Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Үнзила Шапақ «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобалары Конституцияның жаңа нормаларымен және конституциялық реформалармен сәйкестендіруге бағытталғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Оның айтуынша, бұл заң жобалары 13 мамырда бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Олардың негізгі мақсаты – сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы Конституцияның жаңа нормаларымен және конституциялық реформалармен сәйкестендіруге бағытталған.
– Біріншіден, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында сайлау рәсімдерінің құқықтық айқындығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды түзетулер көзделген.
Атап айтқанда, мәслихат депутаты бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша кері шақырылған жағдайда оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі нақтыланды, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы туралы мәліметтерді интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялау ұсынылады.
Бірқатар заңдарға прокуратура қызметіне қатысты түзетулер енгізілуде. Атап айтсақ, Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта құрылуына байланысты түзетулер енгізілді.
Түзетулерге сәйкес инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттері беріледі. Аймақтарда ондай міндет облыс прокурорларына жүктеледі, инвестор қызметіне қатысты актілерге құқықтық баға береді, инвестор құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін болады, кассациялық сотқа жүгіну және басқа да мәселелер қарастырылады, – деді Мәжіліс депутаты.
Үнзила Шапақ екінші заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуге бағытталғанын жеткізді.
Айтуынша, бұл заң жобасында онлайн-платформалардың сайлау заңнамасы талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу, сондай-ақ кандидаттардың сайлау қорларынан тыс қаржыландыруды немесе өзге де материалдық көмекті қабылдағаны үшін жауаптылық белгілеу ұсынылады.
– Бұл нормалар сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және барлық кандидаттар үшін тең жағдай қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ конституциялық реформаны іске асыру аясында бірқатар заңнамалық түзетулер енгізілді. Жалпы, Парламенттің бір палаталы құрылымға – Құрылтай моделіне көшуіне байланысты заңнамалық нормаларды сәйкестендіру, жаңа конституциялық институттарды құқықтық тұрғыдан бекіту қамтылған.
Сонымен бірге шағын көлемді кемелерді бақылау және қадағалау функцияларын Төтенше жағдайлар министрлігіне беру, қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәрбиелік тәсілдерді жетілдіру, әйелдер колонияларындағы ұстау жағдайларын жеңілдету түзетулері қамтылды. Сондай-ақ ойын бизнесі саласындағы әкімшілік жауаптылықты нақтылау бойынша түзетулер де енгізілді.
Сонымен қатар Заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында редакциясын жетілдіруге және құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған кейбір нормалар қайта қаралды. Ұлттық экономика министрлігі, Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, Ішкі істер, Әділет, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері өкілдерінің, Парламентаризм институты, Астана қаласы мәслихаты мен облыстық мәслихаттар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының бірқатар отырыстары өткізілді, – дейді ол.
