Ауқымды іс-шараға қаладағы сегіз мектептің оқушылары қатысып, өздерінің рух мықтылығын, тәртібі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
«Жас бүркіт»: Көкшетауда Ұлттық ұланның үздік жас патриоттары анықталды
166
оқылды

Көкшетау қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде «Жас бүркіт» сыныптары арасында әскери-патриоттық жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауқымды іс-шараға қаладағы сегіз мектептің оқушылары қатысып, өздерінің рух мықтылығын, тәртібі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.

Жарыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойында патриоттық рухты қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери қызметке құрмет сезімін тәрбиелеу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Қатысушылар саптық даярлық, дене шынықтыру, әскери эстафета және командалық тапсырмалар бойынша бақ сынасты. Әр кезең жоғары ұйымшылдықпен, командалық рухпен және үздік нәтиже көрсетуге деген ұмтылыспен өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

 І орын – №18 мектеп-лицейі;

ІІ орын – №2 мектеп-лицейі;

ІІІ орын – №13 көпсалалы мектеп-гимназиясы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 5510 әскери бөлім командирі атынан  дипломдармен  және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Іс-шара соңында оқушылар әскери бөлімнің күнделікті қызметтік-жауынгерлік тыныс-тіршілігімен танысып, казарма, асхана және спорт нысандарын аралады.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сананы қалыптастырып, олардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері  қатарында қызмет етуге деген қызығушылығын арттыра түседі.