Ішкі істер министрлігі жазғы демалыстың басталуына байланысты азаматтарға үндеу жасап, балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Демалыс кезінде кәмелетке толмағандарға қатысты оқиғалар саны едәуір артады. Бұл уақытта балалардың қараусыз қалуы, құқыққа қайшы жағдайларға тап болуы, жол-көлік оқиғасына ұшырауы немесе су айдындары мен тұрмыстық жағдайда зардап шегуі жиілейді.
«Цифрлық қауіпсіздік мәселесіне байланысты ата-аналарға да арнайы үндеу жасаймыз. Қазіргі таңда балалар уақыттарының басым бөлігін интернетте өткізеді. Сондықтан ата-аналар баласының қандай сайттарға кіретінін, әлеуметтік желіде кімдермен сөйлесетінін, буллингке, психологиялық қысымға немесе қауіпті контенттің ықпалына ұшырап жүрмегенін бақылауы қажет. Балаларды тәрбиелеу жауапкершілігі ата-аналардың мойнында екенін еске саламыз. Педагогтерді де демалыс кезінде отбасылармен байланысты үзбеуге, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға назар аударуға және алаңдатарлық белгілерге дер кезінде әрекет етуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
