Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда қатысты.
Семейде Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнирде Абай облысының командасы жеңімпаз атанды
Фото: gov.kz
234
оқылды

Семейде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда қатысқан. Атап айтқанда, турнирде Qazaqstan TV (Астана қаласы), «Абай облысы» (Абай облысы), Aqmeshit (Қызылорда облысы), «Атырау» (Атырау облысы), Kazmedia (Астана қаласы), Qareket (Жетісу облысы), «Семей» (Семей қаласы), Setanta (Алматы қаласы), «Тараз Пресс» (Жамбыл облысы), «Хабар» (Астана қаласы), «Шымкент» (Шымкент қаласы) және Bek Sport (Астана қаласы) командалары бақ сынады.

Амангелді Сейітхан атындағы  Seitkhan cup республикалық турнирі 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін жарыс төрт рет Алматы қаласында өткен болатын. Биыл облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен алғаш рет тұлғаның туған жерінде – Абай елінде, Семей қаласында ұйымдастырылды.

Турнир қорытындысы бойынша, Абай облысы командасы ақтық сында «ҚазМедиа» командасымен кездесіп, пенальти сериясында жеңіске жетіп, І орынды иеленді. Осылайша, екінші орын Астана қаласынан келген «ҚазМедиа» командасына бұйырса, III орынды Жетісу облысының «Қаракет» командасы алды. Бірінші орынға 2 миллион, екінші орынға 1 миллион, үшінші  орынға 500 мың теңге табысталды.

Сонымен қатар сайыста үздік өнерімен көзге түскендер «Үздік сұрмерген», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Құрмет» және «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы номинациялары бойынша марапатталды.

Турнирдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли тартысты бәсеке үшін командаларға алғыс білдірді.

«Бүгінгі жарысымыз өте жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Оған бүгінгі алаңдағы тартысты ойындар дәлел. Баршаңызды Амангелді Сейітхан турниріне арнайы келіп, Семей жерінде жарыстың көрігін қыздырғандарыңыз үшін облыс жұртшылығы атынан алғыс айтамын», – деді Берік Уәли.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.