Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болашағы – саналы, білімді әрі елжанды жастардың қолында екені айқын. Сондықтан да жастар тәрбиесі, оның ішінде әскери патриоттық бағыт – қоғам алдындағы аса стратегиялық маңызы бар міндет. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында осы өзекті мәселелер төңірегінде Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтеповті әңгімеге тартып, ел қорғаны, әскери қызмет және жастар тәрбиесі туралы ой өрбіткен едік...
– Ерболат Еленұлы, әңгімеміздің әлқиссасын тарихи сабақтастықтан бастасақ. Ұрпақтың кешегі өткен қиян-кескі соғыста оқ пен оттың ортасында қан кешкен батыр тұлғалардың ерлігімен сусындауы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Иә, айтуыңыз өте орынды. Ең алдымен, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында жанын пида еткен боздақтар рухына тағзым етеміз. Ұлы Отан соғысы халқымыз үшін аса үлкен сын болды. Сол кезеңде тек қана Ақмола өңірінен ғана мыңдаған азамат майданға аттанып, олардың 47-сі Кеңес Одағының Батыры атанған еді. Бұл – теңдессіз ерліктің айқын дәлелі. Сол көзсіз ерлігімен көзге түскен ержүрек батырлардың қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, көрнекті ғалым әрі батыр Мәлік Ғабдуллин, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов сияқты тарихи тұлғаларымыз бар. Осындай қайсар ерлердің ерлігі – бүгінгі Қарулы Күштердің рухани тұғыры екені сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақ, яғни болашақ Отан қорғаушылар жоғарыдағы тұлғалардың тарихымен тереңірек танысуға тиіс. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштері құрылып, бұл күн мемлекеттік деңгейде Отан қорғаушы күні ретінде белгіленді. Бұл – әскери дәстүрдің жалғастығы мен ел қауіпсіздігінің символына айналған күн.
– Жастардың әскери міндетін орындауға ұмтылысы қалай? Қазіргі әскердің тыныс-тіршілігі және шақыру науқаны қалай жүріп жатыр?
– Әскерге шақыру жұмыстары жүйелі әрі ашық жүргізіледі. Былтыр облыс бойынша 1 747 азамат шақырылуға жатқызылып, 1 899 жас алдын ала даярлықтан өтті. Оның ішінде 861 азамат нақты әскери қызметке іріктелді. 22 әскери команда жасақталып, олар еліміздің аумағындағы түрлі әскери бөлімдерге жіберілді. Биыл көктемгі шақыру барысында 900-ден астам жас әскер қатарына қосылды. Жалпы, жыл қорытындысында екі мыңға жуық азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. Ең бастысы, қазіргі уақытта жастардың әскерге өз еркімен тіпті сұранып баруы көбейді. Бұл олардың азаматтық позициясының қалыптасқанын айғақтай түседі.
– Жастардың әскери өмірге әзірлігі балалық шақтан басталуға тиіс дейтіндер көп. Бұл орайда болашақ сарбаздарды тәрбиелеп шығаратын әскери оқу орындарының рөлі қандай? Сондай-ақ әскери қызметтің заңнамалық негіздері туралы не айтасыз?
– Бізде барлық жұмыс «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң аясында жүргізіледі. Сонымен қатар әскери-техникалық мамандарды даярлау жүйесі де нақты реттелген. Жастардың ерте бастан әскери өмірге бейімделіп, ширыққан шымыр болып өсуі аса маңызды. Өйткені қазіргі кезде өкінішке орай физикалық дене дайындығы төмен, аурушаң балалар саны басым болып барады. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың саналы түрде Отан қорғауға дайын болуы үшін психологиялық және физикалық дайындығына баса мән берілуі тиіс деген ойдамын. Бұл орайда әскери бағыттағы мектептер мен оқу орындарының рөлі ерекше. Мәселен, Щучинск қаласындағы әскери-техникалық мектепте былтыр 105 сарбаз оқып, 81-і оқуын сәтті аяқтады. Қараша айында тағы 54 азамат даярлықтан өтті. Бұдан бөлек, Қарағандыда жүргізуші мамандар даярланып, кейін әскери бөлімдерге жіберіледі. Мұнымен қоса, жалпы білім беретін орта мектептерде де балаларды әскер сапына дайын болуы үшін барынша әзірлік шараларына мән беру қажет деп санаймын.
