OpenAI бас директоры Sam Altman федералдық сотта өзін қорғап қалды. Сарапшылардың пікірінше, бұл сот процесі компанияның корпоративтік мәдениеті мен басқару жүйесіне қатысты проблемаларды ашып берді.
Илон Маск жеңілді, бірақ Сэм Альтманның беделіне көлеңке түсті
Сэм Альтманның адами тұрғыдан да, кәсіби тұрғыдан да адалдығына баға берілді. Фото aljazeera.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Josh Edelson
341
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz кешегі әріптестердің арасындағы келіспеушілік қандай салдарларға алып келгенін талдайды.

Бұл сот процесі Сэм Альтманның жеке беделі мен сенімділігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сот алқасы Илон Масктың OpenAI-ді коммерциялық компанияға заңсыз айналдырды деген талабын қабылдамады. Судья Маск талап арызды тым кеш бергенін атап өтті. Бұл шешім OpenAI-дің болашақ IPO жоспарына жол ашты. Себебі сот компанияны 150 млрд доллар шығынға ұшыратуы және басшылықты өзгертуі мүмкін еді. Бірақ бұндай жеңіске қарамастан, процесс кезінде жария болған ішкі құжаттар инвесторлардың сеніміне әсер етуі ықтимал.

Соттағы ең маңызды тақырыптардың бірі – Сэм Альтманның адами тұрғыдан да, кәсіби тұрғыдан да адалдығы болды. Илон Масктың адвокаты Стивен Моло: «Бұл істе Сэм Альтманға деген сенім тікелей қойылды», – дейді. Маск пен оның бұрынғы серіктестері Альтманды бірнеше рет «өтірік айтты» деп айыптады.

Өз кезегінде Альтман өзін қорғап: «Мен өзімді адал әрі сенімді кәсіпкер деп санаймын», – деп мәлімдеді. OpenAI заңгерлері болса Маск командасын «қаралау науқанын» жүргізді деп айыптады.

Процестегі ең резонансты сәттердің бірі – OpenAI-дің бұрынғы техникалық директоры Mira Murati жазған ішкі меморандумдардың жариялануы болды. 2022 жылғы құжатта ол: «Жобалар, адамдар және мақсаттар төңірегіндегі тұрақты дүрбелең хаос тудырады», – деп жазған. Сонымен қатар Мурати Альтманның басшыларды бір-біріне қарсы айдап салып, қарсы қойғанын және кейде сенімсіз әрекет еткенін айтқан.OpenAI негізін қалаушылардың бірі Ilya Sutskever де Альтманның көшбасшылық мәселелеріне қатысты мысалдарды ұзақ уақыт бойы жинағанын мәлімдеді. Дегенмен OpenAI ішінде Альтманды қолдау да күшті болған. 2023 жылы директорлар кеңесі оны уақытша қызметінен алып тастағанда, қызметкерлердің басым бөлігі оның қайта оралуын талап еткен.

Сарапшылардың пікірінше, бұл іс ЖИ индустриясындағы ең маңызды сабақтардың біріне айналды. Бүгінгі әлемде технологиялық жетістік қана емес, басқару сапасы мен сенім де шешуші рөл атқарады. Wedbush аналитигі Дэн Айвз бұл үкімді «OpenAI үшін үлкен жеңіс» деп атағанымен, Альтман «беделдік шығынға» ұшырағанын мойындады.