Парламент бірқатар Конституциялық заңды қабылдады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Президент туралы, Құрылтай туралы, Қазақстан Халық Кеңесі, астананың мәртебесі, елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы конституциялық заңдарды, сондай-ақ заңнамалық актілерді Конституцияға сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты.

Жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституция­лық заң жобасын депутаттарға Мәжіліс депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Үнзила Шапақ таныстырды.

– Заң жобасы Қазақстан Республикасының қол­даныстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің арнайы Жолдауымен Пар­ламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Консти­туциялық заң жобасы Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің және Қазақстан Республикасы Вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, – деді комиссия төрағасы.

Қабылданған заңға сәйкес, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мыз­ғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала береді.

Заң нормалары Президенттің Бас Прокурорды, Конституциялық Сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комис­сиясы, Ұлттық Банк төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот төрағасын тағайындау құ­қығын бекітеді.

Құрылтайдың келісімі бойынша Президент Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.

Бірлескен отырыста Парламент депутаттары то­бының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Респуб­ликасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң да қабылданды.

Заң жобасын Мәжіліс депутаты, бірлескен ко­миссияның төрағасы Марат Башимов таныстырды. Құжаттың негізгі мақсаты – Құрылтай қызметін ұйым­дастыру және құқықтық реттеу.

– Конституциялық заң жобасы биылғы жылдың 15 наурызында республикалық референдумда қабыл­данған жаңа Конституция ережелерін орындау мақ­сатымен әзірленді. Заң жобасында Қазақстан Респуб­ликасының Құрылтайы бес жыл мерзімге сайланатын жүз қырық бес депутаттан тұратыны белгіленеді. Құ­рылтай төрағасының үш орынбасары болады, оларды депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай сайлайды, – деді Марат Башимов.

Қабылданған Конституциялық заңмен Құрылтай депутаттарының мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру мәселелері, сондай-ақ депутаттың әдеп ережелері бекітіледі. Бұған қоса, заң шығару бастамасы құқығы субъектілерінің аясы Қазақстан Халық Кеңесі есебінен кеңейтіледі, Халық Кеңесі бұл құқықты Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы іске асырады.

Сонымен қатар құжат Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, Құрылтайдың Вице-Президент, Премьер-министр, Конституциялық Сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері лауазымдарына канди­даттарды келісу жөніндегі өкілеттіктерін белгілейді. Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьяларын сайлау нормалары және Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетігі ай­қындалған.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңмен халық мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағыт­талған жаңа институттың құрылуы бекітілді.

Сенат депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұртөре Жүсіп атап өткендей, заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін үйлесімді ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге арналған алаң ретінде әрекет ететін жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде айқындайды. 

– Халық Кеңесі – тек диалог алаңы емес, ол халықтың шынайы үнін жеткізетін, стратегиялық деңгейде ықпал ететін бірегей институт болады. Мұнда азаматтардың ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, нақты саясатқа әсер ету мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе Қазақстан сияқты көпэтносты және көпқырлы қоғам үшін аса маңызды. Себебі тұрақтылық пен дамудың негізі – әділ өкілдік пен ашық диалог. Кеңес әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және буындардың мүдделерін тоғыстырып, ортақ ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Аталған заң демократиялық қағидаттарды одан әрі нығайтады. Ашықтық, жария­лылық және есептілік жаңа деңгейге көтеріледі. Мем­лекет қоғам сұранысына жедел әрі жүйелі жауап беретін құрылым ретінде дамиды. Ең бастысы – азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлі артады. Егер бұрын көптеген бастама тиісті деңгейде ескерілмей қалса, енді Халық Кеңесі арқылы олар институционалды түрде қаралатын болады. Бұл – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Сонымен қатар заң өңірлердің рөлін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жергілікті бастамаларды қолдау арқылы әлеуметтік, мәдени, білім беру және эко­номикалық жобаларды дамытуға жол ашылады, – деді Нұртөре Жүсіп. 

Қазақстан Халық Кеңесіне ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету өкілеттіктері беріледі. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеледі.

Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл құжат астананың қызметі мен дамуының құқықтық негіздерін одан әрі жетіл­діруге бағытталған.

Мәжіліс депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұртай Сабильянов заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында комиссия депутаттар мен Парламенттің тұрақты комитеттерінің ұсыныс­тарын жан-жақты қарастырғанын атап өтті.

