Тәуелсіз Қазақстан тарихында білім мен ғылым ел дамуының басты тіректерінің біріне айналды. Осы бағытта ұлттық интеллектуалдық әлеуетті қалыптастыруға зор үлес қосқан іргелі оқу орындарының бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Биыл білім ордасы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – тек университеттің емес, тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы үлкен жетістігінің айқын көрінісі.
Интеллектуалдық әлеуетті қалыптастырған университет
472
оқылды

Еуразия ұлттық университеті 1996 жылы ел тәуелсіздігінің алғашқы жыл­дарындағы тарихи өзгерістер кезеңінде құрылды. Бұл уақытта жаңа астана бой көтеріп, жас мемлекет жаңа даму жолына қадам басып жатқан еді. Осындай жауапты кезеңде халықаралық талаптарға сай, ұлттық құндылық пен заманауи ғылымды ұштастыратын жаңа буын универ­ситет қажет болды. ЕҰУ дәл осы та­рихи сұраныстың нәтижесінде дүние­ге келді.

Университет алғашқы күннен бас­тап елдің ғылыми-интеллектуалдық ортасына айналуды мақсат етті. Мұн­да Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары шақырылып, қуат­ты академиялық орта қалып­тасты. Жаңа мамандықтар ашылып, білім беру жүйесіне заманауи техно­логиялар енгізілді. Қысқа уақыт іш­ін­де оқу орны елордадағы ғана емес, республикадағы жетекші ғылы­ми-білім беру орталықтарының біріне айналды.

ЕҰУ-дың дамуы Астана қала­сының өркендеуімен қатар жүрді. Жаңа оқу корпустары бой көтеріп, ғылыми зертханалар, инновациялық орталықтар, электронды кітапханалар мен заманауи студенттік кампустар ашылды. Бүгінде университет тек білім беретін мекеме  емес, ғылым, технология және жастар бастамалары тоғысқан үлкен академиялық кеңіс­тікке айналды.

Университеттің басты ерекше­лігінің бірі – еуразиялық идеяны дамытудағы рөлі. ЕҰУ Шығыс пен Батыстың ғылыми-мәдени дәстүр­лерін ұштастырып, халықаралық ака­демиялық орта қалыптастырды. Мұнда әлемнің түрлі елінен келген студенттер мен ғалымдар білім алып, тәжірибе алмасуда. Бұл өз кезегінде университеттің халықаралық беделін арттырып, шетелдік серіктестікті нығайтуға жол ашты. Қазір ЕҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орын­дарымен тығыз байланыс орнатқан. Университетте қос дипломды білім беру бағдарламалары мен академия­лық ұтқырлық жүйесі табысты жүзеге асырылып келеді. Студенттер мен оқытушылар шетелдік универси­теттерде білім алып, ғылыми тәжірибе жинақтауда. Бұл – қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейге көтерілуінің нақты көрінісі.

Бүгінде Еуразия ұлттық универ­ситеті мыңдаған жасқа сапалы білім мен кәсіби бағыт-бағдар беріп отыр­ған іргелі оқу орнына айналды. Уни­верситет қабырғасында тәрбиеленген түлектер мемлекеттік қызметте, ғы­лымда, білім саласында, халық­аралық ұйымдар мен ірі компанияларда еңбек етіп жүр. Олар елдің дамуына үлес қосып, тәуелсіз Қазақстанның интел­лектуалдық әлеуетін нығайтуға қызмет етуде.

30 жыл ішінде ЕҰУ  оқу орны ретінде ғана емес, елдің ғылыми, мә­дени және рухани өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл мерейтой – университеттің өткен жолын саралап қана қоймай, болашаққа жаңа мақсат­тармен қадам басуының белгісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде үнемі атап келеді. Бұл ұстаным Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметімен толық үндеседі. Бүгінде университет заман талабына сай ма­ман­дар даярлап, ғылым мен иннова­цияны ұштастырған заманауи білім ордасына айналып отыр.

Қазір ЕҰУ-де жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрлық техно­ло­гиялар, энергетика инженериясы, биотехнология және халықаралық журналистика бағыттары бойынша жаңа буын мамандары даярлануда. Университет еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп, сұранысқа ие жаңа білім беру бағдарламаларын енгізді. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект», «Криптология», «Бизнес IT», «Цифрлық медиа менеджменті», «Аэроғарыштық инженерия», «Биотех­нология және биомедицина» секілді мамандықтардың ашылуы – уақыт талабынан туған маңызды шешімдердің бірі.

Сонымен қатар университетте кәсіпкерлік пен басқару саласына да ерекше көңіл бөлінуде. «Кәсіпкерлік және бизнес экономикасы» бағдар­ламасы жастардың заманауи эконо­микалық ойлауын қалыптастырып, инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған. Ал «Сот-прокурорлық және тергеу-криминалистикалық қызмет» бағдарламасы құқық сала­сындағы кәсіби кадрлардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл баста­малардың барлығы ЕҰУ-дың халық­аралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті әрі болашаққа бағытталған жоғары оқу орны ретіндегі беделін айқындай түседі.

Бүгінде университетте бакалавриат, магистратура, докторантура, сондай-ақ MBA, EMBA және DBA бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Білім беру жүйесінде теория мен тәжірибенің сабақтастығына айрықша мән берілген. Студенттер жобалық оқыту, зертха­налық жұмыстар, кейс-талдау әдістері мен цифрлық платформалар арқылы кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бұл тәсіл білім сапасын халықаралық талаптарға сай жетілдіріп, студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.

Қазіргі ЕҰУ дәстүрлі маман­дық­тармен ғана шектелмейді. Университет ғылым, технология, цифрландыру және басқару салаларын қамтитын көп­са­лалы білім беру экожүйесін қа­лып­тас­тырып келеді. Бұл оқу орнының жаңа дәуірдегі интеллектуалдық орталық ретіндегі рөлін күшейте түсуде.

Елімізде жүзеге асқан конститу­ция­лық реформалар да білім мен ғы­лым саласының маңызын арттырды. Қ­а­зақстан Республикасының Консти­ту­циясында әр азаматтың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар мемлекет адамның зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасауға міндетті. Осы өзгерістерден кейін адам капиталы, сапалы білім мен ғы­лым мемлекеттік саясаттың стра­тегиялық бағыты ретінде айқындала түсті.

Бұл бағыт университет қызметінен де анық байқалады. ЕҰУ білім сапасын арттырумен қатар, ұлттық құнды­лық­тарды дәріптеуге де ерекше назар аударып келеді. Университет қабыр­ғасында жастардың азаматтық ұстаны­мын қалыптастыруға арналған мәдени, қоғамдық және рухани жобалар тұрақ­ты түрде ұйымдастырылады. Мұнда сту­денттердің тек кәсіби емес, тұлғалық дамуына да басымдық беріледі.

ЕҰУ студенттік өмірімен де ерек­шеленеді. Университетте жастардың шығармашылық, ғылыми, спорттық және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік жасалған. Дебат клубтары, жастар ұйымдары, ері­ктілер қозғалысы мен ғылыми қауымдастықтар студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етуде. Уни­верситет жастары халықаралық олим­пиадаларда, ғылыми байқауларда және стартап жобаларында жоғары нәтиже­лер көрсетіп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі» де­ген сөзі бүгінгі ЕҰУ миссиясының маз­мұнын терең аша түседі. Өйткені университеттің негізгі мақсаты – тек кәсіби маман даярлау  емес, ел бола­шағына жауапкершілікпен қарайтын, рухани бай, білімді әрі отаншыл азамат тәрбиелеу.

Еуразия ұлттық университетінің басты артықшылықтарының бірі – оның қуатты ғылыми мектебі мен бі­лікті профессорлық-оқытушылық құрамы. Бүгінде университетте ака­демиктер, ғылым докторлары, профес­сорлар мен жас зерттеушілерден құрал­ған үлкен ғылыми орта қалыптасқан. Олар отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, халық­аралық ғылыми кеңістікте Қазақстан­ның беделін арттыруға да қызмет етіп келеді.

30 жыл ішінде ЕҰУ тәуелсіз Қазақ­станның білім мен ғылым саласындағы маңызды жетістіктерінің біріне айнал­ды. Университет бүгінде тек жоғары оқу орны ғана емес, жаңа идеялар мен инновациялар тоғысқан, елдің интел­лектуалдық болашағын қалыптасты­ратын ірі академиялық орталық ретінде танылып отыр.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті бүгінде тек білім беру мекемесі  емес, ірі ғылыми-зерттеу және инновациялық орталық ретінде де танылып отыр. Университет ға­лымдары гуманитарлық ғылымдардан бастап инженерия, ақпараттық техно­логиялар, энергетика, экология және биотехнология салаларына дейінгі кең ауқымда іргелі зерттеулер жүргізуде. Әсіресе, соңғы жылдары жасанды интеллект, цифрлық жүйелер, робото­техника, ядролық физика және ғарыш­тық зерттеулер бағытындағы жобалар университет ғылымының жаңа деңгей­ге көтерілгенін көрсетеді.

Сонымен бірге ЕҰУ ғалымдарының ғылыми еңбектері халықаралық рей­тингтік журналдарда жарияланып, әлемдік ғылыми қауымдастық тара­пынан жоғары бағалануда. Бұл уни­верситеттің ғылыми әлеуетінің артып, халықаралық академиялық кеңістіктегі беделінің нығая түскенін аңғартады. Университет базасында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттары мен арнайы орталықтар жас ғалымдардың тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкін­дік беріп отыр. Сонымен қатар бұл орталықтар ғылым мен өндіріс арасын­дағы байланысты күшейтіп, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізуге жол ашуда.

Университетте студенттердің ғы­лым­ға ерте араласуына ерекше мән беріледі. Жастар ғылыми жобаларға қатысып, инновациялық стартаптар әзірлеп, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жоғары нәти­желер көрсетіп келеді. Бұл – ЕҰУ-дың тек теориялық білім берумен шек­тел­мей, зерттеуші әрі креативті маман­дар даярлауға басымдық беретінінің айқын дәлелі.

Білім беру бағдарламаларының тағы бір маңызды ерекшелігі – теория мен тәжірибенің өзара сабақтастығы. Университетте дәстүрлі дәріс беру жүйе­сі заманауи тәсілдермен ұштасқан. Жобалық оқыту, практикалық зертха­налар, кейс-талдау әдістері және цифр­лық платформалар оқу үдерісіне кеңі­нен енгізілген. Студенттер оқу бары­­сында нақты ғылыми жобаларға қаты­сып, өндірістік тәжірибе арқылы кә­сіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ЕҰУ әлемнің 56 жетекші жоғары оқу орнымен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарла­маларын жүзеге асырып келеді. Бұл студенттерге халықаралық деңгейдегі білім алып, шетелдік тәжірибе жинақ­тауға жол ашады. Академиялық ұт­қырлық бағдарламалары арқылы көп­теген студент пен оқытушы шет­ел­дік университеттерде білімін жетіл­діріп, ғылыми тәжірибе алмасуда. Мұндай байланыстар университеттің халықаралық ықпалдастығын күшей­тіп, әлемдік білім кеңістігімен инте­грациясын тереңдете түсуде.

Университеттің тағы бір ерекше­лігі – көптілді білім беру саясаты. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру жүйесі қатар дамыған. Бұл студенттердің халық­аралық ортада еркін бәсекеге түсіп, әлемдік ғылыми ақпаратқа қол жет­кізуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге көптілді орта жастардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаһандық еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.

Бүгінде Еуразия ұлттық универ­ситеті жаңа идеялар мен инновация­лардың орталығына айналды. Мұнда білім мен ғылым қатар дамып, жас­тардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасалған. Сондықтан университеттің ғылыми жетістіктері мен заманауи білім беру бағдарламалары оның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, елі­міздің болашақ дамуына да қызмет етіп келеді.

Университеттің ең үлкен мақтаны­шы – оның түлектері. 30 жыл ішінде ЕҰУ мыңдаған жас маманға жолдама берді. Бүгінде түлектер мемлекеттік қызметте, ғылым мен білім саласын­да, халықаралық ұйымдарда, дипло­ма­тия­да, журналистикада және ірі ком­па­нияларда табысты еңбек етіп жүр. Олар елдің дамуына өз үлесін қосып, Қазақ­станның интеллек­туалдық әлеуетін нығайтуға қызмет етуде.

Қазіргі Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті – өткенін құрметтеп, болашаққа сенімді қадам басқан заманауи білім ордасы. Оның 30 жылдық тарихы – үздіксіз ізденіс­тің, ғылыми дамудың және ұлттық білімге адал қызмет етудің жарқын көрінісі.

Алдағы кезеңде университет ал­дында жаңа міндеттер тұр. Жасанды интеллект, цифрлық экономика, эко­логия және халықаралық қатынастар салалары бойынша бәсекеге қабілетті кадр даярлау – уақыт талабы. Зама­науи инфрақұрылым, халық­аралық серіктестік пен инновациялық бағ­дар­ламаларды ұштастырған ЕҰУ алдағы уақытта да Қазақстанның ғылыми-академиялық әлеуетін ны­ғай­тып, елдің интеллектуалдық да­муы­на қызмет ете бермек.

Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,

ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры