Ақтөбе – жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен облыс. Жер бедерінің сипатына қарай облыстың аумағы Мұғалжар таулары, Орал-Жем үстірті, Торғай-Арал маңы жазығы, Үстірт беткейі және Каспий сырты ойпаты секілді географиялық аумақтарымен ерекшеленеді.
Жайылымдар ел игілігіне жарады
367
оқылды

Солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырым, шығыстан батысқа дейін 800 шақырым созыла жатқан жоталы таулары мен өзен аңғарлары, ойпаты мен үстірті талай тарихтан сыр шертері анық. Манаураған маң дала қойнауы кен орындары мен табиғи қазба байлыққа толы. «Жатып қалған бір тоқты жайылып, мың қой болған жер» дегендей, осындай, түгін тартса, майы шығатын құт мекен. Аймақ жайылымдық жер көлемі жөнінен де республикадағы ең ірі өңір саналады. Мұнда 25,3 млн гектар жердің суы тұнық, шөбі шүйгін. Мал өсіруге өте қолайлы. 

Мемлекет облыста өндірісті да­мыту мен ауыл шаруашылығын қолдауға айрықша назар аударып отыр.  Әсіресе кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы жерлерін тиім­ді пайдалануға басымдық бе­ріліп келеді. Сондай-ақ ай­мақ­та егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың мал шаруашылығын да қатар алып жүру мүмкіндіктері қарас­ты­­­рылуда. Соған сәйкес ауыл ша­руашылығына инвестициялар тар­ту жұмыстары белсенді жүзеге асы­рылып жатыр. Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың есебінше, был­тыр өңірде жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іс­ке асырылған. Ал «Ауыл Амана­ты» жобасы аясында 2883 жоба ма­құлданып, 16,4 млрд теңге кө­лемінде жеңілдетілген несиелер берілген.

Ресми ақпарат бойынша, 2025 жыл­дың қорытындысына сәйкес облыста ауыл шаруашылығы өні­мі­нің көлемі 412 млрд теңгені құ­рап, 2024 жылмен салыс­тыр­ған­да 2,5%-ға өсті. 2026-2028 жыл­дары өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 94,9 млрд теңгені құрайтын 11 ин­вес­ти­циялық жобаны жүзеге асыру жос­парлануда, оның ішінде 4 жо­ба 2026 жылы іске қосылмақ. Олар­дың қатарында «Жаннұр» ШҚ мен Agroproduct development ЖШС-ның бордақылау алаң­да­рын салу және кеңейту, «Рамазан құс» ЖШС-ның құс фабрикасын іске қосу, сондай-ақ «АЙС» ЖШС-ның сүт-тауар фермасын ашу бар. Былтыр өңірде 554 мың тонна дәнді дақыл және 72,4 мың тонна майлы дақыл жиналған. Көкөністен, соның ішінде картоптан мол өнім алынды. Егіс ал­қаптарын әртарап­тан­дыру аясында майлы және мал азық­тық дақылдардың көлемі ұлғай­тылған.

Облыста мал шаруашылығын да­мытудың 2026-2030 жылдарға ар­налған жаңа Кешенді жоспарын жүзеге асырудың маңыз­ды­лығы зор. Жоспарда саланы мем­лекеттік қолдау арқылы мал ба­сын өсіруге, өнімділікті арт­тыру­ға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге, отандық өнімнің сапасын артыруға бағытталған тә­сілдер мен тетіктер қамтылған. Со­нымен қатар саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруа­шылығы қызметкерлері үшін әлеу­меттік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақ­ташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлем­дер алу құқығын қамтамасыз ету, ма­мандар үшін тұрғын үй құры­лы­сын салу және тағы да басқа шаралар көзделген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде биыл жыл ба­сы­нан бері 94 мың гектар жер мем­­лекет меншігіне қайтарылды. Қа­зір қайтарылған жер телімін қай­тадан айналымға шығару жә­не жерді алып, пайдаланбай отыр­­­­ғандарды анықтау жұмысы жал­ғасу­да. Сондай-ақ жерді пай­­да­лану заңдылықтарының сақталуы үнемі қатаң бақылауға алынған.

Жер ресурстарын басқару де­пар­таментінің басшысы Ислам Ізбас­қановтың айтуынша, биыл жос­пардан тыс 120 тексеру жүр­гі­зілді. Бұл тексеру 149,2 мың гек­тар аумақты қамтыды. Нәти­же­сінде, жалпы аумағы 94 мың гек­тарды құрайтын 62 жер учас­кесі мемлекет меншігіне қай­та­рыл­ды. Енді жер телімдері қайта­дан айналымға енеді. Сонымен қатар 92 субъект әкімшілік жауап­қа тартылып, салынған айып­пұл­дың жалпы сомасы 3,6 млн теңгені құрады.

– Ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерлерді пайдаланбаға­ны үшін жер салығы мөлшері 40 есе­ленеді. Бұл – жерді тиімсіз пай­даланушыларға ықпал етудің қо­сымша тетігі. Департамент өт­кен жылдары пайдаланылмай жат­қан 588 жер учаскесіне жер са­лығының жоғары мөлшер­ле­ме­сін қолданды. Қайта есептеу нә­ти­жесінде, жер пай­даланушы­ла­ры­­на қосымша 91 млн теңге есеп­­телді, – деді Ис­лам Ізбасқа­нов.

Былтыр облыста ұлттық мал шаруашылығын дамытуға бағыт­тал­ған ірі жоба қолға алынған бо­латын. Елімізде ең ірі әрі нақты мақ­сатты жоба аясында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жем­шөп өндірісі» ғылыми-зерттеу инс­титутының ғимаратының ір­ге­тасы қаланып, құрылыс жұ­мыс­тары басталған-ды. Бұл тарихи сәтке Қазақ КСР-інің ауыл ша­руашылығы ғылымдарының кан­дидаты, Мұғалжар және Кө­шім жылқы тұқымдарының авторы, жылқы шаруашылығының абызы – Серікбай Рзабаев арнайы барып, жаңа орталықтың та­бысты болуына бата беріп, ізгі ті­легін жеткізген.

«Қазақ жылқы шаруашылы­ғы жә­не жемшөп өндірісі» ғы­лы­ми-зерт­теу институтының Бас­қар­­ма тө­ра­ғасы Әлібек Ба­зар­ғалиевтің ай­туынша, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың екінші тоқса­нын­да аяқтау жоспарланып отыр.

– Қазақ жылқы шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты 2024 жы­лы Мемлекет басшысының тап­сырмасы аясында алғашқы ауыл шаруашылығы форумында ашылды. 2025 жылы, бір жылға жетпей, бұрынғы тәжірибе станциясы ғылыми-зерттеу бағытына ауыс­тырылды. Қазір жаңа ғима­рат­тың құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Жаңа нысан құрамында бес зертхана болады. Бұл зерт­ха­налар­да асылтұқымды жылқы­лар­ды жан-жақты зерттеу жос­пар­ланып отыр. Институттың басты мақ­саты – жылқы етін және қы­мызды шетел нарығына экс­порт­тау, сондай-ақ ұлттық спорт түр­ле­рін дамыту арқылы спорт ба­ғы­тындағы жылқы шар­уа­шы­лығын ілгерілету. Отандық ша­бан­доздардың ха­лықаралық дең­гейдегі жарыс­тарға қатысуына жағдай жасау көз­де­луде, – дейді Әлібек Базар­ғалиев.

Институттың жобалық сыз­басы­на сәйкес, кешен аумағында манеж, ат қора, ветеринариялық пункт, зертханалар мен атжарыс жолы бар. Аталған институттың құ­рылыс жұмыстары 2026 жыл­дың мамыр айында аяқталып, толық іске қосылады деп күтілу­де. Жоба іске асқан жағдайда, Ақ­төбе өңірі еліміздегі жылқы ша­руашылығы мен қымыз өнді­рісінің басты ғылыми орталығына айналмақ.

Қазіргі күні мүлдем ұмыты­луға айналған атакәсіп – тері және жүн өңдеу ісі Ақтөбе облы­сында да сәтті жүзеге асырылып жатыр.  

Ауыл шаруашылығы ми­нист­рі Айдарбек Сапаровтың мәлі­ме­тінше, былтыр тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен қалпына келтіру бағытында бірқатар ірі ны­сан пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында жылдық қуа­ты 2,2 мың тонна жүн өң­дей­тін Қазфельтек жобасы және Ақ­мола облысында жылына 2,4 мың тонна жемшөп қоспа­ларын өндіруге бағытталған Агро Протеин жобасы іске қосылған. Министр биыл 17 ақпанда өткен Үкімет отырысында саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 миллиард теңгеге сегіз инвести­ция­лық жоба жүзеге асырылып жат­қанын, нәтижесінде қосымша 1,3 миллион тонна өңдеу қуаты іске қосылатынын айтқан-ды.

Сапаровтың сөзіне қарағанда, жаңа бастамалардың қатарында Тараз Желатин, ЭКО Клаб, Искефе Холдинг және КазЖелатин жобалары бар. Бұл кәсіпорындар тері мен жанама өнімдерді терең өң­деуге бағытталған. Аталған жо­баларды іске асыру нәтиже­сін­де, тағамдық желатин мен жемдік қос­палар өндірісі ұлғайып, ши­-кі­зат шығыны азаяды деп кү­тілуде.

Жалпы, Ақтөбе өңірі  тәуел­сіз­дік жылдары еліміз бойынша тұрақ­ты өсім мен оң эко­но­ми­ка­лық көрсеткіштерге қол жет­кізіп келе жатқан облыстар қатарында. Аймақта индустриялық-иннова­ция­лық жобалардың сәтті жүзеге асы­рылуы ел экономикасының дамуына да қомақты олжа салып отыр. Сонымен қатар халықтың өмір сапасын жақсартуға, инф­рақұрылымды дамытуға және өңірдің инвестициялық тар­тым­дылығын арттыруға  бағытталған жобалардың тиімділігі жыл өткен сайын артып келеді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