Шымкент қаласында студент жастардың қатысуымен «BIR TOLQYNDA» жобасы аясында ауқымды кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еркін пікір алмасуға бағытталған алаңға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, қоғам белсенділері, депутаттар, медиа өкілдері мен жастар көшбасшылары қатысты.

Кездесуге «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позылов, актер әрі жайдарманшы Ерболат Заркумов, сондай-ақ медиа саласының өкілдері, жас көшбасшылар мен еріктілер қатысты.
Кездесуде Акерке Искандерова «BIR TOLQYNDA» алаңының жас буынның ойын ашық жеткізіп, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жастар ел дамуына ықпал ететін негізгі күштердің біріне айналып келеді.
«Бүгінде жастар тек тыңдаушы емес, қоғамдағы өзгерістердің белсенді қозғаушы күшіне айналып келеді. «BIR TOLQYNDA» - жастардың пікірін тыңдап қана қоймай, олардың бастамаларына қолдау көрсетуді көздейді. Біз жастар өз ойын еркін айтып, ұсыныстары ескерілетін ашық диалог алаңын қалыптастырғымыз келеді. Шымкенттегі кездесуде студенттердің белсенділігі мен қоғамға бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымын анық байқадық. Біз дәл осы жастармен алдағы уақытта да тығыз байланыс орнатып, жан-жақты жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді Ақерке Искандерова.

Кездесу кезінде спикерлер жастардың қазіргі қоғамдағы орны, жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымының маңызы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, жастар бастамаларын қолдау, жаңа идеяларды жүзеге асыру және мүмкіндіктер алаңын кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында актер әрі жайдарманшы Ерболат Заркумов жастарды үнемі ізденісте болып, уақытты тиімді пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, шығармашыл жастар ел дамуына үлес қосуға дайын болуы керек.

«Жастардың қоғамдағы белсенділігі өте маңызды. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі дамуға ұмтылуы керек. Бүгінгі кездесуде жастардың қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін байқадым. Өзім сияқты шығармашыл жастарды тек бір бағытта ғана емес, қоғамдық-саяси салада да белсенді болуға шақырамын. Осындай алаңдарда идея, ұсыныстарды жеткізіп, толғандырған мәселелерді көтеруді жолға қою керек деп санаймын», – деді Ерболат Заркумов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастар мен қоғам арасындағы ашық диалог мәдениетін қалыптастыруға, партия мен Жастар қанатының жобаларымен етене танысуға бағытталған. Бүгінде «BIR TOLQYNDA» жастардың пікірін тыңдап, олардың бастамаларына қолдау көрсететін тиімді коммуникациялық алаңдардың біріне айналып келеді.

Айта кетейік, іс-шараға Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орны мен 39 орта арнаулы оқу орнынан 500-ге жуық студент қатысты. Кездесу жастардың белсенді азаматтық көзқарасын қалыптастыруға және олардың қоғамдық бастамаларға қатысуын арттыруға мүмкіндік берді.
