ережелерін өздерінің ішкі дүние­сіне енгізіп алады. Олар күшті болу дегенді үстемдік ету, ал әлсіз болу дегенді бағыну ретінде қабылдай бастайды. Ролло Мэй адамның агрессиясы көбіне күштің артық­тығынан емес, керісінше, терең дәрмен­сіз­дік сезімінен туындайтынын айтқан. Егер адам немесе тұтас қауым ұзақ уақыт бойы өз тағдырына ықпал ете алмай, қорқыныш пен бақылау жағдайында өмір сүрсе, оның күш пен ықпалға деген табиғи қажеттілігі жойылып кетпейді. Бірақ ол қажеттілік кейде бұрмаланған түрде көрініс табады. Нәтижесінде, билікке немесе жүйеге қарсы бағыттала алмаған сезімдері мен бастан өт­керген қысымдары адамның отбасы ішін­дегі басқа әлсіз мүшелерге, әйелдерге, ба­лаларға немесе әлеуметтік тұрғыдан қорғансыз топтарға бағытталуы мүмкін.

Алайда «мұның бәрі ашаршылықтан» деу ғылыми деңгей емес. Қазақстан бойын­ша дәл осы екі құбылысты 1930-жылдардағы жарақатпен тікелей байланыстырып берген эмпирикалық зерттеу жоқ. Бірақ жоғарыда аталған жанама байланыс тетіктері бар.

Әлеуметтік желідегі агрессия да солай: мұнда платформалардың алгоритмдері, анонимдік, поляризация, әлеуметтік күйзе­ліс үлкен рөл ойнайды. Бірақ эмоцияны са­бырмен өңдеу мәдениеті әлсіз, сенім дең­гейі төмен, қорғаныс позициясы жоғары қоғамда онлайн кеңістіктегі ашу жылда­мырақ тұтанады. Яғни жарақаттың ұрпа­қа­ралық ауысуы ғылыми тұрғыда мүмкін және ықтимал; ал тұрмыстық зорлық-зомбылық пен онлайн агрессияны түсіндіруде ол – не­гізгі емес, бірақ елемеуге болмайтын терең фондық факторлардың бірі.

– Алаш арыстары атылып, мыңдаған ер-азамат лагерьлерге айдалғанда, одан кейінгі соғыс жылдарында тұрмыс тауқыметі белгілі дәрежеде әйелдердің мойнына артылды. Бұл жағдай қазақ отбасының дәстүрлі құрылымын қалай өзгертті?

– Алаш арыстары атылып, ер-азамат­тардың елеулі бөлігі лагерьлерге айдалып, кейін соғысқа кетіп не қаза болып, тұрмыс ауыртпалығының әйелдерге түсуі қазақ отба­сының дәстүрлі құрылымын едәуір өзгертті. Бірақ бұл өзгеріс бір мезгілде екі бағытта жүрді: практикада отбасы әйелге сүйенетін болды, ал символдық деңгейде еркек басшы деген әлеуметтік және мәдени норма толық жоғалып кеткен жоқ. Яғни сыртқы пішінде патриархалдық тіл сақталып, күнделікті өмірде әйелдердің нақты жауапкершілігі күрт өсті. Қазақстандағы гендер тарихына арнал­ған соңғы зерттеулер әйелдердің рөлі кеңестік кезеңде қатты өзгергенін, олар кеңестік білім мен еңбек жүйесіне тартыл­ғанын, бірақ бұл өзгеріс шынайы теңдікке емес, көбіне «қосарланған жүкке» әкелгенін көрсетеді.

Сондықтан қазақ отбасының ішінде бірнеше ұзақ өзгеріс жүргенін айтуға бо­лады. Біріншіден, аналар мен әжелердің сал­мағы артты. Көп отбасында бала тәр­биесінің, күнкөрістің, моральдық тіректің, үй ішіндегі шешімнің нақты ауыртпалығы әйелдерге түсті. Екіншіден, «әйел – үйдің ішкі адамы, еркек – сыртқы қорғаушы» деген дәстүрлі бөлініс бұзылды: әйел бір мезгілде асыраушы, ұйымдастырушы, тәрбиеші, жоқтаушы, күйеуін немесе әкесін күткен адам және тіршіліктің менеджері болды. Үшіншіден, әке образы кей жерде нақты қатысушыдан гөрі символға айналды: беделі бар, бірақ күнделікті қатысуы үзілісті немесе жоқ тұлға. Мұның бала психикасына әсері зор: отбасындағы ер рөлінің тапшы­лығы, қамқорлық пен қатаңдықтың әйел иы­ғына қосылып түсуі ұл балалардың ер­кектік модельді көбінесе соғыс, еңбек, үн­сіздік және «төз» деген бұйрық арқылы үй­ренуіне әкеп соғуы мүмкін. Төртіншіден, «әйел­дің төзімі» ұлттық-отбасылық құн­дылық ретінде шектен тыс мадақталды. Бұл бір жағынан әйелдердің өміршеңдігін танытады, екінші жағынан олардың күй­зелісін нормаландырып, кейінгі ұрпаққа «бәрін көтеру – қалыпты» деген қауіпті этиканы қалдырды. 

