Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілерге Жоғарғы Бас Қолбасшының атынан жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Бұл – Отан қорғаушыларға мемлекет тарапынан жасалған шынайы құрмет пен қамқорлық белгісі. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы әрдайым назарда. Бүгінгі табысталған пәтерлер – сіздер жасаған қажырлы еңбекке берілген лайықты баға. Жауынгердің жеңісі – оның артындағы тылына байланысы, ол тыл – отбасы. Әскери қызметті адал атқару үшін, әлеуметтік жағдайға жалтақтап артқа қарамау өте маңызды. Бүгін Мемлекет басшысы атынан сіздерге жаңа пәтер кілттерін табысталды. Әр шаңырақта ертең ел тізгінін ұстайтын, Отанына адал қызмет ететін ұлықты ұрпақ өсіп-жетіледі деп сенемін, – деді Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев те әскери қызметшілерді қоныстоймен құттықтады.
– Бұл үй – Мемлекет басшысының тарапынан сіздерге көрсетіліп отырған үлкен қамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі. Отанға адал қызмет етіңіздер. Айбынды армиямыздың абыройы арта берсін. Жаңа баспана құтты болсын! Әрқашан шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз берік болсын, – деді Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Жаңа баспанаға ие болған 15 әскери қызметші мен олардың отбасылары үшін бұл ерекше қуаныш пен үлкен көмек. Жаңа үйде тұрмысқа қажет дүниенің бәрі бар. Ішіндегі жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника да көзді қуантады.
– Мен бүгін екі бөлмелі үйдің кілтін алдым. Мен және менің отбасым үшін бұл – үлкен қуаныш. 11 жылдан бері әскери бөлімде телефонисші болып қызмет атқарамын. Мерекеде осындай сыйлық жасаған жоғары басшылыққа үлкен алғысымды айтамын, – деді ефрейтор Динара Бекмағамбетова.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық әскери қызметтің беделін арттырып, жауынгерлердің ел алдындағы жауапкершілігін одан әрі нығайта түседі. Жаңа қоныста шашу шашылып, үлкен кісілер бата берді.
– Біз үшін бүгін өте қуанышты күн. Баспаналы болдық. 6 баланың әкесімін. Мерекеде осындай керемет сыйлық жасап, көңілімізді көкке жеткізген Жоғары Бас Қолбасшыға, Қорғаныс министрлігіне алғысым шексіз. Барлық әріптестеріме жұғысты болсын, – деді 87962 әскери бөлімінің бөлімше командирі, сержант Әлімжан Ырысбеков.
Сержант Әлімжан Ырысбековтің кішкентай қызы Айым Рахымберді де қуанышты балалық көңіл күйімен бөлісті.
– Алақай, біз бүгін пәтер алдық. Асүйде анам және әпкелеріммен бірге әкем мен ағаларыма тәттілер пісіреміз, – деді 6 жасар Айым Рахымберді.
Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Әскери қызметшілеріміз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
