Дәрігерлер оның денесіне бірнеше жерден тігіс салып, қажетті екпе жасаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 17 мамыр күні кешке болған. Жергілікті тұрғын Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, ұлы үй ауласында ойнап жүрген кезде оған бірнеше қаңғыбас ит тап берген.
«Бес жастағы баламның денесінде сау жер қалмады. Иттер жамбасын қатты талаған, арқасын жыртып кеткен, қолы мен саусақтарын да қапқан», – дейді анасы.
Әйелдің сөзінше, баланы көрші тұрғын құтқарып қалған. Ол баланың айқайын естіп, иттерді қуып жіберген.
Қазір бала дәрігерлердің бақылауында.
Оқиғадан кейін Орал қаласының әкімдігі қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары қолданыстағы заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әкімдік дерегіне сүйенсек, сәуір айынан бері қалада 283 қаңғыбас жануар ауланған. Оның ішінде 205 ит пен мысық стерилизациядан, вакцинациядан және тіркеуден өткен соң қайтадан көшеге жіберілген. Тағы 78 жануар қайта вакцинацияланып, табиғи ортасына қайтарылған.
Қала билігі жануарларды аулау жұмыстары тұрғындардың шағымдары мен мониторинг нәтижелері негізінде гуманистік тәсілмен жүргізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар тұрғындарды үй жануарларын қараусыз жібермеуге шақырды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметінше, сәуір айында қалада жануарлардың адамды қабуына қатысты бес жағдай тіркелген. Тұрғындардың шағымынан кейін екі жануар карантинге алынған.
Ал зардап шеккен баланың анасы аудан тұрғындары балалар алаңдары мен тұрғын үйлердің маңында агрессивті иттердің жиі жүретінін айтып, мәселені бірнеше рет көтергенін жеткізді.
Бұл жағдай Қазақстандағы қаңғыбас жануарларға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында қоғамда қызу талқыланып жатыр.
19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерге қол қойған болатын. Соған сәйкес Қазақстанда бұрын қолданылған «аулау – стерилизациялау – вакцинациялау – қайта жіберу» жүйесінен бас тартылып, қайтарымсыз аулау тәсіліне көшу қарастырылған.
Бұған дейін Орал әкімдігі қаңғыбас жануарларды аулау бойынша «Өркен» ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Компания жануарларды аулау, уақытша ұстау орындарына жеткізу және қажет болған жағдайда жою жұмыстарымен айналысады. Жоба құны – 9,3 миллион теңгеден асады.
Жыл соңына дейін қалада шамамен 2 мың қаңғыбас жануарды аулау жоспарланып отыр.
