Басқосу қызметтік иттерді асылдандыру және селекциялық жұмысты дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруға бағытталды.
Чемпион тұқымнан тараған иттер кинологиялық орталыққа берілді
296
оқылды

Алматы қаласы мен облысының күш құрылымдарының кинологиялық бөлімшелері маңызды кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Басқосу қызметтік иттерді асылдандыру және селекциялық жұмысты дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруға бағытталды.

Кездесу аясында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің кинологиялық орталығы Қазақстан Республикасы ІІМ Кинологиялық орталығына Малинуа атты бельгиялық овчарка тұқымынан тараған үш итті табыстады. Жеті айлық иттер бұдан әрі асылдандыру жұмыстарында пайдаланылатын болады, бұл қызметтік иттердің генетикалық әлеуеті мен жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Аталған иттердің шығу тегі ерекше. Олардың әжесі Аустриядан кинологиялық орталыққа 2019 жылы әкелінген. Бұл тұқымнан тараған қызметтік иттер Алматыда өткен беделді көрмелерде өздерін кәсіби тұрғыдан көрсетіп келеді. Нақты айтсақ, Артист есімді күшік көрменің "Үздік күшігі" номинациясына ие болды, сонымен қатар Ресей Федерациясының чемпионы атанды. Осылайша, ол өз тегінің ерекшелігі мен тұқым қуалайтын қасиеттерін дәлелдеді.

Мамандардың айтуынша, чемпиондық асылтұқымды иттерді пайдалану қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылатын қызметтік иттерді даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл селекциялық бағдарламаларда дәлелденген.

Кинологиялық орталықтардың өзара тәжірибе алмасуы, қызметтік иттерді тұқымдастыруы — Қазақстанның заманауи кинологиялық қызметін дамыту үшін күш-жігер мен ресурстарды біріктіруге бағытталған ведомствоаралық ынтымақтастықтың көрінісі.