– Заң жобасының жекелеген нормаларын Қазақ­стан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Астананың қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану тәртібі мен режимі бойынша нормалар нақтыланды. Осындай жерді пайдалану тәртібі мен режимін Үкімет қала және облыс мәс­лихаттары мен әкімдіктерінің, сондай-ақ жергілікті агломерация кеңесінің бірлескен ұсынысы негізінде айқындайтын болады. Астананың жергілікті мемле­кеттік басқару органдарының міндеттері, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бойынша нормалар нақтыланды, – деп түсіндірді депутат.

Бұдан бөлек, конституциялық заңда құрамына астана әкімдігінің өкілдері, сәулетшілер, тәуелсіз және кәсіби сарапшылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін сарапшылар енген Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру көзделіп отыр.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңды әріп­тестеріне сенатор Әли Бектаев таныстырды. Құжатпен әкімшілік-аумақтық бірліктердің түрлері айқындалып, осы са­ладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері белгіленді, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері қарастырылды. Бұл тәсіл тиісті ше­шімдерді белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-эко­номика­лық даму көрсет­кіштерінің негізінде ғана қабылдауға бағытталған. 

Бұған қоса, цифрландыру талаптарын негізге ала отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу өкілеттігі бекітіледі. 

Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» консти­туциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Сенат депутаты, бірлескен комиссияның төрағасы Нұрлан Бекназаров айтқандай, түзетулер әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған кезде сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және ауыстыру мәселелерін реттеуді қарастырады. 

– «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына Қазақстан Халық Кеңесінің жалпыхалықтық референдум таға­йындау туралы бастама көтеруге қатысты консти­туциялық құқығын айқындауға бағытталған түзетулер енгізілді. Конституциялық Соттың құрамы мен оны құру тәртібі, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларының қызметтеріне тағайындалу тәртіптері және құқықтық мәртебелері, Конституциялық Сот құзыретіне, конституциялық іс жүргізу тәртібіне қатысты нормалар да Жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатымен жетілдіріліп, нақтыланды. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған қолданыстағы барлық конституциялық заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді қарастыратын жүйелі Конституциялық заң жобасы жаңа Ата заңымызды іске асырудың құқықтық тетіктерін бекітіп, мемлекеттік билік тар­мақтарының мәртебесі мен құзыреттерін нақтылап, прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметтерін де құқықтық реттеуді жетілдіруді қамтамасыз етеді, – деп түйіндеді Нұрлан Бекназаров. 

Заң жобаларын қарау және талқылау барысында сенатор Әли Бектаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңда жер­гілікті органдардың есепке алу мен тіркеуді циф­рландыру жөніндегі қызметі нақтыланғанын, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің тізбесі кеңей­тілгенін және жергілікті өкілді әрі атқарушы орган­дардың құзыреті айқындалғанын айтты. Оның сө­зінше, бұл шаралар қала маңындағы аумақтарды тиімді басқаруға және агломерацияларды дамытуға арналған нақты құқықтық негіз қалыптастырады. 

– Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын аумақтың бөлігі ретінде «әкімшілік-аумақтық бірлік» ұғымы енгізілді. Оны есепке алу мен тіркеуді цифрландыру бойынша жер­гілікті органдардың құзыреттері нақтыланды. Бұл құ­қықтық қарама-қайшылықтарды жойып, мемле­кеттік деректердің өзектілігін арттырып, ақпараттық жүйелердің өзара үйлесімділігін күшейтеді. Консти­туциялық заң жобасында еліміздің бірлігі мен тұтас­тығы туралы қағидат күшейтілді. Мемлекеттің әкім­шілік-аумақтық құрылымы ел аумағының тұ­тастығын сақтап, оған қол сұғылмауын және оның бөлінбеуін қамтамасыз ететін болады, – деп атап өтті Әли Бектаев.

Бұдан бөлек, кандидаттарды ұсыну процесі жүйеленеді және әкім лауазымына үміткерлердің жинаған дауыстары тең болған жағдайда қайта дауыс беруді өткізу тәртібі реттеледі. Сондай-ақ консти­туциялық заңмен ақпараттық алаңдарда сайлау алдын­дағы үгіт-насихатты жүргізу мәселелері реттелді, дауыс беру, дауыстарды санау немесе қорытындыны анықтау барысында конституциялық заң нормалары бұзылған жағдайда жекелеген сайлау учаскелерінде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлауды жарамсыз деп тану бойынша Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті толықтырылды.

Түзетулердің жеке блогы Құрылтайдың құрылуына және пропорционалды жүйеге көшуге байланысты конституциялық нормаларды іске асыру мақсатында қабылданды.