Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды.
Авиацияның әлеуеті артады
96
оқылды

Жиында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Көлік вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел, сондай-ақ Air Astana, TransInfoTech компанияларының, Жалпы мақсаттағы авиация пилоттары қауымдастығының және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдіктерінің басшылығы баяндама жасады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамы­туға ерекше назар аударатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы біздің алдымызға Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Аталған мақсатқа жету үшін қолданыстағы әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық және халықаралық әуе­компанияларына қолайлы жағдай жа­сау бағытында ауқымды жұмыстар атқа­рылуда, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкіметте қабылданған шаралар аясын­да әуекемелерінің паркі мен ұшу гео­графиясы кеңейіп келеді. Цифрлық ше­шімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Премьер-министр Көлік министрлігі қажетті инфрақұрылымды, сервис пен тех­никаны үнемі жаңартып, нарық пен технологияларға әрдайым талдау жүргізіп отыруға тиіс екенін атап өтті.

Авиатасымалдардың жаһандық өсуі жағдайында отандық авиация саласын дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 млрд-тан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034 жылға қарай екі есеге артады. Осыған орай Қазақстан әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнын иеленуі қажет екені атап өтілді.

Тиісті ведомствоға жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда, Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажеттігі, сондай-ақ билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс екені айтылды.

Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027 жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қала­ларына тікелей әуеқатынастарын ашу тап­сырылды. Премьер-министр инвестор­лар мен туристер тартуда бұл өте маңызды мәселе екенін атап өтті.

Үкімет Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ тран­зиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елімізде жүк тасымалдайтын отандық әуекомпаниясын құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты Қазақстанға жет­кізілу­ге тиіс. Көлік министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсы­рылды.

Сонымен қатар еліміздің авиация сала­сын одан әрі дамыту үшін кадрлық әле­уетті күшейту қажеттігі атап өтілді. Саланы табысты дамыту үшін білікті мамандар қатарын айтарлықтай ұлғайту қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Көлік министрлігімен бірлесіп, халық­ара­лық стандарттарға сәйкес келетін авиация­лық оқу орталығын құру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Азаматтық авиация академиясы жаңа деңгейге көтеріліп, сертификатталған және әлем мойындай­тын мамандарды дайындауы қажет. Шағын және өңірлік авиация үшін кадрларды даярлау кезінде авиация саласындағы қолданыстағы оқу орталықтарын пайда­ланған жөн.

Сондай-ақ ел ішіндегі коммерциялық тасымалдарға түсетін жүктемені азайтуға   және азаматтардың қозғалысын ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін   шағын авиацияны дамыту қажет.  Сонымен қатар Көлік ми­нистрлігі мен Қазаэронавигацияға қазір­ден бастап әуекөлігінің барлық түрін бас­қарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Жалпы үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүк­телді. 

М.ТӨЛЕУ