– Жалпы, жастарды әскери оқу орындарына тарту қалай жүзеге асырылады?
– Жастарды әскери бағыттағы оқу орындарына тарту бағытында кеңауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Тек былтыр ғана 16 мыңнан астам жас кәсіби бағдарлау шараларымен қамтылып, нәтижесінде 150 азамат әскери оқу орындарына түсті. Атап айтқанда, өірде жүргізілген кешенді жұмыстардың арқасында Алматыдағы құрлық әскерлері институтына – 54, Талдықорғандағы әуе қорғаныс күштері институтына – 27, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына – 24, Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 45 азамат қабылданды. Бұл – болашақ офицерлер корпусын қалыптастырудағы аса маңызды көрсеткіш. Кәсіби және психологиялық даярлығы мықты, физикалық жағынан шымыр жастардың әскери саланы таңдауы – біз үшін аса үлкен мақтаныш әрі абырой.
– Көп жағдайда жастардың кез келген саладағы әлеуметтік жағдайға мән беретіні аян. Бүгінгі әскери қызметтің әлеуметтік артықшылықтары қандай?
– Бүгінгі армия тек міндет емес, аса үлкен мүмкіндік деп те айтар едім. Үздік сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификат беріледі. Мәселен, өткен жылы мұндай мүмкіндікті 20 жас пайдаланды. Сондай-ақ әскерден кейін бір жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге түсуге болады. Бұл жастар үшін аса үлкен жеңілдік екені сөзсіз. Сонымен қатар сарбаздар алты айдан кейін келісімшартқа отырып, кәсіби әскери қызметін де жалғастыра алады. Сарбаздардың өмірін әскери арнаға бұруы елдің болашағының бекем болуы үшін де аса маңызды деп ойлаймын.
– Аймақта Отан қорғаушылар күні қалай аталып өтеді?
– Бұл мереке жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Мәселен, былтыр әскери шеруге әскери бөлімдер, құқық қорғау органдары, курсанттар мен әскери-патриоттық клуб мүшелері қатысты. Шараға қатысқан жиырмадан астам азамат марапатталды. Олардың ішінде ерлік көрсеткен қарапайым жастар да бар. Биыл да мерекеге дайындық ерекше қарқынмен жүргізілуде.
– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру аймақта қалай жүзеге асырылып келеді? Бұл бағыттағы жұмыстардың қаншалықты маңызы бар?
– Жас ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу елдің ертеңі үшін аса зор жауапкершілігі мол міндет дер едім. Өйткені бұл – ең біріншіден, ел қауіпсіздігінің негізі. Оның берік болуы жастардың Отанын сүюіне, тікелей байланысты. Патриотизм – тек сөз емес, ол нақты іспен дәлелденбек. Бұл орайда біз жастармен түрлі бағытта жұмыс жүргіземіз. Әсіресе, әскери-патриоттық клубтар, жарыстар, оқу-жаттығу шараларына баса мән беріледі. Мәселен, Бурабайдағы «Намыс» клубы, Степногорскідегі «Батыр» клубы, Атбасардағы «Арлан» клубы осы бағытта жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. «Жас Ұлан» ойындарында «Арлан» клубының тәрбиеленушілері жүлделі екінші орын алды. Бұл – үлкен жетістік. Осындай игілігі мол шаралар жастарды тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да шыңдай түседі. Олар тәртіпке, жауапкершілікке әрі ұйымшылдыққа үйренеді. Бүгінгі армия – тек қару ұстайтын күш емес, ол – тәртіп пен тәрбиенің, жауапкершілік пен рухтың мектебі. Елін сүйетін, оның болашағына бейжай қарамайтын ұрпақ қана мемлекеттің тірегіне айналмақ. Әскери-патриоттық тәрбие ел болашағына салынған кепілді инвестиция деп те айтуға толық негіз бар. Өйткені Отанын қорғауға дайын азамат – тәуелсіздіктің кепілі. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көгіміз ашық болсын!
– Әңгімеңізге рақмет! Әскеріміз айбынды, жастарымыз қайратты, Отанымыздың іргесі берік болсын!
Сұхбаттасқан
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы