Денсаулық сақтау министрлігі косметологиялық клиникада әйел адамның қайтыс болуына байланысты ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, 15 мамырда болған қайғылы оқиға ерекше бақылауға алынған. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрлік тексеру барысында медициналық қызмет көрсетуге лицензияның бар-жоғын, көрсетілетін қызметтердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігін, медицина қызметкерлерінің біліктілігін, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету талаптарының сақталуын зерделейтінін мәлімдеді.
«Инвазиялық косметологиялық процедуралар медициналық араласуға жатады. Сондықтан мұндай қызметтер тек лицензиясы бар медициналық ұйымдарда жүргізілуге тиіс», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.
Бұдан бөлек, министр тапсырмасымен косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға бақылауды күшейту жұмыстары басталған.
