Жасампаз еңбек майталманы

Әр елдің, әр халықтың әлеуметтік қоғам саласында еңбегімен еленген, тұлғасымен ерекшеленген, есімі тарих парақшасында ұзақ жылдар бойы алтын әріппен жазылған, артына өшпестей мұра қалдырған азаматтары болады.

Сондай асыл жандардың бірі де бірегейі – қазақ елінің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген, даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығы бүкіл Республика бойынша аталып өтуде.

Жазылбек ақсақалды халық ерекше еркелетіп, «Шопандардың атасы», «Дала академигі», «Мал­шы­лардың маршалы» деп атап кеткен. Ол орынды да. Бүкіл ғұмы­рын қой өсіруге, оның ішінде шөлді-шөлейтті аймаққа бейім­делген әрі жерсінген қаракөл қой шаруашылығымен айналысқан ақсақал 1930-1980 жылдары шал­ғайдағы Мойынқұм ауданының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін тасытты, оның даңқы тек Кеңестер одағына ғана емес, шет­ел­дерге дейін жетіп жатты.

Жазылбек Қуанышбаев – 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облы­сының Көктерек ауылында туған. 1930 жылы облыста «Кеңес» мал серіктігі құрылғанда алғашқылар­дың бірі болып оның құрамына кіріп, қой бағады.

1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы кеңшарларында аға шо­пан болып, қажырлы еңбек көр­сетеді.

1936 жылы таңдаулы малшы­лар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көр­месіне қатысады. Осы сапар­дан оралысымен, ол мал тұқымын асылдандыру жұмысына аса мән береді. Сол жылдары Қазақстанда қаракөл қой шаруашылығын да­мыту жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қо­йымен будандастыру іс-шарасы жүргізіліп, оған алғашқылардың бірі болып, Жазекең өз үлесін қо­сады. Ұлы Отан соғысынан кейін тоқтап қалған бұл селекциялық-асылдандыру жұмысын қайтадан жалғастырып, жаңа қой тобы – құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсірумен айналысып, оған төл алу және оның елтірісінің сапасын жақсарту көрсеткіші бойынша жылдан-жылға жоғарғы нәтижелерге жетеді.

Нәтижесінде, ол 1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алып, осы еселі еңбектері үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. Оның отарында өнді­ріл­ген қаракөл елтірілері халық­ара­лық жәрмеңкелерде, аукцион­дарда, атап айтқанда, Дели, Буха­рест, Познань, Нью-Йорк қала­ла­рында өте жоғары бағаланады.

1957 жылы оның бағымындағы әр 100 қойдан 145 қозы алынып, республикадағы ең жоғары, рекордтық көрсеткішке ие болып, әр қойдан 3,3 килограмм жүн қыр­қылады. Осы үздік табысы үшін оған 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

1957-1965 жылдары қаракөл қой шаруашылығын дамыту жо­лында еткен еңбегі республика және одақ көлеміндегі тәжірибе алаңына айналды.

1962 жылы заңды еңбек дема­лысына шықса да, 1965 жылы жа­ңа отар қабылдап алып, әр 100 сау­лықтан 152-ге дейін қозы өсі­ріп, өзінің осы саладағы көрсет­кі­шін жаңартты.

1990 жылы қаракөл қойын өсіруге арналған шаруашылықтар саны 150-ден асып, жылына 2 млн дана қаракөл елтірісі дайындалып, қаракөл қойының басы 6 млн 200 мыңға жетті. Жазылбек Қуаныш­баев Қазақстанда алғашқы ма­мандандырылған арнайы қаракөл шаруашылығын құрушылардың бірі әрі бірегейі болды. 

Қаракөл қой шаруашылы­ғын­да қалыптасқан сол кездегі жүйе бойынша мал басы негізінен мем­лекет қарамағында болғанымен, оның сақталуына, өндірілген өнім көлеміне жауапты шопан мен оның отбасы болатын. Осы сала­дағы малшылар жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып, күндіз-түні мал басында демалыссыз еңбек етті. Атадан балаға кәсіп болған мал бағу тәсіліне жаз жай­лауы мен қыс қыстауы төңірегінде күндіз-түні мал бағумен айналы­суға бағытталған атакәсіп бола­тын. Әрине бұл кәсіпті жетік игер­ген Жазылбек Қуанышбаев ақсақал жас кезінен-ақ сонау өт­кен ғасырдың 30-жылдарының басынан бастап, өзінің жеке биік ой-өрісінің, мәдениетінің арқа­сын­да биікке өрлей білді, үнемі із­деніп, қаракөл шаруашылығы­ның жаңалықтары мен ғылыми жетістіктерге бар күш-жігерін, ын­та-ықыласын арнай отырып, осы салада 1937-1957 жылдары ең жоғары көрсеткіштерге жетті.

