Қазақстан мен Қытай шекарасында достық дәнекеріне айналған ортақ шаһардың құрылғанына 20 жыл толды. Әңгіме, әрине, «Қорғас» ШЫХО туралы.
«Қорғасқа» 20 жыл: миллион турист, мың түйткіл
299
оқылды

Бұл – тек сауданың алтын көпірі ғана емес, қос мемлекеттің ынтымақтастығы мен серіктестігі, бейбіт те тату көршілігі, халықаралық беделі тұрғысынан стратегиялық маңызды, тарихи мега-жоба. Десек те, бүгінде ол қордаланған күрделі түйткілдердің құрсауында қалып, қоғам мен қалаулылар сынына ұшырады. Проблеманың ауқымдылығы сонша, оны ІІМ, ҰҚК, Қаржы министрлігіне жеке кеңесте талқылауға тура келген.

Сауданың алтын көпірі ме, сарсаңның қыл көпірі ме?

«Қорғас» шекара маңы ынтымақ­тастығының халықаралық орталығы – Қазақстан мен Қытайға төл өнімдерін бір-біріне тіке­лей, еш делдалсыз өткізуге, ал оның тұрғындарына визасыз кіріп, еркін сауда-саттық жасауға, ортақ туризмді дамытуға арналған біре­гей аймақ. Ол Жетісу облысы аума­ғында, Алматыдан шамамен 330 шақырым жерде орналасқан. Еске салсақ, «Қорғас» ШЫХО» АҚ бас­қару­шы компаниясы пандемияға байлан­ысты аумақты 3 жылға жауып, саяхат­шыларды қа­был­дауды тоқтатқан болатын. Осы жылдары бұрыннан қордаланған біраз проблеманы шешіп тастауы­на толық мүмкіндігі болды. 

Орталықтың өзі «дәл солай жасадық» деп отыр. Оның мәліметіне қарағанда, сол кезеңде орталықтың өткізу кеденінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп, келіп-кетушілерге қолайлы жағдайлар жасалды. «Қорғасқа» тек Қазақстанның түкпір-түк­пірінен  емес, сондай-ақ Ресей және ТМД-ның басқа елдерінен туристер ағылатыны белгілі. Сондықтан орталықтың қызметі барлық бағытта цифрлан­дыры­лыпты, осы арқылы келу­шілерді қабылдау және қызмет көрсету сапасының деңгейін арттыруға күш салды. ШЫХО аумағында автокөліктер кепте­лісіне жол бермеу үшін оны тастап кететін автоматтандырылған тұрақ, билет пен багаждың авто­маттанды­рылған жүйесі іске қосылған. Жолаушылар залында ана­мен бала бөлмесі, банк бөлім­шелері, дәріхана, дүкендер және басқасы ашылған. 

Әйткенмен, өркендеу әлеуетінің жо­ғарылығына қарамастан, «Қорғас» ШЫХО бірқатар өткір мәселеден бас көтере алар емес. Ең күрделі әрі түйткілді мәселелер қатарында сарапшылар келесіні атайды. Орталықты басқарудың әртүрлі бөлігі мен тетіктеріне жауапты құрылымдар арасын­дағы ведомствоаралық үйлесімнің әлсіздігі және өзара байланыстың нашарлығы, ШЫХО-дағы Қазақстан мен Қытай жа­ғы­ның инфрақұрылымдық дамуының тең емесі, яғни бір-біріне сай келмеуі, ло­гис­тикалық және көлік тораптарындағы кептеліс пен үлкен жүктеме, бұл аймақ ұсынатын зор мүмкіндіктер туралы кәсіп­керлердің ақпараттандырылу деңгейінің тым төмендігі және басқасы бар. 

Тіпті қарапайым инфра­құ­рылымға қатысты да кем­шін тұстар жетіп артылады екен. Мысалы, кәсіпкерлердің шағым­дану­ынша, Қазақстан тарапында сумен жаб­дықтау, жылу беру және кәріз жүйе­лерінде ақаулар туын­дап тұрады. Қытайлық бөлігі кәсіп­керлеріне, сауда орындарына мелдек­тей толып тұр, тауардың неше атасы та­­былады, ал қазақстандық бөлігі әлі де жете жүктелмеген: шетелдік қонақтар ізде­генін таппай жатады. Өз кезегінде бизнес өкілдері шектен тыс жоғары алым-салықтар мен негізсіз төлемдер жинала­тынына шағымданады. Мәселен, бизнестің жүк көлігінің орталыққа бір рет кіргені үшін бірнеше жүз мың теңге, ал жалға алушылардың жеңіл автокөлігінің рұқсат қағазы үшін айына ондаған мың теңге талап етілетін көрінеді.

