Қызылордада Президент саябағы аумағында AI-KERIM оқу-­сау­ықтыру орта­лығы бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға бе­рілді. Бұл Сыр бала­ларының жан-жақты дамуына бағыттал­ған маңызды әлеуметтік нысан ретінде жо­ғары маңызға ие.
Жастарға арналған жаңа орталық
399
оқылды

Негізінен, заманауи талап­тарға сай салынған аталмыш орталық балалардың демалысын тиімді ұйымдастыруға, өрен­дер­дің шығармашылық және  интел­лектуалдық танымын дамы­туға арналған бірегей жоба саналады. Жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істей­тін сауықтыру орнында балғын­дардың жайлы демалысы мен сауықтырылуына барлық жағдай қарастырылған.

Қазір Қызылорда облысында 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Олардың жазғы дем­алысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйым­дас­тыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 

Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, биыл облыстағы 170 мың­нан астам оқушы түрлі ты­ны­ғу лагерімен қамтылмақ. Ал 150 мың­­ға жуық бала мектеп жан­ын­дағы лагерь­лерде демала­ды деп жоспарланған. Бұл тұр­ғыда өңір­дегі 7 лагерь жазғы дем­алысқа шы­­­ғатын балғын­дарды қабыл­дауға сақадай сай. Осы ретте жаңа­­дан ашылған AI-KERIM оқу-сауықтыру орталығының маң­ызы ерекше.

Жаңа нысан қаладағы Пре­зидент саябағының көрікті аума­ғында орналасқан. Жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын орта­лық­тың материалдық-техника­лық база­сы халықаралық стан­дарттарға толық сәйкес келеді. Қазір 300 орындық оқусауықтыру кешенінде 5 мың шаршы метрлік әкімшілік ғи­марат, кең көлемді мәдени-көп­шілік іс-шараларға арналған ив­ент-аймақ, төрт жатақ­­хана, қона­қүй үлгісіндегі арнайы ғима­рат пен балалардың бос уақытын тиімді өткізуге ар­нал­ған демалыс орын­дары қарас­тырылған.

Салтанатты рәсімде жинал­ған көпшілік алдында Қызыл­орда облысының әкімі Мұрат Ергеш­баев жаңа нысанның маң­ызды­лығына кеңінен тоқталды.

«Мемлекет басшысының қол­дауымен балаларға арналған жыл бойы үздіксіз қызмет көр­сететін оқу-сауықтыру орталы­ғын ашып отырмыз. Бұл – жас ұрпақ­тың сапалы демалысына, шығар­ма­ш­ылық дамуына жасал­ған үлкен мүмкіндік. Мұнда ба­лалар тек тынығып қоймай, жаңа білім алып, ин­теллектуал­дық әлеуетін  арттыратын бола­ды. Алдағы уа­қытта кешен аума­ғы толық абат­тандырылып, кө­г­ал­дан­дыр­ылады, – деді Мұрат Нәл­қожаұлы.

Салтанатты-шарада білім беру саласына елеулі үлес қосқан ұстаздар қауымы мен жаңа нысан құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтаған мердігер мекеме қыз­меткерлері облыс әкімінің алғыс­хатымен марапатталды.

Қазір AI-KERIM орталы­ғы­ның жанында заманауи ботан­и­калық бақ орналасқан. Бұл бақ балалардың табиғатқа деген сүй­іс­пенші­лігін арттырып, эко­логиялық мәдениетін қалыптас­тыруға бағытталып отыр.

Мәліметке сәйкес, мұнда Оң­түстік Африка, Қытай, Орта­лық және Оңтүстік Америка ел­де­рінен әкелінген ерекше өсім­дік­тер өсіру көзделген. Мамандар мұндай сирек кездесетін өсімдік­тер бала­лардың ғылыми-таным­дық қызы­ғу­шылығын арт­тырып, ботаника мен экология саласына деген ынтасын күшейтуге сеп болады деп отыр. Яғни, ботани­калық бақ тек демалыс аймағы емес, эколо­гиялық білім беру алаңы ретінде де маңызды рөл атқарады.

Жалпы, Сырдың бас шаһа­рындағы серпінді жобалар қала­ның сәулеттік келбетіне өзгеше өң беріп тұр. Бұл тұрғыда қаз-қатар тізілген жаңа нысандар халыққа қолайлы инфрақұрылым қалып­тастырып қана қоймай, өңірдің экономикалық белсен­ділігін арт­тыруға негіз қалауда.

Осы орайда айта кеткен аб­зал, кейінгі жылдары Мем­лекет бас­шысы мен Үкіметтің қол­дауы­мен өңірде 200-ге жуық әлеу­меттік нысан салынған. Бұл тұрғыда тек білім беру саласының өзінде 43 жаңа нысан ел игілігіне пайда­лануға беріліпті. Атап айтсақ, «Келешек мектептері» ұлт­тық жобасы аясындағы 10 мек­теп, физика-математика ба­ғы­тындағы «Білім-инновация» лицей-интер­наты, музыкалық колледж­дің жаңа оқу ғимараты мен жатақ­ханасы, Оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» ака­демиясы сұлу Сырдың сәу­летін одан әрі арттыра түсті. Соным­ен қатар облысқа қарасты Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудан­дарында Оқу­шылар үйі мен өнер мектептері іске қосылып, ауыл балаларының шы­ғармашылық мүмкіндігін кең­ейтуге жол ашып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы