Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Жанарбек Әшімжанов, Айдос Сарым, Үнзила Шапақ, Аманжол Әлтай, Әбутәліп Мүтәлі, Қазыбек Әлішев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық үндеуде Мемлекет басшысы қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың маңызын атап өтіп, «Кітап оқитын ұлт» жобасын республикалық деңгейде қолдауға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Депутаттардың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Жарлық елдің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық құжатқа айналды.
– Құжаттың негізгі мақсаты – адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту бағытының өзегі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, барлық салада шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті орта жасақтау. Ендігі жерде мәдениет саясатында кітап шығару ісінен бастап, оны насихаттау, оқу және жалпы кітап мәдениеті мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттары болмақ.
«Зерделі ұлт» идеясы – бір күнде, бір сәтте пайда болған ой емес. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет», – деп айрықша атап өткен болатын. Бұған дейін, 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай барысында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел көлемінде жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру идеясын көтеріп, бұл бастама қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Соның нәтижесінде 23 сәуір ресми түрде «Ұлттық кітап күні» болып бекітіліп, рухани-ағартушылық маңызы зор мерекеге айналды. Биыл бұл атаулы күн республика көлемінде екінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елдің барлық өңірінде мазмұнды іс-шаралар кеңінен атап өтілді.
Мемлекетімізде бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан алғышарттар да аз емес. Мәселен, «AMANAT» фракциясы депутаттарының бастамасы негізінде баспагерлер қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылып, отандық баспаларға қолдау көрсету үшін арнайы нормалар қабылданды. Кітапхана қызметкерлерінің жалақысы артты, кітапханаларға келушілер саны көбейе бастады. Онлайн кітап саудасы жанданып, кітаптар бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясы өткен жылы «Кітап оқитын ұлт» атты арнайы жобаны іске қосып, оны пилоттық режимде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында табысты жүзеге асырды. Жоба аясында түрлі әлеуметтік санаттағы 189 мыңнан астам азамат қамтылып, қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін берді. Бастамаға оқушылар мен студенттерден бастап, педагогтер, отбасылық әулеттер және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Пилоттық кезең қорытындылары жобаның жоғары әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, қатысушылар арасында кітап оқу белсенділігінің артуы, отбасылық оқу дәстүрінің жандануы, білім беру ұйымдарында әдеби ортаның қалыптасуы және жастардың танымдық қызығушылығының күшеюі байқалды. Осыған байланысты, бұл жобаны биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап республикалық деңгейде іске асыру жоспарлануда.
Жобаның алғашқы 6 айында республика бойынша шамамен 2 миллион азаматты қамту көзделген. Бұл – ел халқының 10 пайызы. Қатысушылардың өңірлік теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан кемінде 100 мың адамның қатысуы жоспарлануда. Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту арқылы алдағы 5 жыл ішінде қатысушылар саны 10 миллион адамға дейін жетпек. Нәтижесінде, жоба ел халқының шамамен 50 пайызын қамтып, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттайтын ірі халықтық қозғалысқа айналады.
Жоба аясындағы негізгі нәтижелік көрсеткіштердің бірі – әрбір қатысушының 6 ай ішінде кемінде 15 кітап оқуы. Бұл көрсеткіш азаматтардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға және кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.
«Зерделі ұлт» жобасы – бар жұмысты жиып қойып, тек кітаптан бас алмау деген сөз емес. Бұл – сапалы ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстар тізбегі. Яғни, заманауи инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық, цифрлық жүйелерді меңгеру, жаңа форматтағы кітапханалар түзу, патриот ұрпақ тәрбиелеу, отандық баспагерлерді, қаламгерлерді, олардың шығармаларын қолдау, ұлттық әдеби жауһарларымызды елде және шетелдерде жан-жақты насихаттау.
Ел Президенті мемлекеттік органдар мен қоғамның алдына нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе, жауапты уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы биліктің, бүкіл қоғамның жауапкершілігі аса маңызды.
Рухани жұтаң ұлттың ойлау жүйесі тарылады, тамыры суалады. Тарихта аспан асты мен жер үстін тітіреткен империяларды құлатқан да, қайта тірілткен де – Кітап!
Данышпан Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі Жер шарының рухани қақпасында жазулы тұрғандай.
Қысқасы, кітаптан алыстаған адамзат баласының барар жері – рухани азғындық!
Біз Парламент Мәжілісінің мінберінен мемлекеттік органдарға, зиялы қауымға және барша отандастарымызға үндеу тастай отырып, «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдауға шақырамыз! Ежелеп әріп тани бастаған баламыздан бастап, батагөй данамызға дейін осы игі іске жұдырықтай жұмылуымыз қажет, – дейді Мәжіліс депутаттары.