Қарапайым жұрттың пікіріне назар аударсақ, негізгі көңіл толмастық бірін­ші­ден, ұзын-сонар кезекпен, өткізу қа­бі­ле­тінің төмендігімен (күніне 8-9 мыңдай адамды ғана өткізе алады), келушілер мен жүк көліктерінің ағынын ұйымдастыру­дың жете үйлестірілмеуімен, автотұрақ табудың күрделілігімен байланысты. Бұл орталықтың әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға, транзитке тежеу. 

Екіншіден, келушілер баж салығын­сыз әкете алатын тауар көлемін арттыруды (айына 25 келі тауар ғана тегін, бұл бір чемоданнан аспайды), багаж қабылдау жүйесін жаңғыртуды және жүктерді шатастыруды жоюды, қоғамдық тәртіпті күшейтуді (полицияны табу оңай емес көрінеді), кеденшілер штатын ұлғайтуды ұсынды. Сондай-ақ көрші жағының толыққанды жүктелуі аясында Қазақстан бөлігінің кейбір қанаттарының қаңырап бос жатқаны көңілге қаяу түсіреді екен. 

Өркендеу жолында өткелдер ашық па?

«Қорғастың» ҚХР-ға «тәуелділігі» жұртшылықтың алаңдаушылығын туғы­за­ды: 2026 жыл басында қытай «Жаңа жыл­ын» тойлағанда, қазақстандық бөлік те екі аптаға жабылуға мәжбүр болыпты. Сонда ШЫХО бизнес пен туристерге орталықтың 16 ақпаннан 1 наурыз аралы­ғында жабық болатынын ескерткен-тін. Ковид кезінде де негізінен көршінің та­ла­бымен есігіне қара құлып ілген екен. 

Қарша бораған сынға жауап берген Жетісу әкімдігі орталықтың жетістіктеріне екпін түсірді. Оның дерегінше, панде­миядан кейін қайта ашылғалы, 4 жылда келуші саны 967 мыңнан 1,8 миллионға дейін өсті.

– Кейінгі жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында цифрландыру, автомат­тандыру, инфрақұрылымды жаңғырту бойынша іс-шаралар кешені іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде ол туризмді, сауданы және инвестицияларды дамытуға бағытталған, заманауи инфрақұрылымы бар тиімді алаңға айналды, – деді Жетісу облысының әкімдігі.

«Қорғас» ШЫХО басқарма төраға­сының орынбасары Сейілбек Садырбектің айтуынша, мұнда барлық басқару және өткізу процесі толықтай цифрландырылып, Face ID жүйесі енгізілген.

– «Қорғас» ШЫХО бас ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Кіруден бастап тауарды беруге дейінгі барлық процесс толықтай цифрлық форматқа көшірілді. QR-код арқылы онлайн-билеттер сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Соның арқа­сында орталықтың өткізу қабілеті айтар­лықтай артты. Мысалы, 2024 жылмен салыс­тырғанда былтыр келушілер саны 16%-ға өсті. Егер бұрын біз күніне 4-5 мың адамды ғана қабылдасақ, қазір 9 мыңға дейін адамға қызмет көрсете ала­мыз. Биыл бұдан да көп турист күтіледі, – деп атап өтті С.Садырбек.

Бұдан бөлек, екінші жүк терминалы және «Қаз­пош­та» АҚ компаниясының жүк тасымалдау сер­висі іске қосылды. Осының арқа­сында тауарларды тасымалдау елеулі жеңілдеді: бұрын бұған 4-5 сағат кетсе, ци­фр­ландырудан кейін 1-1,5 сағатқа дейін қысқар­ыпты.

«Қорғас» мәселесін көтеріп жүрген сенатор Сүйіндік Алдашев кейбір мәселе әлі де қалғанын ескертті. Жол инфрақұрылымы­ның белгілі бір бөлігі дайын бола тұра, ШЫХО мен Қорғас ауыл­ындағы ескі кеден бекетінің әлеу­еті толық пайда­ланылмай тұр. Бұл көлік ағындарының тиім­ді­лігіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ «Қорғас» орталығының қытай бөлігі әкімшілік тұрғыда Шың­жаң-Ұйғыр автономды ауданы­ның Іле-қазақ автономды округі­не бағынып, соның құрамына кіре­­тіні мәлім. 

