«Волонтерлік және қайырымдылық азаматтық белсенділіктің нысандары ретінде және оның аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға әсері» атты зерттеу 2025 жылы 1 200 респонденттің қатысуымен жүргізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сілтеме жасап.
Қазақстанда қайырымдылық жасау мәдениеті қоғамда кең таралған азаматтық белсенділік нысандарының бірі болып отыр. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сәйкес, соңғы 12 айда қазақстандықтардың шамамен үштен екісі қайырымдылық көмек көрсеткен. Ал 28,8% респондент қайырымдылыққа қатыспаған.
Зерттеу деректері бойынша, қазақстандықтар көбіне нақты мұқтаж жандарға тікелей және іс жүзінде көмек көрсетуді жөн көреді. Ең жиі кездесетін қайырымдылық түрлері – мұқтаждарға қаржылай көмек беру (32,8%) және қажетті заттар, азық-түлік, тауарлар ұсыну (32,2%).
Сонымен қатар респонденттердің 17,3%-ы діни ұйымдар арқылы қайырымдылық жасаған. 14,1%-ы қайырымдылық ұйымдарына азық-түлік пен заттар берген, 10,3%-ы коммерциялық емес ұйымдарға қаржылай көмек көрсеткен. Ал 2,3% азамат қайырымдылық іс-шараларына қатысу үшін арнайы жарна төлеген.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың қайырымдылықта нақты адамдарға тікелей көмек көрсетуді көбірек таңдайтынын аңғартады.
Соңғы бес жылдағы үрдіске қарағанда, қазақстандықтар арасында қаржылай көмек көрсету, сондай-ақ діни және коммерциялық емес ұйымдарды (балалар үйлері, қарттар үйлері) қолдау жиілеген. Дегенмен қайырымдылықтың ең кең таралған түрі ретінде мұқтаж адамдарға тікелей көмек көрсету сақталып отыр.