Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізу стратегиялық мақсат саналады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың хабарлауынша, елімізде 2026 жылы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында 10 жаңа нысан іске қосылады. Министр биыл жалпы қуаты шамамен 245 мегаватты құрайтын жобаларды іске қосу жоспарланғанын айтты.
«Жел энергетикасының 4 нысанын, күн энергетикасының 5 нысанын және су энергетикасының 1 нысанын іске қосу жоспарлануда», – деді ол. Сонымен қатар министр электр энергиясы тапшылығын азайту үшін 2026 жылы шамамен 2,4 гигаватт жаңа қуат енгізу жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде Түркістан, Алматы және Қызылорда өңірлерінде бу-газ қондырғыларын іске қосу көзделген. Сондай-ақ Атырау мен Текеліде қосымша энергетикалық нысандар пайдалануға беріледі.
– Қазір Қазақстан Республикасы «жасыл» энергетикаға ерекше көңіл бөледі: Masdar, Total Energies, Acwa Power, Unigreen Energy және CPIH секілді ірі энергетикалық компанияларымен жалпы қуаты 9 МВт болатын жел, күн және су электр станцияларын салу туралы келісімдерге қол жеткізілді, – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Өмірзақов.
Сарапшылардың пікірінше, жел энергетикасы – Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы инвесторлар үшін ең тартымды бағыт болып табылады. Бұл елдің жоғары жел әлеуетіне байланысты. Елімізде жыл бойғы орташа жел жылдамдығы электр энергиясын тиімді өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде жел электр станциялары жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы қуатында ең үлкен үлесті алады. Ол шамамен 3 ГВт болса, оның 1,5 ГВт астамы жел энергетикасына тиесілі.
Бүгінгі күні Энергетика министрлігі еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергия жүйесін жаңғыртып, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Соның ішінде Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) біріктіру стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттардың бірі десек болады. Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық электр желісінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін KEGOC АҚ жаңа қуаттарды енгізуге бағытталған бірқатар ауқымды жоспармен үйлестірілген жобаларды жүзеге асыру үстінде. Жоба аясында батыс аймақ республика аумағы арқылы БЭЖ-дің негізгі бөлігімен қосылады деп жоспарланған. Бұл шешім батыс өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етеді және солтүстік және оңтүстік аймақтар арасындағы қуат теңгерімсіздігін өтеу үшін маневрлік генерацияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Батыс энергия торабын күшейту және «Батыс – Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу көзделген.
Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс Қазақстан облысында салынатын қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысына 140 гектар жер телімі бөлінген. Аукцион нәтижесінде маңызды жобаны қолға алған GREEN ENERGY INDUSTRIAL COMPANY CENTRAL ASIA ЖШС директоры Гао Венкеның айтуынша, инвестиция көлемі – 21 млрд теңге. 8 ай бұрын аумақта анемометр орнатылған. Метеорологиялық құрылғының көмегімен анықталған желдің жылдамдығы станцияның қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бірегей жобада 6 жел электр стансасы салынады. Әр мұнараның биіктігі 100 метр болса, бір қалақайының ұзындығы 50 метр болады.
– Біз Қытайда жаңартылған энергияны көп өндіреміз. Біріншіден, ол ауаны ластамайды. Екіншіден, ұзақ уақыт қуат береді. Мәселен, мына жел электр стансасының 20 жылдық кепілдігі бар. Үшіншіден, бұл жоба – Қазақ-стан – Қытай ынтымақтастығының жарқын көрінісі деп білеміз, – дейді қытайлық инвестор.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс осы айда басталып, келесі жылы толық аяқталады. Кепілдік мерзімі – 20 жыл. 5 адам тұрақты, 50 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Осы орайда облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүйелі жалғасатынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, жуырда Жәнібек ауданының Өнеге ауылында гибридті электр станциясының құрылысы басталады.
– Жоба нәтижесінде өңір импортқа тәуелділіктен арылады. Соңғы үш жылда энергетика саласына 44 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа 7 мың шақырымға жуық электр желісі жаңғыртылып, 35 қосалқы станция жөнделіпті. Нәтижесінде, жарықпен қамту жабдығының тозуы 82%-дан 75%-ға дейін төмендеген. Биыл 20 млрд теңге бөлінді. 2029 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 11 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Екі ауданымыз – Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары электр қуаты жағынан Ресейге тәуелді. Қазір 5 МегаВаттық, шетелдік компанияның өзінің қаражатына, бір тиын бюджеттен қаржы шығармай, Өнегенің тұсына электр стансасын салып жатырмыз. Құрылысы басталады. Ал жаңартылған энергия көздерін, Президент тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін 50 пайызға жеткізуіміз керек. Біз осыны қолға алып жатырмыз, – дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Арай АСПАН
