Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Рутоға Астанаға бизнесмендерден құралған үлкен делегацияны бастап сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді.
– Бұл мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екеніңізді көрсетеді. Кения – Африкадағы өте маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз құрлықта саяси және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Көптеген бағытта ықпалдастығымызды кеңейтудің тың мүмкіндіктері бар. Біз бұған қуаныштымыз. Оны табысты түрде ілгерілете алатынымызға сенімдімін. Бүгін екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылаймыз. Найроби Африкадағы халықаралық орталық ретінде танылғаны мәлім. Онда БҰҰ жүйесіндегі ұйымдар орналасып, тұрақты жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты Қазақстан Найробиде елшілік ашу туралы шешім қабылдаған болатын, – деді Қазақстан Президенті.
Уильям Руто Кения Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастыратынын атап өтті.
– Қазірдің өзінде елдеріміз арасындағы тауар айналымында өсім байқалады. Біз Қазақстан арқылы негізгі ауылшаруашылық өнімдерімізді Еуразия нарығына экспорттауға ниет танытып отырмыз. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қажетті құқықтық негіз қалап, тың мүмкіндіктерге жол ашатын бірқатар құжатқа қол қоямыз, – деді Кения Президенті.
Бұдан кейін Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы қарастырылды.
Мемлекет басшысы Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
– Кения – Африканың қарқынды дамып келе жатқан және озық елдерінің бірі. Географиялық тұрғыдан елдеріміз алшақ орналасса да, бізді жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз. Жаңа ғана екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмастық. Елдеріміздің жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Біз бейбіт сыртқы саясат жүргізіп, мультилатерализм қағидатына сай әлемдік тәртіпті дәйекті түрде жақтап келеміз. Қазақстан тарапы ортақ мақсаттарды өзара тиімді әрі нақты жобаларға ұластыруға дайын. Бүгінгі сапар барысында қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Кения ынтымақтастығын жаңа және сапалы деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзара сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды.
Өз кезегінде Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін атап өтті. Ол осы жүздесу екі елдің арасында 1993 жылы қаланған қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болғанын жеткізді.
– Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын, – деді Кения Президенті.
Тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық бағытта жоғары оқу орындарының арасында тығыз байланысты жолға қоюға, туризм бастамаларын өзара қолдауға және биоалуантүрлілікті сақтау ісінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Осыдан соң Мемлекет басшысы Кения Президенті Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан – Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты.
– Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.
– Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Уильям Руто осы жоғары марапатты Кения мен Қазақстан арасындағы мызғымас достықтың нышаны ретінде қабыл алатынын жеткізді. Бұл бейбітшілікке, ынтымақтастыққа және түрлі құрлықтағы халықтардың мәдениетін өзара байытуға қатысты ортақ ниетті көрсетеді.
– Орденді таққан кезде бірлік, құрмет пен ынтымақ сияқты құндылықтарға ықыласым арта түскенін сезіндім. Мен аталған жоғары марапатты үйлесімді өркендеу жолында Қазақстан халқымен тізе қосып, әрекет етіп келе жатқан Кения жұртының атынан қабылдаймын. Осы арқылы серіктестігіміз бекіп, екі ел арасындағы достық ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деп сенемін, – деді Кения Президенті.
Мазмұнды келіссөздер мәні
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Кения Президентінің елімізге жасаған алғашқы тарихи сапары қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенім білдірді.
– Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы кейінгі жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл – Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар бірқатар маңызды мәселе бойынша мазмұнды келіссөз жүргізген.
– Әсіресе сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық. Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесін құру туралы бастама көтердік. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытып отырғанын айтты.
