Қарағанды қаласы 2028 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Жастар астанасы болып жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шешім ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданды. Аталған мәртебе Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтағы беделін және жастар саясатын дамытудағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жаңалықтың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
— «Бұл – Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе әрі өңіріміздің әлеуетіне көрсетілген зор сенім», – деді аймақ басшысы.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 303 мыңнан астам жас тұрады. Олар ғылым, білім, кәсіпкерлік, еріктілік және қоғамдық бастамалар саласында белсенділік танытып келеді.
— «ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ өңір басшысы халықаралық деңгейдегі жобаларды жоғары дәрежеде ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
— «Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаздық рухында», – деп түйіндеді ол.
