Ақмола облысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза табуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Kazinform-ге сілтеме жасап.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғаның 26 мамыр күні Целиноград ауданында ұлттық көкпар ойынының жаттығуы кезінде болған.
– Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырушылардың және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады ведомство.
Целиноград ауданы әкімдігі қайғылы оқиғаның Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінің аумағында болғанын нақтылады.
– Жергілікті тұрғындар жеке бастамамен жаттығу ойындарын өткізген. Бұл ойындар ресми спорттық немесе бұқаралық іс-шара емес. Аудан әкімдігіне аталған ойындардың өткізілетіні туралы хабар берілмеген, сондай-ақ жергілікті атқарушы органға келісім алу жөнінде өтініштер мен сұраныстар түспеген, – деп түсіндірді әкімдік.
Кәмелетке толмаған жасөспірім ойын өтетін жерге туыстарымен бірге барып, келмей қалған қатысушылардың бірінің орнына ойнаған.
– Сондай-ақ аталған елді мекенде аудандық немесе облыстық мекемелердің балансында тұрған мемлекеттік көкпар секциялары жоқ. Іс-шара М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің меншігіндегі жер телімінде өткізілген. Жер телімінің жалға алушысы – жеке тұлға. Қазір уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті жәрдем көрсетіп жатыр, – деп хабарлады ведомство.