– Сапар аясында Президент Руто мырза Alem.АI халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады. Келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы байланыстарға да көңіл бөлдік. Кения табиғатты қорғау және биоалуандықты сақтау мәселесіне айрықша мән береді. Бұл ұстаным біздің еліміздегі «Таза Қазақстан» идеологиясымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ бүгін елордамызда Қазақстан–Кения бизнес-форумы өтіп жатыр. Осы маңызды жиынға екі елдің іскер азаматтары қатысуда. Бұл іс-шара қос тараптың алыс-берісін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз үкіметтерімізге жан-жақты серіктестікті жандандыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдалас-тық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер келіссөз барысында халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
– Африка құрлығындағы және Таяу Шығыстағы ахуалды талқыладық. Найроби аймақтық қақтығыстарды реттеуді көздейтін бітімгерлік бастамаларға белсенді қолдау көрсетуде. Сондай-ақ Кения Африкадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Кенияның ұстанымдары – ұқсас. Екі ел де халықаралық мәселелерді тек бейбіт, дипломатиялық жолмен, яғни, келіссөздер арқылы шешу керек деп есептейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды күшейтуге келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер нәтижелі әрі мазмұнды болды деуге толық негіз бар. Біз Қазақстан мен Кения арасындағы байланысты нығайтуға, өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кения Президенті Мемлекет басшысымен көптеген саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сындарлы және нәтижелі келіссөз жүргізгеніне назар аударды.
– Біз екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жай-күйін қарастырып, сауда, инвестиция, инновация және өңірлік өзара ықпалдастық бағыттарындағы нақты шараларды іске асыру жайында уағдаластық. Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық, – деді Уильям Руто.
Экономикалық байланыстар тереңдейді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто «Қазақстан-Кения» бизнес форумына қатысты.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл саяси шешімдерді бекітуге және екіжақты байланыстарды нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін көрсетеді.
– Президент Уильям Рутомен жүргізген нәтижелі әрі мазмұнды келіссөз барысында көптеген бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенімізді растадық. Сондай-ақ серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындадық. Экономикалық байланыстарымыз таяу арада нақты іске ұласады деп ойлаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық серіктестікті жандандыру бойынша бірқатар бастама көтерді.
– Сауда мен инвестиция саласындағы диалогтың арнаулы платформасына айналатын «Қазақстан – Кения» іскерлік кеңесін бекіту қажет. Бизнес-миссиялардың барыс-келісін тұрақты түрде ұйымдастыру компаниялардың өркендеуіне ықпал етеді. Қазақстанның Кениядағы бизнес мәселелерін үйлестіру бойынша Құрметті консулын тағайындау елдеріміздің кәсіпкерлері арасындағы байланысты арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын жақсарту перспективасы мен тың мүмкіндіктерді пайдалану жөніндегі сарапшылар тобын құру ұсынылады. Осы шараларды іске асыру министрлер деңгейіндегі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияны тездетіп құруға берік негіз болады деп сенемін. Сондай-ақ бизнес тәжірибелерін зерделеу үшін Кенияға іскерлік орта өкілдерінен құралған топ жіберуге уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ірі елдердің бірі. Өсім динамикасы – 6,5 пайыз.
– Шағын және орта бизнес – экономикамыздың 40 пайызына жуығын құрайды. Ел жетістіктерінің мәні осында. Мемлекеттегі тұрақты саяси ахуал экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция инвесторлар құқығын қорғаудың кепіліне айналды. Қазақстан инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тартымды институционалдық база қалыптастырды. Институционалдық қауіпсіздік арқылы ұзақмерзімді ынталандыру шараларын ұсынамыз. Енді шетелдік кәсіпкерлер инвесторларға салықтық және миграциялық жеңілдіктер беретін Altyn Visa бірегей бағдарламасын толық пайдалана алады. Осы орайда кениялық бизнестің көшбасшыларын аталған мүмкіндіктерді қолданып, Қазақстанды инвестиция, өсім және ұзақмерзімді серіктестік үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыруға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің бірқатар перспективті салаларына тоқталды.
– Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы ретінде қалыптасты. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағынан өтеді. Орта дәліз атауымен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Ал Кения – 300 миллион халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа. Орта дәлізді Африканың маңызды теңіз жолдарымен жалғау қажет. Осы мақсатта «Бір белдеу, бір жол» бастамасының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Қазақстан Шығыс Африканың ірі көлік-логистика желісі саналатын Кениядағы Момбаса және Ламу порттарымен байланыс орнатуға әзір. Бұл айлақтар қазақстандық металл өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің экспортын айтарлықтай арттыруға жол ашады. Теңіз жолына қоса әуеқатынасын дамыту жүк жеткізуді барынша жеделдетеді. Қазақстандағы «ашық аспан» режимі әлемдік авиатасымалдаушылар үшін жақсы ынталандыру болмақ. Ең әуелі, екі ел арасында әуе жүк тасымалын іске қосу мүмкіндіктерін зерделеуді ұсынамын. Әрине, біздің ұзақмерзімді міндеттеріміздің бірі – Астана мен Найроби арасында тікелей әуерейстерін ұйымдастыру, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады.