Содан Қытайдың шекаралас аумағын­да, Қорғастың қытай бөлі­гінде жүрген Қазақстан аза­мат­тары тосын не жазатайым жағдайға тап болса, мысалы, жол апатына ұшыраса, аптаптан жү­регі тоқтап қалса, жедел консул­дық көмекке қол жеткізе алмайды. Қытай заңнамасына сәйкес, қайтыс болған қазақстандықтың мәйіті өңірдің әкімшілік орта­лығы – 700 шақырым жердегі Үрімші қаласына жеткізіліп, сол жерден Қазақстанның консул­дығында тиісті құжаттарды рәсім­деу талап етіледі. Мар­құмның туыстары көп қаржысын және уақытын шығындауға мәжбүр.

– Екі ел өзара визасыз режим енгіз­генімен, жеңіл автокө­лік­тердің кіру тәрті­бінде тепе-теңдік жоқ. ҚХР азаматтары Қа­зақ­станға машинасымен еркін кіреді, ал Қытай қазақстандықтардан авто­көлік құнының 40% мөлшер­ін­де сақтандыру депозитін енгі­зуді және медсақтандыруды рә­сім­деуді талап етеді. Қытай кө­­лі­к­теріне Қазақстан мұндай та­лап­тар қоймайды, соның салда­рынан олардың елімізде іс жүзінде бақылаусыз жүруіне жол беріліп жатыр, – деді Сенат депутаты С.Алдашев. 

Жүйені жаңғыртуға қажеттілік бар

Жуырда бір топ сенатор Үкіметтен біріншіден, Қорғастың қытай бөлігінде Қа­зақстан консулдығының арнайы бөлім­ше­сін ашуды сұраған еді. Екіншіден, депутаттар Қазақ­станның екі ел арасында кіріп-шығатын автокөліктерге қойы­латын талаптар­дың тең болуына табандауы керегін атап өтті. Үшіншіден, Қа­зақстан үкімет­аралық деңгейде біздің азамат­тарға шекараны жүк көлігімен де, жаяу да еркін кесіп өту құқығын әперу мәселесін пы­сықтап, ҚХР-дың «жүксіз шық­пау» талабының жойылуына қол жеткізгені жөн. Алайда бұл депут­аттық бастама­ларды Үкіметтің қа­былдаудан бас тартқаны енді анықталды. Ол тура­лы Премьер-министр О.Бектеновтің Сенатқа хатында айт­ылған.  

– Қазір Бейжіңде орналасқан Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімі Шынжаң-Ұйғыр авто­но­миялық ауданы аумағындағы Хоргоста азаматтарымызға қатыс­ты туындайтын мәселелер бойын­ша тұрақты және жедел түрде кон­сулдық-құқықтық көмек көр­сетіп келеді. Бұл бағытта қажетті қолдау шараларының толық көлемде қамтамасыз етілуіне орай ҚХР-дың Хоргос қаласында жеке консулдық бөлімше ашуды орын­сыз деп санаймыз. Бұған қоса, ҚР мен ҚХР арасындағы қолдан­ыстағы тетіктер қазақстандық­тардың құқ­ықтары мен мүдделерін жеткілікті деңгейде тиімді қорғау­ға мүмкіндік бере­тінін атап өте­міз, – деп дәйектеді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов елге уақытша кіретін шетелдік көлік иелеріне қатысты сақ­тандыру депозиттерін не өзге де қосым­ша қаржылық кепілдіктерді енгізу туралы та­лаптар Қазақстан заңнамасында көз­делмегенін еске салды. Ал Қы­тайда бұл заңмен бекітілген екен. Қазақстан одан «заңыңды өзгерт!» деп қолқалай алмайды. 

Оның орнына қытайлық кө­лік­терден де депозит талап етуге болар еді, бірақ Үкімет оған бар­майды. Тек ҚХР азамат­тарына тегін медициналық қыз­мет көр­сету орнына міндетті сақ­танды­руды енгізу қарасты­рылуы мүм­кін. Бүгінде Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі Ұлт­тық банкпен бірлесіп Сақтан­дыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, сондай-ақ «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заңының жобасын әзірлеп жатыр. Премьер-министр осы жұмыс шеңберінде ҚР аума­ғына келетін шет­елдік туристер үшін міндетті медици­налық сақ­тандыруды талап ету мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді. 

2005 жылғы 4 шілдедегі «ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасын­дағы «Қорғас» ШЫХО-ның қыз­метін реттеу туралы келісімге» өз­герістер пен толықтырулар енгізу жұмысы қолға алынды. Тиісті хат­тама жобасы Қытайдың қарауына жіберілді. Түзетулер жоба­сында Қазақстан «Қорғас» орталығын тәулік бойы жұмыс істеуге көшіруді, өткізу пунктін ашуды, «Қорғас» ШЫХО-ның екі жағынан да азаматтардың өтуін қам­тамасыз ету бөлігінде түзету­лер енгізуді ұсынып отыр.

Айхан ШӘРІП