Батыстағы өркенді өңір

Батыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ауқымды жоба жүзеге аспақ. Өңірде тұңғыш рет қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталады. Болашақ энергетикалық нысанның құрылыс алаңында өткен уақыт капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен қытайлық инвес­тор қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңартылатын энер­гия көздерін пайдалану және экологиялық қауіпсіздікке қол жет­кізу стратегиялық мақсат са­на­лады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың хабар­лауын­ша, елімізде 2026 жылы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында 10 жаңа нысан іске қосылады. Министр биыл жал­пы қуаты шамамен 245 мегаватты құрайтын жобаларды іске қосу жоспарланғанын айтты.

«Жел энергетикасының 4 ны­санын, күн энергетикасының 5 ны­санын және су энергети­ка­сы­ның 1 нысанын іске қосу жоспарлануда», – деді ол. Сонымен қа­тар министр электр энергиясы тап­шылығын азайту үшін 2026 жы­лы шамамен 2,4 гигаватт жаңа қуат енгізу жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде Түркістан, Ал­ма­ты және Қызылорда өңір­ле­рін­де бу-газ қондырғыларын іске қо­су көзделген. Сондай-ақ Атырау мен Текеліде қосымша энер­ге­тикалық нысандар пайдалануға беріледі. 

– Қазір Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­сы «жасыл» энергетикаға ерекше көңіл бөледі: Masdar, Total Energies, Acwa Power, Unigreen Energy және CPIH секілді ірі энер­гетикалық компанияларымен жалпы қуаты 9 МВт болатын жел, күн және су электр станция­ла­рын салу туралы келісімдерге қол жеткізілді, – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Өмірзақов.

Сарапшылардың пікірінше, жел энергетикасы – Қазақ­стан­да­ғы жаңартылатын энергия көз­дері (ЖЭК) саласындағы инвес­тор­лар үшін ең тартымды бағыт болып табылады. Бұл елдің жо­ғары жел әлеуетіне байланыс­ты. Елімізде жыл бойғы орташа жел жылдамдығы электр энергия­сын тиімді өндіруге мүмкіндік бере­­ді. Бүгінде жел электр стан­ция­­лары жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы қуатында ең үлкен үлесті алады. Ол шамамен 3 ГВт болса, оның 1,5 ГВт ас­та­мы жел энергетикасына тие­сілі.

Бүгінгі күні Энергетика ми­нистр­лігі еліміздің ұзақмерзімді энер­гетикалық тәуелсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында энергия жүйесін жаңғыртып, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу ба­ғытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. 

Соның ішінде Батыс Қазақ­стан­ның энергия жүйесін Біртұ­тас электр энергетикалық жүйе­сі­мен (БЭЖ) біріктіру стра­те­гия­лық маңызы бар негізгі бағыттардың бірі десек болады. Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық электр же­лісінің сенімді әрі тұрақты жұ­мысын қамтамасыз ету үшін KEGOC АҚ жаңа қуаттарды ен­гізуге бағытталған бірқатар ау­қымды жоспармен үйлестірілген жобаларды жүзеге асыру үстінде. Жоба аясында батыс аймақ рес­публика аумағы арқылы БЭЖ-дің негізгі бөлігімен қосылады деп жоспарланған. Бұл шешім батыс өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етеді және солтүстік және оңтүстік аймақтар арасын­дағы қуат теңгерімсіздігін өтеу үшін маневрлік генерацияны тиім­ді пайдалануға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар Батыс энергия торабын күшейту және «Батыс – Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу көзделген. 

Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс Қазақстан облысында салынатын қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясы­ның құрылысына 140 гектар жер телімі бөлінген. Аукцион нәти­жесінде маңызды жобаны қолға ал­ған GREEN ENERGY IN­DUST­RIAL COMPANY CENT­RAL ASIA ЖШС директоры Гао Венкеның айтуынша, инвестиция көлемі – 21 млрд теңге. 8 ай бұ­рын аумақта анемометр орна­тылған. Метеорологиялық құ­рыл­ғының көмегімен анықталған желдің жылдамдығы станцияның қалыпты жұмыс істеуіне мүм­кін­дік береді. Бірегей жобада 6 жел электр стансасы салынады. Әр мұнараның биіктігі 100 метр болса, бір қалақайының ұзындығы 50 метр болады.

– Біз Қытайда жаңартылған энер­гияны көп өндіреміз. Бірін­шіден, ол ауаны ластамайды. Екін­шіден, ұзақ уақыт қуат бе­ре­ді. Мәселен, мына жел электр с­тан­сасының 20 жылдық кепіл­дігі бар. Үшіншіден, бұл жоба – Қа­зақ-стан – Қытай ынтымақ­тас­тығы­ның жарқын көрінісі деп біле­міз, – дейді қытайлық инвес­тор. 

БҚО әкімінің баспасөз қыз­меті мәліметінше, жоба өңір эко­номикасының дамуына серпін беріп, инвестициялық тартым­ды­лықты арттырады. Жаңа жұ­мыс орындары ашылады. Құрылыс осы айда басталып, келесі жылы толық аяқталады. Кепілдік мер­зімі – 20 жыл. 5 адам тұрақты, 50 адам маусымдық жұмыспен қам­тылады. Осы орайда облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде  энер­гетикалық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету шаралары жүйелі жал­ғасатынын жеткізді. Әкімнің ай­туынша, жуырда Жәнібек ауда­нының Өнеге ауылында гибридті электр станциясының құрылысы басталады.

– Жоба нәтижесінде өңір им­порт­қа тәуелділіктен арылады. Соң­ғы үш жылда энергетика са­ла­сына 44 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа 7 мың шақырымға жуық электр желісі жаңғырты­лып, 35 қосалқы станция жөн­де­ліпті.  Нәтижесінде, жарықпен қам­ту жабдығының тозуы 82%-дан 75%-ға дейін төмендеген. Биыл 20 млрд теңге бөлінді. 2029 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 11 пайызға төмен­дету жоспарланып отыр. Екі ауданымыз – Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары электр қуаты жағынан Ресейге тәуелді. Қазір 5 МегаВаттық, шетелдік компа­ния­ның өзінің қаражатына, бір тиын бюджеттен қаржы шығар­май, Өне­­­генің тұсына электр стан­са­сын салып жатырмыз. Құ­рылысы басталады. Ал жаңар­тыл­ған энергия көздерін, Прези­дент тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін 50 пайызға жет­кізуі­міз керек. Біз осыны қолға алып жатырмыз, – дейді облыс әкімі Нариман Төре­ға­лиев.

Арай АСПАН