Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт тарихы мен тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өткен.
– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттаған.
– Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол, – деп жазылған құттықтауда.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон аталған мерекенің елдер арасында достықты, тиімді ынтымақтастық пен түсіністікті нығайтудағы маңызына тоқталған.
– Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді, – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қастерлі мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жазған.
– Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ, – делінген жеделхатта.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бұл мереке дүние жүзіндегі барлық мұсылмандардың рухани бірлігі мен ынтымақтастығының нышаны саналатынын атап өткен.
– Ортақ ұлттық мәдени-рухани құндылықтар біріктіретін Әзербайжан және Қазақстан арасындағы қазіргі жоғары деңгейдегі одақтастық қатынастар – саяси ерік-жігеріміз бен бірлескен іс-әрекеттеріміздің нақты нәтижесі, – деп жазды.
Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады.
Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр, – делінген Ақорданың арнайы ақпаратында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