Бірақ мұнда да бір маңызды нюанс бар: кеңестік және одан кейінгі қоғамда еркек үстемдігі туралы символдық нормалар ұзақ сақталды, тіпті бүгінгі Қазақстанда да үй ішіндегі еңбек әйелге көбірек жүктелетіні көрініп отыр. Демек, тарихи зорлық қазақ отбасын «әйел шын мәнінде арқалайтын, бірақ еркек номиналды түрде басшы сана­латын» қайшылықты модельге жақын­­­датқан болуы мүмкін. Бұл модельдің ізі бүгінгі «қо­сарланған жүктен», әйелдің эмоционал­дық еңбегінің көрінбеуінен, әкенің рөлін бір мезгілде идеалдандырып та, күнделікті практикада әлсіретіп те жі­беруден байқа­лады. Яғни репрессия мен соғыс қазақ от­басының дәстүрлі құры­лы­мын шайқалтып, әйелді отбасының тірі қалу орталығына айналдырып, ал осы тәжірибе кейін қазақ қоғамындағы әйел­дің күшін де, артық жүктелуін де бірге қа­лып­тастырған болуы мүмкін. 

– Жантану ғылымында кез келген жа­рақатты жазу үшін алдымен оны мойындау керек дейді. Біз ұлт ретінде ашаршылық пен қуғын-сүргін трагедиясын психологиялық тұрғыдан қорыта алдық па?

– Біз ұлт ретінде ашаршылық пен қу­ғын-сүргін трагедиясын психологиялық тұрғыдан толық қорытып біттік деп айта алмаймыз. Дұрысы – институционалдық мойындау айтарлықтай күшейді, бірақ терең психоло­­гиялық өңдеу басталған жоқ. Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күні ресми түрде бекітілген, саяси қу­ғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған, миллиондаған архив құжаттары ашылған. Мұның бәрі маңызды. Бұл ұлттың өз тари­хын үнсіз тұншықтырмай, заңдық, саяси және ғылыми деңгейде мо­йындауға бет бұр­ғанын білдіреді. Қарапайым тілмен айт­сақ, «мұны айтуға болмайды» деген кеңестік тыйым аймағы едәуір тарылды. Бұл – айы­ғудың бірінші шарты. 

Бірақ психологиялық қорыту тек мә­ліметтерді көрсетіп, архив ашумен бітпейді. Себебі жараны жазу үшін тек «жаман заман болды» деу жеткіліксіз; не болды, кімде бол­ды, қалай болды, салдары қандай, ол бү­гінгі ұрпаққа қалай жетті деген нақты зерт­теулер қажет. Қазір ұйымдастырылған көп­теген шараның арқасында жад бар, алай­да толық интеграцияланған ұлттық пси­хологиялық рефлексия әлі қалыптасып болған жоқ.

Психологиялық қорыту неге толық емес? Біріншіден, отбасылық үнсіздік әлі күшті. Көп әулетте «атамыз атылды», «әже­міз босқындады», «үй іші аштан қырылды» деген факт бар, бірақ ол туралы жүйелі сөйлесу, қайғыны сөзге салу, баламен өңдеу мәдениеті әлсіз. Екіншіден, қайғы-қасірет көп жағдайда мақтанышпен, патриотизм­мен немесе құрбандылықпен ғана өңделеді, ал ашу, кінә, қорқыныш, ұят, сатқындық, аман қалушының жазығы сияқты күрделі эмо­ция­лар қоғамдық тілге аз шығады. Үшін­­шіден, психология тілі мен тарих тілі әлі то­лық түйіскен жоқ. Қазақстандағы зерттеу­лердің көпшілігі демография, архив, құ­қықтық ақтау, еске алу саясаты төңіре­гінде; ал «бұл жара отбасылық қарым-қа­­тынасқа, сенімге, тәнге, ұрпақтық эмоцияға не істеді?» деген сұрақтар енді ғана көтеріле бастады. Сондықтан біз мойындау жолына түстік, бірақ оны психологиялық тұрғыдан толық қорыттық деп айтуға әлі ерте.

