Иә, Баубек Бұлқышев қазақ әдебиетінде найзағайдай жарқ етіп өткен талантты жан еді. Оның қысқа ғұмырына тұтас бір дәуірдің қасіреті мен қайсарлығы сыйып тұр десек, артық емес. Ол небәрі жиырма сегіз жыл ғана өмір сүрсе де, артына отты сөз, өр рух, өлмес ерлік қалдырды. Бұлқышевтің өмірі – оқ пен оттың арасынан туған әдебиеттің тағдыры. Оның шығармаларынан жалынды жастықтың үні, қайраты, болмысы сезіледі.
Ұлытаудың өрені
Ұлытаудың батыс бауырында дүниеге келген қарапайым қазақ баласының тағдыры аласапыран ғасырмен тұспа-тұс келді. Даланың самалын жұтып, кең сахараның төсінде өскен бала Баубектің көкірегінде ерте оянған бір сезім болды. Ол – білімге, өнерге, үлкен өмірге деген құштарлық еді. 1935 жылы арман жетегінде Алматыға келген бозбаланың қалтада қаржысы, арқада сүйеніші болмағанымен, жүрегінде үміті болды. Институтқа түсуге білімі жетпеген соң, техникалық колледждің даярлық курсына оқуға түседі. Бірақ оның жаны техникадан гөрі әдебиетке жақын еді. Газет-журналдарға мақалалар жазып, әдеби ортаға араласа бастайды.
Баубек жастайынан сөздің салмағын түсінді. Оның бойында жалын бар еді. Сол жалын кейін майдан даласында лапылдап жанды. Соғыс басталғанда ол қолына қару алып қана қоймай, қаламын да тастамады. Кейбір адамдар оқпен ғана соғысса, Баубек сөзімен де, қаруымен де шайқасты. Оның майданнан жазған мақалалары сол кездегі қазақ жастарының рухын көтерді. Әсіресе, «Майдандағы қазақ жасының дәптерінен» атты мақаласы – тұтас бір ұрпақтың жанайқайындай әсер қалдырған шығарма. Бұл мақаласында жауынгер жазушы: «Менің үстімде қызыл әскер киімі, мен армияда жүрген Азия елдерінің ұлымын. Мен – шығыс адамымын, батысқа кетіп барам. Күн де мені қимағандай ұясына қона алмай тұр. Маған көзін тура қадап: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы аламын!» деген сөздері өзекті өртейді.
Бұл мақалаларында Баубек қорқынышты емес, рухты жазды. Ол соғыстың сұмдығын көрсете отырып, адамның жігерін жоғалтпау керегін айтты. Майдандағы ауыр күндердің өзінде ол адам бойындағы үміттің өлмеуі керегін түсінді. Оның әрбір мақаласының әр жолынан өр мінезі сезіледі: ел үшін күресу – құр міндет емес, намыс екенін ұғындырды.
Баубек Бұлқышевтің шығармаларын оқығанда, оның ерекше романтик болғанын аңғарасың. Ол өмірді шексіз сүйді. Жастықты, махаббатты, туған жерді, азаттықты сүйді. Бірақ дәл сол өмір оған ұзақ ғұмыр сыйламады. Соғыс оны ерте жалмады. Жиырма сегіз жас... Кей адам бұл жаста өмірдің енді басталғанын сезінеді. Ал Баубек сол жасында тұтас бір елдің рухын көтеріп, отты сөздерін қаламына арқау етті.
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінде: «Өзі пионер газетінде істеп жүріп, қолы сәл босады дегенде маған жетіп келетін. Тойған қозыдай толықша келген томпақ, ажарлы ақкөңіл баланы көргенде мейірім түсе қалатын. Сол кездің өзінде орыс әдебиетін көп оқып, ізденіп жүретінін байқайтын едім. Кейде Пушкин, Лермонтов өлеңдерін де көзін жұмып алып, жатқа оқитын еді», – дейді.
Әттең, талантты баланың тағдырын сұм соғыс шешіп кетті. Оның тағдырындағы аянышты тұс та осында. Әдебиетке енді ғана қанат қағып келе жатқан жас таланттың өмірі келте қиылды. Егер ол соғыстан аман келгенде, қазақ әдебиетінің алыптарының біріне айналар ма еді? Бұл – жауабы жоқ сұрақ. Бірақ бір нәрсе анық: жазушы қысқа ғұмырында ұзақ өмір сүрген секілді өшпейтін із қалдырды.
Жазушының жүрек сыры
Баубек Бұлқышев пен жазушы Мұқан Иманжановтың достығы ерекше болған. Майданда жүрген жауынгер көп хаттарын Мұқанға жазып тұрыпты. Баубек соғыста қаза тапқанда, Мұқан Иманжанов тебіреніп, «Қош бол, Шығыс ұлы!» атты әңгіме жазған.
Мұқанға жазған хаттарының бірінде жауынгер жазушы: «Мұқанжан, іш қазандай қайнайды, уақыт болса өтіп барады. Қол сермейтін кезең – дәл осы кез. Не керек, творчестволық жын булығып тұр. Тұншығып бой көтере алмай жатыр. Қайтерсің. Қайран жиырма бес осылай жын соғып селкілдеумен өтіп жатыр», – дейді.
Шығармашылық дерт жауынгердің өне-бойын тұмшалап, аласұртып тұр. Жазғысы келеді, майдан даласы оған мүмкіндік бермейді. Сұм соғыста жүріп, жазушы отты, ызалы сөз төгуге мәжбүр болды. Қорқыныш бойын кеулеген жоқ, одан сайын ширыға түсті. Соғыс өрті шынықтыра түсті. 1942 жылы «Комсомольская правда» газеті «Өмір мен өлім туралы» атты жалынды әңгімесін басты. «Бұл әңгімеде қазақ жасының жүрек сыры, жан күйі тербелген еді».
Бұлқышев туралы айтқанда, біз тек жазушыны емес, тұтас дәуірдің символын еске аламыз. Оның бойында қазақ жасының өрлігі, намысы болды. Ол оқ пен оттың ортасында жүріп те рухани биігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан оның есімі уақыт өткен сайын асқақтай түседі.
Тарихшы Тілеу Көлбаев жауынгер жазушының соңғы сәттері туралы тебірене жазған екен. 1944 жылдың көктемінде Баубек қызмет еткен полк Ново-Юльевка селосын жаудан азат етеді. Бірақ фашистер берілгісі келмей, селоны қайтарып алу үшін қайта-қайта шабуылға шығады. Гвардияшылар төрт дүркін жасалған шабуылды тойтарып, жауды өткізбейді. Ақыры шегінуге мәжбүр болған жау артындағы жолдың бәрін миналап кетеді. Бұл кеңес әскерінің алға жылжуына үлкен кедергі келтіреді.
Сол сәтте аға лейтенант Баубек Бұлқышев бір топ жауынгерді ертіп, миналарды тазартуға кіріседі. Өліммен бетпе-бет келіп тұрса да, ержүрек ұл тайсалған жоқ. Жарты сағаттың ішінде олар екі жүз сексен минаны залалсыздандырады. Бұл бір батальон әскерді ажалдан арашалап қалу деген сөз еді. Саперлердің ерлігі арқасында жаяу әскер де, танкілер де, артиллерия да алға жылжуға мүмкіндік алады.
Бірақ тағдырдың жазуы тым қатал еді. Бұлқышев ең соңғы, екі жүз сексен бірінші минаны көтеріп ала берген сәтте, жарылып кетеді. Қайран ер сол жерде құлап түседі. Бұл – жауынгер жазушының соңғы минуты, соңғы демі еді. Сол мезетте гвардияшылар сүйікті командирінің денесін тік көтеріп алып, жауға қарай алға ұмтылған екен. Бұл көріністе тек қайғы ғана емес, кек те, рух та бар еді. Өйткені Баубек олар үшін жай офицер емес, жүректеріне от жаққан рухани жетекші болатын. Оның өлімі жауынгерлердің еңсесін түсірген жоқ, қайта қайратын жандырып, кеуделеріне намыс құйды.
Баубек Бұлқышев майданда жүріп те болашақ туралы көп ойланған екен. Оны жазушының мына жазбасынан аңғаруға болады. «Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді. Мүмкін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, менен кіші інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жандарсыңдар. Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік...»
Бұл – жай ғана сөз емес. Бұл – тұтас бір ұрпақтың аманаты. Соғысқа кеткен қазақ жастарының жүрек сөзі. Олар өз бақытын емес, келешектің тыныштығын ойлады. Өздерінің жастығын оққа байлап, кейінгі буын соғыс көрмесін деп жанын қиды. Баубек сол буынның символына айналды. Оның шығармаларында жалған ұран жоқ. Әдемі сөз үшін айтылған пафос та жоқ. Онда жүректен шыққан шындық бар. Сондықтан Бұлқышевтің мақалалары бүгін де ескірмейді. Өйткені адамзат үшін Отан, ерлік, ар, намыс деген ұғымдар ешқашан көнермейді.
Қазір біз бейбіт күнде өмір сүріп отырмыз. Таңертең алаңсыз оянып, кешке тыныш ұйықтаймыз. Балалар күлкісі естілетін бейқам өмір кешіп жатырмыз. Бірақ сол тыныштықтың артында Баубек Бұлқышев секілді қаншама боздақтардың төгілген қаны, үзілген арманы жатқанын ұмытпауымыз керек.
Жауынгер жазушы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешті. Бірақ ол артына ғасырлық мұра қалдырды. Кей адамдар ұзақ өмір сүріп, артында із қалдырмай кетеді. Ал кейбір адамдар аз ғана ғұмырында мәңгілікке айналады. Баубек Бұлқышев – сондай мәңгілік тұлғалардың бірі десек, қателеспейміз. Оның есімі уақыт өткен сайын биіктей береді, биіктей береді…
ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҮЙІНІ:
Оның есімі ұмытылмайды. Кезінде Қазақстан Журналистер одағы жас публицист журналистерге арнайы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық белгілеген еді. Тәуелсіздік алғанға дейін осы сыйлық тұрақты түрде беріліп тұрды. Одақ жеке адамдардың қолына өткеннен кейін тоқтап қалды...
Бәлкім, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі «Дарын» сыйлығының журналистерге арналған номинациясын Баубек Бұлқышев атына белгілесе, олқылықтың орны толар ма еді?!.
Айна ХАСАН
