Астанада шаурма жарнамасы үшін ұйымдастырылған пранк сотқа дейін жетті. Жалған «суға бату» көрінісін қойған екі тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға Есіл өзеніндегі Гребной канал аумағында болған. Видеода қыз полицейден суға батып бара жатқан жігітті құтқаруды сұрайды. Тәртіп сақшысы еш ойланбастан суға секіріп, көмек көрсетуге әрекеттенген.
Бірақ кейін бұл жағдайдың барлығы шаурма жарнамасы үшін әдейі ұйымдастырылған қойылым екені белгілі болды. Полиция департаментінің мәліметінше, қызметкер сол сәтте жұмысқа бара жатқан және көмек сұраған азаматтарға бірден әрекет еткен.
Кейін пранк қатысушылары полицейге дәмхана сертификатын сыйлаған. Соған қарамастан олардың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде бағаланған. Сот шешімімен пранк ұйымдастырушыларының біріне 15 тәулік, екіншісіне 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