– Жалғыз адам жан дүниесіндегі дертін жеке терапия арқылы емдей алады, ал бү­тіндей бір ұлт тарихи трагедия жарақатынан қалай арылуы керек? Бізге ұжымдық тера­пияның қандай тетіктері қажет?

– Бүтін бір ұлт тарихи трагедия жара­қа­тынан жеке терапия сияқты бір ғана тәсіл­мен арылмайды. Ұжымдық айығу үшін бір мезгілде жад саясаты, білім, қоғамдық әң­гіме, ритуал, өнер, зерттеу және психология­лық қызмет бірігіп жұмыс істеуі керек. Тарихи жарақат әдебиеті ең алдымен мойындау мен валидизацияның маңызын айтады: жарақатты заңды, шынайы және атауға тұрарлық құбылыс ретінде танымай, одан арылу қиын. Тарихи жарақаттың қазіргі денсаулық пен қоғамға әсері көбіне «қоғамдық нарратив» арқылы жүреді (Мо­хатт). Шығыс Еуропаға қатысты еңбектерде тарихи жарақаттан кейін тиімді емге апа­ратын жолдардың қатарында тарихи жадпен жұмыс, психоәлеуметтік сауықтыру тетік­тері және зардап шеккендердің мұрасына сезімталдықты күшейту кіретіні атап өтіледі (Меркер). Бір адамды емес, отбасы мен қауымдастықты қамтитын тәсіл керек. Демек, ұлттық айығу – «бәрі психологқа барсын» емес, «қоғам шындықпен қауіпсіз түрде сөйлесе алатын болсын» деген сөз.

Қазақстан үшін мұндай ұжымдық тера­пияның тетіктері қандай? Біріншісі – шындық инфрақұрылымы: архивтерді ашу, есімдерді қайтару, нақты тарихты цифр­ландыру, қуғындалғандар тізімін толықтыру. Бұл басталып кетті, бірақ жалғасуы керек. Екіншісі – тіл инфрақұрылымы: мектепте, университетте ашаршылық пен репрес­сия­ны тек демографиялық апат ретінде емес, пси­хологиялық және әлеуметтік жарақат ре­тінде түсіндіретін мазмұн керек. Үшінші­сі – отбасылық әңгіме мәдениеті: ауызша тарих жобалары, немере мен ата-әже диалогын жазып алу, «Біздің әулеттің тарихы» бағдар­ламалары, деректі под­каст­тар мен жергілікті музейлер. Төртіншісі – қоғамдық ритуалдар: еске алу күндерін тек саяси ұранға емес, нақты есімдерге айнал­дыру, үнсіздік минуты, куә­герлер хаты, ұрпақтың үндеуі, өнер туын­дылары арқылы эмо­циялық өңдеуге ұлас­тыру. Бесіншісі – кәсіби көмек: репрессия және тарихи жа­рақат тақырыбын білетін психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер да­йын­дау. Келесісі – әділет элементі: ресми еске алу құрбандарды құрметтеумен шек­тел­мей, қоғамға «мемлекет өз азаматтарына мұндайды енді жасамауы керек» деген этикалық сабақ берілуге тиіс. Тағы бір маңызды тетік – жарақатты тек құрбандық нарративінде ғана қалдырмау. Тарихи тера­пияның мақсаты халықты мәңгілік жылау күйінде ұстау емес. Кері­сінше, болған та­рихи жайттарға эмпатиялық куәліктер ету, түсіндірмелер жасау, солар арқылы мән табу және құндылықты қайта қалпына келтіру маңызды (Каминер). Сон­дықтан Қазақ­станға керегі – «бізге зұлымдық жасалды» деген жалғыз фраза емес, «біз не жоғалттық, не аман қалды, нені қайта жаңғыртуымыз керек?» дейтін жетілген, ересек ұлттық нар­ратив. Ұлттың айығуы архивтен басталып, әңгімемен жалғасып, мектепте бекіп, пси­хологиялық көмекпен тереңдеп, азаматтық институттармен қор­ғалуы керек. Сонда ғана тарихи жарақат ұлттық әлсіздік көзі емес, тарихи зерде мен моральдық иммунитет көзіне айналады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Еркебұлан НҰРЕКЕШ