Ақынның шынайы болмысын танытатын – оның өлеңдері. Өлеңде заманның үні, қоғамның тынысы, адам тағдырының иірімдері көрініс тапқанда ғана жыр оқырман жүрегіне жол табады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ поэзиясында өзіне ғана тән үні мен өрнегі бар дарынды қаламгерлердің бірі – Сағи Жиенбаев. Ол ешкімге ұқсамайтын дара стилімен, табиғи тазалығымен ерекшеленген ақын.
Сағидың сөз сиқыры
394
оқылды

Ақын жырларының өміршең болуының сыры – оның шынайы­лығында. Ақын өлеңдерінен өмірдің ыстығы мен суығы, қуаны­шы мен мұңы, ащысы мен тәттісі қатар сезіледі. Ол адам жанының терең иірімдерін, тіршіліктің сан қырлы шындығын боямасыз, табиғи қалпында шебер суреттей білді. Сондықтан да оның өлеңдері оқырман көңілінен шығып, талай жүректен мәңгілік орын алды.

Уәзипа Жиенбаева – ақынның өмір жолындағы сенімді серігі, тағдырлас жары. Бүгінде тоқсан­ның төрінен асқан кейуана ғұмы­рын қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сағи Жиенбаевпен бірге өріп, ақынның қуанышы мен қиындығына ортақ бола білді. Ол – бір әулеттің ғана емес, ақын мұрасын қадірлейтін оқырман қауымның да құрметіне ие болған жан. Алматыға барған сапары­мызда Сағи ақынның шаңыра­ғында болып, Уәзипа апаймен сыр шерттік. Ақынның жарының өне­гелі өмірі – адалдық пен сабырдың, сүйіспеншілік пен рухани берік­тіктің көрінісіндей. Жады да орнында, әңгімені де әсерлі айтатын апамен өткен ғасырдың 60-жылдарына бірге сапар шектік. 

Оймауытта туған өрен

– Біздің қатарымыздың көбі кетіп қалды ғой,  – деп бастады әңгімесін Уәзипа апа. – Тіпті, кемпір-сампырлар да азайды. Қатарластар дегенде, Тұманбай мен Қадыр ағаларыңның үйіндегі апаларың бар. Салтанат, Күлтай бар. Қалижан ағаларыңның жары Заида апаймен жақсы дос едік. Ол кісі де кетіп қалды. Қадыр, Тұман­бай, Шәміл Мұхамеджанов – барлығы қатар жүрді. Шәміл де ерте кетті. 

Сағи 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауда­нындағы Оймауыт деген ауылда дүниеге келген. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғысқа тап келіп, көп қиындық көрсе де, тіршіліктен үміт үзбей, әдебиетті жақсы көріп өсті. Кітапқұмар балалардың біріне айналды. Әкесі үш жасында  халық жауы болып ұсталып кеткен баланың тағдыры қандай болатынын өздерің де аңғарып тұрған шығарсыңдар. Әке ыстық ұясына оралған жоқ. Дертінің бәрін ішке жиып, үнсіз көтерді. Бұл дерт кейін өлең болып оралып, ақ қағазға төгілді.

Сағидың: 

– Ерте көрдім, ерте көрдім 

барлығын,

«Ерте көр» деп ерте берді 

тағдырым.

Жия бердім, сыя берді ішіме,

Сездірмедім көкіректің 

тарлығын

Ерте көрдім мен әкемнің 

жоқтығын,

Ес білгелі соны іздеумен 

өтті күн.

Тағдыр мені тұрғызды да, 

«бас» деді 

Табаныма төсеп қойып отты құм, – дейтіні де сондықтан. 

Сағимен  1955 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогика­лық институтында білім алып жүргенінде жолықтық. Бір жылдай Жезқазғанда жұмыс істедік. Ол жылдары институт бітірген түлек­терді осылай өңірлерге жіберетін еді. Сол бойынша біз де қол ұстасып, Жезқазғанның төрінен бір-ақ шықтық. 

Біз алғаш танысқанда ол  педагогикалық институтта, мен колледжде оқитын едім. Менің де мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мән­шүк Мәметова атындағы педа­гогика­лық колледждің негізгі оқу орны Алматыда болатын. Біз 2-курста оқып жүргенде оқу орнын Қызыл­ордаға көшірді. Қыздар көп оқуға түсе бермейді, қыздарды жоғары оқу орнына көптеп тарту керек деген талап болып, сол үшін кол­леджді сонда көшіреміз деп шеш­кен екен. 

Жезқазғанға барғанда мұғалім­дер аз деп, мені математика пәні­нің мұғалімі етіп жұмысқа алды. Сағи қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ізтай Мәмбетов дейтін мықты ақын болды. Ерте қайтыс боп кетті. Қуандық  Шаң­ғытбаев бар, Тұманбай бар, бәрі Сағиды үгіттеп, Алматыға көшіріп алды. Солай біз алматылық болып шыға келдік. Бұл 1956 жыл бола­тын. Алматыны аңсап, үлкен ақын болуды арман тұтқан жас Сағиым әдеби ортада тез танылды. 

«Қарлығаштан» қанат қақты

Ең алғашқы жинағы – «Қарлы­ғаш». Одан кейін кітаптары жиі шығатын болды. Жыл сайын бол­маса да, жыл аралатып, жинақтары баспадан шығып жататын. Студент кезінен өлең жазып жүрген жас ақынға қолдау білдірген – Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков сияқты үлкен аға­лары. Оның поэзиясына баға бер­ген де осы ағалары болатын. Қазақ­тың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі ақынға ризашы­лығын білдіргені бар. Жазушының: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көп­шілікке ортақ шындық бар. Бір­түрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқу­шыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шын­шылдық бар. Поэзияға да керегі – осы шыншылдық» дегені бар. 

Сағи Алматыға келген тұстан бастап, «Қазақстан пионері» жур­налында, «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жұмыс істеді. Кейін ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспа­сында қызмет атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінде Сырбай аға­лармен қатар еңбек етті. 

Біреулер «ақынның жары болу қиын» деп жатады. Сағи өте жайлы, мінезі жұмсақ адам еді. Артық сөз айтпайтын, ақырын кабинетіне кіріп алып, тыныш жұмыс істегенді ұнататын. Маған кейде ренжісе де, кабинетіне кетіп қалатын. Сағи адамға қамқор, қайы­рымды болатын. Ол жылап отырған баланы көрсе де, қалта­сын­дағы бар ақшасын беріп кете­тін өте балажан еді. 

Қаламгер достарының бәрі Сағиды құрмет тұтты. Сағи да жолдастарын ерекше сыйлайтын. Алғаш Калинин (қазіргі Қабан­бай) көшесінің бойынан пәтер алдық. Ол үйде қазақтың кіл мық­тылары қоныс тепті. Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Жамал Ома­рова­лармен 26 жыл көрші болдық. Бізден жоғары қабатта Қанабек Байсейітов тұрды. Шара Жиен­құлова, Әлкей Марғұлан ағай да бізбен көрші еді. Жамал апай үйге жиі келетін. Кейде «жалғызсырап кеттім, сен­дердің үйлеріңнен телевизор көрейінші» дейтін еді. Шабал апай мінезі биязы, парасатты кісі болатын. Көршілермен жақын қарым-қатынаста болдық. Кейін балалар өскен соң пәтерімізді кеңейтіп, басқа үйге көштік. 

Сағи жыры сөнбейді

«Қарлығаштан» ке­йін де  бір­неше жи­на­ғы шықты. Мара­пат алуға көп ұмтылмады. Мем­лекеттік сыйлыққа тап­сыр­ғанымен, алған жоқ. Оның мінезін дәл сурет­тейтін өзінің өлеңі бар ғой: «қара бір жердің өзін де қаттырақ басқым кел­мейді». Ешкімге қарсы шығып, біреуге кеудемсоқтық көрсеткен емес. Ақынның бәрі мінезді бола бермейді ғой. Оның өзіне тән қо­ңыр үні, лирикалық жыры болды. 

Тимеші, көкем,

Балапаныма тимеші, 

Қамығып қалар,

Қабағыңды да түймеші.

Қақпашы қолын,

Не аламын десе, ал деші,

Тартпашы қолын,

Не киемін десе, ки деші... 

Сағидың жомарт көңіл, жұмақ пейіл жырлары осындай еді ғой... Оның жырлары жанымызға тыныштық күйін сыйлайды. 

Сағидың  шығармашылық әлемінде ән мәтіндерінің де орны ерекше. Оның сөзіне жазылған көптеген ән халық арасына кең тарап, жүрекке жылы тиетін туын­дыларға айналды. Оның  поэзия­сының әуезділігі мен ішкі му­зыкалығы композиторларды да бейжай қалдырмаған.

Сонымен бірге ол көркем аударма саласында да өнімді еңбек етті. Әлем және орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері – Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Ованес Туманян, Валерий Брю­сов, Ярослав Смеляков, Расул Ғам­затовтың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап, жеке кітап етіп шығарды. Аударма арқылы ол қазақ оқырманын әлем әдебие­тінің үздік үлгілерімен таныс­тырып қана қоймай, ұлттық поэ­зияның тілдік өрісін де кеңейтті.

Сағи алпысқа толған жылы, тура туған күнінде өмірден өтті. Өзі өлгенмен, жыры өлген жоқ. Оның лирикалық өлеңдерін оқи­тын жас ұрпақ бар. Соны жаныма медет тұтамын. 

P.S.

Уәзипа апа жанарын жасқа бір шылап алды. Сағи ақынмен бірге өткізген сонау бір күндерге қайта оралғандай. Жанына жұбаныш – Сағи жырлары. Көңіліне медеу – немере-шөберелері. Сағи ақын жырымен алты Алашқа шуағын шашса, Уәзипа апа сол жырлардың тірі куәсіндей болып, қара шаңырақтың төрінде отыр. Сағи поэзиясы әдеби қауымға жыр боп ағытылғалы бері талай ұрпақ ауысты. Оның жырында сұлулық бар. Сұлулық дегеніміз де мейірім мен махаббат қой. Ал ол мөлдірлікті Сағи жырынан табарымыз ақиқат! Өлең өлмейді, Сағи жырының да сөнбейтіні анық. 

Гүлзина БЕКТАС