Әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарын саралайтын QS World University Rankings-тің биылғы рейтингінде 317-орынға ие болған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізі қаланғанына 30 жыл толып отыр.
Мерейлі меже
357
оқылды

Іргелі білім ордасы осы уақыт ішінде  халықаралық академиялық кеңістікте де беделі биік, болашаққа бағыт сілтеген іргелі университет ретінде танылып келеді. Кеше университеттің мерейлі жылына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

Мерейтойлық бағдарлама ая­сын­да Лу Бань шеберханасының халықаралық орталығы ашылып, мемлекеттік және қоғам қайрат­керлері, шетелдік серіктестер, ға­лым­дар мен түлектер қатысқан Ғылыми кеңестің салтанатты оты­рысы ұйымдастырылды. Сту­денттерді, оқытушыларды және университет қонақтарын бірік­тірген мәдени-көпшілік шаралар жиынның шырайын кіргізді. 

ЕҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов жи­налған қауымды Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық ме­рей­­тойымен құттықтап, оқу орда­сының осы жылдар ішінде білім мен ғылымның беделді орта­лығына айналғанын атап өтті. Рек­тор университет қабырғасында аянбай еңбек етіп, елдің зияткер­лік әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген ғалымдар мен оқытушы­лардың еңбегіне ерекше тоқталды.

– Қазір білім ордасы ұлттық рух пен іргелі ғылымның негізгі ошағына айналды. Осылардың ішін­де ғалымдар мен қоғам қай­раткерлері үлесі көп. Олар еліміз­де ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, университет пен ел абыройын асқақтатып жүр. Бүгінгі заман талабына сай жаңар­ған университетімізде білім беру инновациялық бағдарлама­лары белсенді енгізілуде. Нәтиже­сінде, ғалымдарымыздың іргелі зерттеу­лері нарықтық сектормен тығыз байланыс орнатып, өнді­ріске ен­гізіле бастады. Универ­ситетіміздің басты байлығы ол – универ­ситетіміздің ұжымы. Білім орда­сының іргетасын қалап, бүгінгі биікке жетуімізге өлшеусіз үлесін қосқан ардагер ұстаздары­мызға алғысымыз шексіз. Уни­верситет дамуына күн сайын үлес қосып жүрген профессор-ұстаздарға, қыз­меткерлерге, студенттер мен жас ғалымдарға шынайы ықы­ласымды білдіремін, – деді Е.Сыдықов. 

Келелі жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, одан бөлек Ресей, Беларусь және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының құт­тықтау хаттары оқылып, мерейтой мәнін айшықтай түсті. Сонымен қатар университет ұжымын Пар­ламент Сенаты мен Мәжіліс төра­ғалары, дипломатиялық корпус өкіл­дері, шетелдік серіктестер, белгілі ғалымдар мен қоғам қай­раткерлері, жоғары оқу орын­дары­ның ректорлары және әр жылдары қанат қаққан ЕҰУ тү­лек­тері жүрекжарды лебіздерін арнап, білім ордасының ел дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді. 

 – Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 30 жылдық тарихы бар ЕҰУ бүгінде заман сұранысына жауап бере ала­тын, біліктілігі мен білімі, тә­жірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Ұлттық университет ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер университет ұжы­мы­ның табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын, – деді ЕҰУ түлегі, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бүгінде Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті – Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Білім ошағында 27 мыңнан астам сту­дент білім алып, олардың сапалы білім мен терең ғылымға бет бұруына үш мыңға жуық оқытушы мен қызметкер қажырлы еңбек етіп келеді. Университет 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңей­туге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, ин­женерия, ядролық физика, биотехнология секілді болашақтың бағыттарын дамытуға басымдық беруде. Мұнда сту­дент жастардың ұлт­тық мәдениеті мен рухани-адам­гер­шілік тәрбиесіне, эстетика­лық тал­ғамы мен отан­сүй­гіштік ру­хының қа­лып­­­тасуына айрықша көңіл бөлінетінін айта кеткеніміз жөн болар. Өйт­кені ЕҰУ-да түрлі ба­ғыт­­тағы 60-тан астам сту­денттік ұйым мен қызы­ғу­шылық клубтары жұмыс істейді. Әдеби бірлестіктер мен пікір­сайыс қозғалыстары, шахмат, эко­логиялық және спорт клуб­тары – бәрі-бәрі жастардың жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл ортада әр студент өз қабілетін шыңдап, өзін жаңа қырынан тануға мүмкіндік алады. Бірі сахнада ән шырқап, бірі мың бұралған бимен көрерменді тәнті етсе, енді бірі дебат мінберінде ой жарыстырып, актерлік шеберлігін паш етеді. Нақтырақ айтсақ, «Шаңырақ» студенттік театры, SAMURYQ би мектебі, E-STUDIO вокалистері мен «Дала сазы» оркестрі халықаралық байқау­ларда талай мәрте топ жарып, Еуразия ұлттық университетінің мерейін асқақтатты. 

Мерекелік жиынның негізі болған Ғылыми кеңестің сал­танат­ты бөлігі Лу Бань шеберхана­сының лентасын қию рәсіміне Ғылым және жоғары білім минис­трі Саясат Нұрбек, ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыды­қов және ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь қатысты. Бұл орта­лық – болашақтың білікті инженерлері мен техник маман­дарын тәрбиелеуге бағытталған, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім мен технология көпіріне айналған бірегей жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасы ая­сында жүзеге асып жатқан бұл бас­тама заманауи өндіріс пен ин­новациялық оқытуды ұштас­тырып, жас мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді. Жоба Тяньцзинь кәсіптік инсти­тутымен бірлесе жүзеге асыры­лып, техникалық және IT-білім берудің жаңа тынысын ашуға бағытталған. Бастаманың басты мақсаты – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде сұранысқа ие болатын заманауи мамандарды даярлау. Бұл орталық тек білім беру алаңы ғана емес, халықаралық тәжірибе мен озық технология тоғысқан инновациялық кеңістікке айна­лып отыр. Мұнда студенттер тео­риялық білімді тәжірибемен ұштас­тырып, жаһандық еңбек нарығына бейімделген кәсіби дағ­ды­ларды меңгеруге мүмкіндік ала­ды.  Шеберхананы аралау ба­рысында қонақтар болашақ тех­нологиясының тынысын сезін­гендей әсер алды. Оларға ав­­то­­­маттандырылған өндірістік же­­лі­­лер, жоғары өнімді есептеу­лер, ұшқышсыз жүйелер, ма­шиналық көру мен робототехника зертханалары таныстырылып, цифрлық дәуірдің жаңа мүмкін­діктері паш етілді. Әсіресе Л.Н. Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен жас IT-мамандары ұсынған жобалар көпшіліктің қызығу­шылығын оятты.

Жас зерттеушілер үлкен тілдік модельдерге негізделген білім плат­формасын, көру қабілеті на­шар жандарға арналған интеллек­туалды навигациялық жүйені, бейнені зерделеп, талдай алатын ақылды технологияларды, сон­дай-ақ Industrial AI бағытындағы тың әзірлемелерін таныстырды. Бұл жобалар жастардың жаңашыл ойы мен ғылымға деген құштар­лығын айқын көрсетіп, универ­ситеттің инновация мен техно­логияның тоғысқан ортасына айналғанын аңғартты.

Мерейтойлық бағдарламаның жалғасы театрландырылған про­логпен, бейнепрезентациямен және мерекелік флешмобпен аяқ­талды. Сонымен қатар қатысу­шылар үшін палау фестивалі, мерекелік концерт, ұлттық ойын­дар, көрме және интерактивті алаңдар және ЕҰУ түлектерінің кездесуі өткізілді. Олардың қата­рын қазақстандық өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары, спорттық белсенділіктер мен уни­вер­ситеттің көпұлтты мәдениетін және студенттік рухын бейне­лейтін мерекелік іс-шаралар то­лықтырды. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