– Қазақстан негізгі азық-түлік дақылдарын өндіретін әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Африкадағы жоғары сұранысты ескере отырып, Сіздің еліңізге бидай экспорттауға мүдделіміз. Ал Кенияның шәйі, кофесі мен гүлі әлемге әйгілі. Сондықтан біз Қазақстанда Кения сауда хабын ашуға ниеттіміз. Сол арқылы Сіздің елдің бизнесі Еуразия нарығына дендеп ене алады. Сонымен қатар аграрлық саладағы бірлескен білім беру бастамасын құптаймыз. Кениялық студенттер мен мамандарды оқу орындарымызда қуана қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі және геологиялық барлау екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыты саналады.
– Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің және аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Таза энергияға көшу, цифрлық технология және озық өндіріс салаларында жаһандық сұраныстың ұлғаюына байланысты аталған қазба байлықтардың маңызы арта түсті. Осы орайда геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. «Самұрық-Қазына» мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз. Оның аясында тараптар жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, бағалау және ілгерілету жұмыстарымен айналысады. Бұл құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, Кения Африканың «Кремний саваннасы» ретінде кеңінен танымал.
– Қазақстан GovTech және FinTech салаларында мол тәжірибе жинады. Бұл ретте электрондық үкіметке және заманауи банк инфрақұрылымына қатысты үздік шешімдерін бөлісуге дайын. Сонымен қатар жасанды интеллект және ғарышты игеру саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бүгін қол қойылған IT, ғарыш технологиясы салаларындағы бірқатар меморандум елдеріміздің нәтижелі әрі ұзақмерзімді серіктестігіне жол ашатыны анық, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Найроби халықаралық қаржы орталығы арасындағы әріптестікті құптады. Мемлекет басшысы кениялық компанияларды АХҚО мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде бизнесін көркейтуге шақырды.
Президенттің пікірінше, бүгінде Қазақстанның туризм саласы қарқынды дамып келеді, осы орайда «шытырман оқиғаға толы» туризмді дамытқан жөн.
Мемлекет басшысы бүгінгі форум Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастық әлеуетін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ экономикалық байланыстарды нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін жеткізді.
Уильям Руто Кения мен Қазақстан ықпалдаса отырып, Африка және Орталық Азия арасында жаңа экономикалық көпір орната алатынына сенімді екенін айтты.
– Осында жиналған бизнес көшбасшыларын диалогтан – келісімге, байланыс орнатудан инвестицияға көшуге, қос халықтың игілігі үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп орындарын дамытуға шақырамын. Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін біздің елімізден келетін тауарларға арналған Астанада логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын, – деді Кения Президенті.
Қазақстан мен Кения президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын да аралап көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, елдің басты технологиялық хабы саналатын кешеннің әлеуетімен танысты.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттер басшыларына музей экспозициясы мен ЖИ-кинотеатрын көрсетіп, орталықтың ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы мәлімет берді.
Президенттерге Astana Smart City жүйесі және оның бейнеталдау, қоғамдық қауіпсіздік, көлік ағыны мен қалалық қызметтерді онлайн режимде үйлестіру салаларындағы мүмкіндіктері баяндалды.
Бұдан кейін Қазақстан мен Кения президенттері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды.
Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Кения арасында инвестиция тартуға және халықаралық қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған өңірлік алаң ретінде АХҚО қызметі таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Рутоға АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров орталықтың негізгі бағыттары, соның ішінде капитал нарығын қалыптастыру, орнықты, «жасыл», ислам және авиа қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ аталған алаңға халықаралық компаниялардың қатысуын кеңейту шаралары жөнінде әңгімеледі.
Орталықтың экожүйесінде 90 елден келген 5 600-ден аса компания тіркелген. Осы жылдарда тартылған инвестиция көлемі 21,8 миллиард доллардан асты. Орталық жұмыс істей бастағаннан бері АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 317,4 миллиард теңге салық төледі.