1936 жылы Мойынқұмда аса құрғақшылық болып, соңы жұтқа айналыпты. Қолдағы қыруар мал­ды қалай сақтап қалу керек? Ол кезде қазіргідей мал азығын да­йындамайды. Ашаршылықтан есін әрең жиған үкіметтен де, халықтан да қайран жоқ. Тірнек­теп жиған бес-алты қапшық ұнын Құдай қосқан қосағы Жайшабала екеуі быламық етіп, әрбір қойды емізікпен азықтандырып, бүкіл отарды аман алып қалыпты. Мұн­дай жағдай қой шаруашылығы тарихында бірінші және соңғы рет болуы мүмкін. Бұл – жанкештілік еңбектің, атакәсіпке деген адал­дық­тың нағыз үлгісі емес пе?

Өмірдің ащы-тұщысын татып, шөлді-шөлдейтті аймаққа ең­бекпен еленген Жазылбек ақса­қал­дың, одан үлгі алған қаншама ізбасарлары қаракөл қой шаруа­шылығын өркендетуге өз үлесін қосты. Әрине әйгілі майталман шопанның қойларды жыл мез­гіл­деріне қарай күтіп-бағу, жайы­лым­дарды тиімді пайдалану, мал­дә­рігерлік алғашқы емдік ша­ра­ларын қолдану жөніндегі тә­жірибесі, ақыл-кеңесі еліміздің әр өңірінде қаншама жас шопандарға үлгі болды.

Осылайша, тек қаракөл ша­руа­шылығында еліміздің әр өңі­рінен еңбек ардагерлері, Социа­листік Еңбек Ерлері шықты. Жазекең екі мәрте осы атаққа ие болса, оның жоралғы жолына түсіп, қатарласа жүре игі істі жар­қырата жалғастырған Ділдаш Итбасова, Шолан Шәріпбаев, Құ­дайберген Біртаев Еңбек Ері ата­нып, алтын медаль тақты.

1962 жылы Қазақстанда қа­ракөл шаруашылығын ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету мақса­тында Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, Шымкент қала­сын­да Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйым­дастырылып, еліміздің белгілі ға­лымдары Хафиз Хайруллаұлы Маматқазин мен Миргаяс Әлім­ұлы Ширинский Жазылбек ақса­қалмен ақылдасып, ой-пікір бө­лісіп, оны шопан-селекционер ата­ды. Осылайша, қазақтың қара­пайым ақсақалы ғылым мен өн­дірісті алғашқы үйлестірушілердің бірі де болды. Міне, осылайша, со­нау 1930 жылы шалғай қазақ же­рінде еңбек жолын бастаған даңқ­ты шопан Жазылбек Қуа­нышбаев ақсақалдың игі істері тек өндірісте ғана емес, ғылымда да өз жалғасын тапты.

Мойынқұм ауданында екі мәр­те Социалистік Еңбек Ері Жа­зылбек Қуанышбаев атындағы шопандар мектебі ашылып, атақ­ты майталман шопанның ұзақ жыл­дар бойы жинақтаған озат тә­жірибесі жүзеге асырылды. Ау­дан көлемінде көптеген ком­со­мол-жастар бригадасы құрылып, қой шаруашылығы, оның ішінде қаракөл елтірісін өркендету қана­тын жайды. Жастардың алаңсыз жемісті еңбек етуіне, тұрмыстық және мәдени жағдайларының за­ман талабына сай болуына Жа­зекең бас-көз болып, үлкен жана­шырлық көрсетті. Аталған ізгілікті игі іске сол жылдардағы Мойын­құм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назар­беков бастаған аудан басшылары үлкен үлес қосты.

Жыл сайын аудан орталы­ғы­ның маңайындағы «Тұлпарсазда» малшылардың слеті өтіп, оған Жазекеңнің өзі қатысып, нағыз еңбек мерекесіне айналушы еді. Еңбектері бағаланып, астарына «Жигули» жеңіл машинасын мін­ген ардагерлер арамызда сирек болса да әлі бар. Олар сол бір күн­дерді сағынышпен әңгіме етеді.

Үлкен мен кішіні ерекше құр­меттейтін Жазекең тек мал бағуды ғана білмеген. Алдындағы ота­рының қат-қабат шаруашысының ығымен кейде елден шығандап шығып кетсе де, құлағын түрік ұстап, ел жайына елеңдеп отыр­ған. Көкірек көзі ояу ақсақалымыз жалпының жұмысына, қоғам ісіне де белсене қатысты. Кезінде екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сіне депутат болып сайланды. КПСС Орталық Комитетінің ХХІ съезіне, Қазақстан Компартия­сының ХІ съезіне делегат болып сайланып, сонымен қатар шопан­дардың одақтық және респуб­ликалық алқалы жиындарына қатысты.

Кейде бір адам мың адамның жасаған игі ісін жасайды. Жа­зылбек Қуанышбаев шын мәнінде елі, туған жері үшін туған азамат болатын. Ол екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты бо­лып сайланғанда, Мойынқұм ­ау­да­нының әлеуметтік және мәде­ни саласының өркендеп, қанат жаюы­­­на үлкен үлес қосты. Сай­лау­шылардың аманаты бойынша Көктерек, Фурмановка ауылда­рын­да Мәдениет үйі бой көтерді, бірнеше елді мекенде жаңа мек­тептер салынды. Аудан орталығы – Фурмановка ауылы көркейіп, қуаныш, бақыт меке­ніне айналды. Сол кездері Алма­тыға, Жамбылға «ЯК-40» ұшағы қатынап, елдің мерейі өсті.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, майталман шопан, көрнекті қоғам қайраткері Жазылбек Қуа­нышбаев пен Қазақстан Компар­тиясының бірінші хатшысы, КПСС Орталық Комитеті саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қона­евтың достығын, сыйлас­тығын мойынқұмдық ағайындар осы күнге дейін жыр етіп айтады.

Сөз орайы келгенде айта ке­тетін бір жай – шопан кәсібінің білгірі, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың ел игілігі, халық ырысы үшін жасаған ерен ісі өз жалғасын тапты ма? Мені вете­ринария саласының ғалымы, про­фессор, қой шаруашылы­ғы­ның жанашыры ретінде осы кө­кейтесті мәселе қатты толғанды­рады. Кең-байтақ Қазақстан жерінде қой шаруашылығын өр­кендетуге барлық мүмкіндік бар, тек ынта мен жігер, жанашырлық қажет. Бұл игі істің экономикалық және әлеуметтік маңызы өте зор. Біріншіден, атакәсіп – қой ша­руашылығы өркендеп, еліміздің азық-түлік бағдарламасының да­муына лайықты үлес қосқан болар еді. Екіншіден, алтын бесігіміз – ауылдың бүгінгі қиын жағдайын түзеп, жұмыссыздық мәселесін шешуге деген оң қадам болар еді. Осы орайда облыс, аудан бас­шылары, қой шаруашылығының білікті мамандары батыл қадам жасап, игілікті істі қолға алса – ұтады, ұтылмайды. Бұл деген қой өсірудің майталманы Жазылбек Қуанышбаевтың аманатын жүзеге асыру болып табылады. Ерін қадір тұтып, қастерлеу, төбесіне көтеріп төрге шығару – қазақ халқының қашаннан қанына сіңген қасиет. Ал, жаз дидарлы Жазылбек ата­мыздың жөні тіпті бөлек. Сон­дықтан есімі алысқа аңыздай таралған ерен еңбегімен туған жұртының мәртебесін асырып, мерейін өсірген даңқты шопан, екі рет Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өне­гелі өмірі, жасампаз еңбегі ХХІ ға­сырдағы жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші фактор еңбек екенін атап көрсете оты­рып, қой шаруашылығын зама­науи инновациялық негізде да­мыту арқылы жастардың дүние­та­нымын қалыптастыруға үлкен бетбұрыс жасайтын болады. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп данышпан халық айтпақшы, Жазекең бүкіл өмірін қой шаруашылығының өркен­деуіне арнады, сол үшін жігерлі еңбек етті. Қазақ хандығының ал­ғашқы іргетасы қаланған қа­сиетті, кең-байтақ Мойынқұм ау­данында қой шаруашылығын өркендетіп, елдің ырысы мен бе­рекесін арттыруға барлық мүм­кіндік бар. Іргесін Жазекең, Жа­зылбек Қуанышбаев қалап кеткен шопандық кәсіптің, атакәсіптің жалғасын тауып, қанатын кеңге жаюына бәріміз бір адамдай тілектеспіз. Иә, жасампаз іс әр­қашан да өз жалғасын табады.

Абылай САНСЫЗБАЙ,

Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі