Сондықтан әлемдік экономика тек ресурстарға емес, технологиялар мен икемді басқаруға ауысу керек. Ондай жүйеге әлдеқашан көшіп кеткен елдер бар. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alatau City жобасын қолға алуы жаңа қала салу ғана емес, еліміздің алдағы 50 жылдық даму стратегиясын айқындайтын геосаяси шешім деп қабылдау қажет. Қазақстан шикізаттан инновациялық-сервистік бағытқа өтеді. Alatau City осы жолдағы сүйреуші күшке айналады деген үміттеміз. Кезінде «темір арба ат болады», «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырды, тастан сарай салдырды» деген сөздер сенімсіз көрінгенімен, ақиқатқа айналып, ұшатын көліктер де пайда болды.
Жақсы жобаны жақтау бүгінгі қиындықтарды емес, ертеңгі мүмкіндіктерді таңдау дер едім. Біз озық елдердің озық үлгісін алуымыз керек. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – Қазақстанды жаңа технологиялық деңгейге жетелейтін «алтын көпір». Біз еркін, бай және бәсекеге қабілетті болашақтың іргетасын қалап жатырмыз. Әлемдегі геосаяси ахуалдың оңалмай тұрғаны белгілі, алпауыт мемлекеттердің өзі тәлтіректеп, небір керемет туристік орталықтар қауіпсіз аймақ ауанынан шығып кетті. Бастысы, елімізде тұрақтылық пен тыныштық бар. Қазір әлемдік деңгейдегі кәсіпкерлер, мультимиллиардерлер кәсібін дамытып, қаржысын сақтайтын қауіпсіз жер іздейді. Alatau City жобасы аясындағы заңнамалар әлемдік капитал іздеп жүрген тек салық жеңілдіктерін емес, ең алдымен, активтердің қауіпсіздігі мен құпиялығын сақтау сұранысына сай келеді. Бұған «салықтан жалтару аймағы» емес, жоғары технологиялық сенімгерлік басқару орталығы ретінде қарағанымыз жөн.
Бүгінде еліміздің оңтүстік өңіріндегі демографиялық және экономикалық ахуал түбегейлі жаңа шешімдерді талап етеді. Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласы өзінің урбанистік мүмкіндіктерінің шегіне жетіп, ауа қабатының ластануы, көлік кептелісі және тұрғын үй тапшылығы сынды күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Осы стратегиялық сын-қатерлерге жауап ретінде Президент бастамасымен қолға алынған Alatau City жобасы – инфрақұрылымдық құрылыс емес, елімізді әлеуметтік модернизациялаудың жаңа кезеңінің басталуы. Бұл жаңа мегаполис халықты децентрализациялау арқылы Алматының антропогендік жүктемесін азайтып, оңтүстік өңірдегі әлеуметтік шиеленісті реттейді. Қаланың негізгі миссиясы – «адам капиталын» дамытуға арналған жайлы орта қалыптастыру, мұнда салынатын заманауи мектептер, инновациялық ауруханалар мен мәдени нысандар білім мен денсаулық сақтау саласындағы ең озық үлгілерді қамтамасыз етеді.
Қаланың архитектуралық және тұжырымдамалық негізі «Ақылды және Жасыл» негіздеріне сүйенеді, бұл – Қазақстанның Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін орындауға бағытталған маңызды қадам. Қала құрылысында энергия тиімділігі жоғары материалдар мен «нөлдік қалдық» технологиялары қолданылып, қоршаған ортаға тиетін зиян минималды деңгейге түсіріледі, экологиялық басымдық тек халықтың денсаулығын жақсартып қоймай, елімізге әлемдік «жасыл» инвестицияларды тартудың қуатты тетігіне айналады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, ақылды қала Алматы мен Қонаев қалаларын байланыстыратын стратегиялық хаб ретінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне жол ашады. Инновациялық басқару жүйесі енгізілген мегаполис цифрлық технологиялар мен экологиялық таза өмір сүру салты ұштасқан болашақтың моделі болмақ. Президент бастамасы Алматының демографиялық қысымын реттеп қана қоймай, Қазақстанның урбанистік саясатын жаңа сапалық деңгейге жеткізеді.
Alatau City – ұлттық әлеуетті арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік маңызы бар ауқымды жоба. Жобаны қолдау – жалаң ұранға немесе құрғақ есепке сүйенген шешім емес, тарихи тұрғыдан сыналған даму моделін саналы түрде таңдау. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттер экономикалық серпіліске кездейсоқ жетпейді, олар оны алдын ала жоспарланған урбанистік және индус-триялық саясат арқылы қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Сингапурдағы Jurong аймағы мен Қытайдағы Shenzhen қаласының даму жолы жаңа қала үшін нақты әрі дәлелді үлгі бола алады. Jurong аймағы өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін игерілмеген, батпақты аумақ ретінде қарастырылды, алайда Сингапур үкіметі дәл осы жерден елдің индустриялық негізін қалауға батыл шешім қабылдады. Мемлекет инфрақұрылымды алдын ала тартып, өндіріс орындарын жүйелі түрде орналастырып, шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдай жасады. Нәтижесінде, небәрі онжылдық ішінде Jurong жүздеген кәсіпорын шоғырланған қуатты өнеркәсіптік орталыққа айналды. Бұл тәжірибе бір нәрсені анық көрсетті: бастапқы табиғи немесе географиялық шектеулер шешуші фактор емес, бастысы – стратегиялық жоспарлау мен саяси ерік. Ал Shenzhen – бұдан да ауқымды әрі әсерлі жоба. 1980 жылы бұл аймақ шағын балықшылар ауылынан аспаған еді. Қытай билігі оны арнайы экономикалық аймақ ретінде жариялап, экономикалық еркіндік, салықтық жеңілдіктер және сыртқы инвестицияға ашық саясат енгізді. Соның нәтижесінде Shenzhen бірнеше онжылдықтың ішінде әлемдегі ең ірі мегаполистердің біріне, жоғары технологиялар мен инновациялардың жаһандық орталығына айналды. Бүгінде бұл қала тек өндірістік қуатымен ғана емес, цифрлық экономика мен технологиялық компаниялардың шоғырланған орталығы ретінде танылып отыр. Бұл – дұрыс таңдалған ұзақмерзімді саясаттың нақты жемісі.
Alatau City-дің пайдасы қала айналасындағы өңірлерге, әсіресе Қапшағай жағалауына тікелей әсер етеді. Қаланың төртінші аймағы – Туризм және ойын-сауық хабы Қапшағайдың әлеуетін 100% іске асырады. Мұнда люкс қонақүйлер, халықаралық конференциялар мен «байлық экономикасы» қалыптасады. Ақша ағыны бар жерде оған қызмет көрсететін 10 мыңдаған білікті маман – заңгерлер, аудиторлар мен IT-мамандар қажет. Олардың орташа жалақысы елдегі деңгейден 3-4 есе жоғары болып, сапалы орта таптың негізін құрайды. 2050 жылға қарай 1,1 млн жаңа жұмыс орнын құру жоспары – білімді жастарды өз елімізде қолдаудың нақты тетігі. Әйтпегенде, ғылым саласында жаңалық ашқан азаматтарымыз дамыған елдерде сұранысқа ие болып отыр. Әрине, ол үшін оларды кінәлай алмайсың. Қаланың ең маңызды қыры – оның цифрландыру деңгейі. Заң жобасында криптовалюта, блокчейн технологиялары және төмен биіктіктегі әуекеңістігін дрондар мен әуетаксилер пайдалану туралы новеллалардың жазылуы Алатауды әлемдік IT-алпауыттар үшін ең тартымды мекен етеді. Мұндай технологиялық ортада жұмыс істеу үшін мүлдем жаңа деңгейдегі мамандар қажет. Болашақта бұл қалада IT-сәулетшілер, блокчейн-инженерлер, жасыл энергетика мамандары, дрондарды басқару жүйесінің операторлары және халықаралық ағылшын құқығын меңгерген заңгерлер ең сұранысқа ие кәсіп иелері болмақ. Қазір жобаға күмәнмен қараудың орнына, қаланың іргетасын қалайтын, оның ертеңгі технологиялық келбетін қалыптастыратын маман болуға ұмтылған абзал. Қаланың құрылуына қатысты заңда даулы мәселелер халықаралық арбитраж деңгейінде шешіліп, шетелдік инвестор үшін «ойын ережесінің» әділ әрі тұрақты болуына, сонымен қатар 25 жылға дейін салықтық тұрақтылықтың сақталуына кепілдік беріледі. Қаланы басқару тікелей Үкімет деңгейіндегі арнайы органға жүктеледі, бұл жергілікті бюрократияны жояды деген сенімдеміз. Әкімшілік кедергілер көп әрі салық саясаты қатаң болса, ондай жерде кәсіпкерлер тұрақтамайды. Көптеген елде кәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасалғандықтан, дамуға қол жеткізіп жатыр. Alatau City ақшаны жасыратын жер емес, ақшаны басқаратын және қорғайтын орталық болмақ. Мәселен, Швейцария мен Люксембург тәжірибесінде әлемдік байлықты, яғни алтын, бағалы қағаздар, цифрлық активтерді қауіпсіз сақтау ең табысты бизнес екенін көрсетті. Егер ақылды қаламызда $50 млрд актив жинақталса, банктер мен операторлар тек қызмет көрсеткені үшін жылына $250-500 млн таза комиссия табады деген болжам бар. Халықаралық компаниялар өздерінің аймақтық кеңсесін осында тіркеп, транзакциялар жүргізсе, әрбір операциядан мемлекеттік инфрақұрылым пайда көреді. Бұл – ел бюджетіне мұнайсыз-ақ келетін тұрақты валюталық түсім.
Қаламыздың жобасы тарихи тәжірибелердің қисынды жалғасы ретінде қарастырылуға тиіс. Оның басты артықшылығы Қазақстанның географиялық орналасуында жатыр. Ел – Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан, яғни Қытай, Орталық Азия және Еуропа бағыттарын байланыстыратын табиғи логистикалық торап. Бұған қоса, Алматы агломерациясының болуы – кадрлық, қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстардың дайын екенінің айғағы. Осы факторлар қала жобасының бастапқы позициясын Jurong мен Shenzhen-ге қарағанда әлдеқайда тиімді ете түседі. Тағы бір маңызды аспект – уақыт факторы. Jurong индустрияландыру дәуірінде дамыды, Shenzhen өндірістік жаһанданудың шыңында қалыптасты, ал Alatau City цифрлық экономика мен инновациялар дәуірінде бой көтермек. Бұл дегеніміз, жоба тек өндіріс немесе логистикамен шектелмей, бірден қаржы, технология, цифрлық қызметтер және креативті индустриялар тоғысқан кешенді орталыққа айналу мүмкіндігіне ие.
Alatau City – елдің шикізаттық тәуелділіктен арылып, технологиялық трансферт пен интеллектуал экспортқа бет бұруының айқын нышаны. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, мемлекеттің дамуын жеделдету үшін «Арнайы экономикалық аймақтар» мен «Жоспарланған қалаларды» салу – ең тиімді стратегияның бірі. Мәселен, Дубай халықаралық қаржы орталығы экономикасын мұнай мен дәстүрлі өндірістен бөлек арнаға бұрып, жаһандық капиталдың орталығына айналды. Alatau City де дәл осы үлгімен, заманауи экологиялық талаптар мен Малайзияның Лабуан аралы сияқты жобаларды ескере отырып, «көміртегісіз қала» ретінде бой көтермек. Алда ақылды қалада қоршаған ортаға зиянсыз өндіріс орындары шоғырланып, баламалы қуат көздеріне толық көшіп, энергия тұтыну мәдениеті қалыптасады. Қала Алматының экологиялық жүгін жеңілдетіп қоймай, Орталық Азияның жасыл технологиялар орталығына айналады. Қаланың заңнамалық негізі оның еркін тыныстауына жағдай жасайды. Ол еліміздің жалпы құқықтық кеңістігінен алшақтамай, бірақ Сингапур мен Шэньчжэньнің сәтті тәжірибесіне сүйеніп, дербес басқару моделін иеленеді.
Alatau City Authority атты арнайы органның құрылуы және оны тікелей Премьер-Министрдің басқаруы – жобаның мемлекет үшін стратегиялық маңызы жоғары екенінің дәлелі. Мұндай модель бюрократиялық кедергілерді жойып, инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 2050 жылға дейін қалаға 50 миллиардтан аса доллар инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қаржыландыру қаланы Қытай мен Еуропа арасындағы логистикалық оффшорға айналдырып, еліміздің транзиттік әлеуетін еселеп арттырады. Мексиканың Канкуны немесе АҚШ-тың Лас-Вегасы өз штаттарының экономикасын қалай асырап отырса, Alatau City де еліміздің сондай экономикалық драйверіне айналады.
Швейцария банктері ғасырлар бойы «сақтау және күзету» қызметі арқылы әлемдегі ең бай елге айналса, ақылды қаламыз да Орталық Азиядағы ең қауіпсіз «цифрлық және физикалық сейфке» айналуды көздейді. Заң жобасындағы ағылшын құқығы элементтері мен «салықтық тұрақтылық» бабы батыстық инвесторлар үшін түсінікті тілде сөйлеуді білдіреді. Дубай халықаралық қаржы орталығы бүгінде БАӘ экономикасына мұнайдан тыс табыстың 10%-дан астамын әкеліп отырғаны сияқты, Alatau City де еліміз үшін «тұрақты транзиттік табыс» көзіне айналады. Сингапур мен Гонконг арқылы өтетін триллиондаған долларлық транзакциялардан алынған шағын комиссиялардың өзі бұл елдердің бюджетін қалай толтырса, жаңа қала да Қазақстанның «мұнай дәуірінен» кейінгі негізгі табыс көзі болмақ. Қаржы хабынан түскен комиссиялар есебінен жаңа жолдар мен заманауи мектептер салынады. Alatau City – ұрпаққа қызмет етіп, ел бюджетіне мұнайсыз-ақ миллиардтаған дивиденд әкелетін болашақтың экономикалық бекінісі.
Alatau City жобасы – еліміздегі шикізатқа тәуелді елден жаһандық сауда мен қаржы ағындарын басқаратын биік деңгейге көтеретін локомотив. Бұл қала Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының ең тиімді нүктесінде орналасып, құрлықтық транзитте төңкеріс жасамақ. Егер Қытайдан Еуропаға теңіз жолымен тауар 45 күн жүрсе, Алатау арқылы өтетін теміржол мен автокөлік дәлізі бұл уақытты 10-15 күнге дейін қысқарта алады. Уақытты 3-4 есе үнемдеу – әлемдік саудадағы ең басты бәсекелестік артықшылық. Жүк айналымының әрбір тоннасынан түсетін транзиттік алымдар мен қоймалық қызметтер қаланың ЖІӨ-сіне қосымша 15-20% өсім беріп, еліміздің жаһандық саудадағы рөлін түбегейлі өзгертеді.
Алатау ситидің экономикалық моделі Швейцария мен Люксембург сияқты әлемдегі ең бай елдердің табыс тетіктеріне негізделген. Швейцарияның бюджеті тек өндірістен емес, шетелдік капиталды «күзетіп, бағып-қағудан» құралатыны белгілі. Алатау сити халықаралық стандарттарға сай «цифрлық және физикалық сейф» инфрақұрылымын құру арқылы әлемдік инвесторлардың алтын-валюталық резервтері мен цифрлық активтерін тартатын болады. Активтерді басқару үшін алынатын жылдық 0,1%-дан 0,5%-ға дейінгі комиссия – ешқандай табиғи ресурс жұмсамай-ақ табылатын таза интеллектуалдық пайда. Мысалы, Алатау ситиге тартылған $20 млрд актив тек «жатқаны үшін» ғана ел банктеріне жылына $100 млн-ға дейін кепілдендірілген комиссиялық табыс әкеледі. Бұл – салық емес, жоғары технологиялық экспорттық қызмет. Люксембург мемлекеті инвестициялық қорлардың хабына айналу арқылы жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейін $120,000-нан асырып, әлемдік көшбасшылыққа ие болды. Alatau City осы жолмен жүріп, халықаралық компаниялардың өңірлік бөлімшелерін тіркеп, әрбір SWIFT немесе блокчейн-транзакциясынан шағын комиссиялар жинау арқылы миллиардтаған теңгелік айналым тудыра алады.
Алатау ситидің әлеуметтік келбеті де жаңа стандарттарға негізделеді. Мұнда әлемдік ТОП-100 университеттердің филиалдары мен заманауи клиникалардың ашылуы қаланы білім мен медицина хабына айналдырады. 2050 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынатын 10 трлн теңгеден астам инвестиция Қапшағай жағалауын қоса алғанда, бүкіл өңірдің инфрақұрылымын жаңартады. Туризм және ойын-сауық аймағының дамуы қызмет көрсету саласына қосымша дем береді.
Жобаға атсалысу, оның бір бөлшегі атану – әрбір отандық маман үшін ұлттық маңызы бар жауапты іс. Қазір білім саласында көптеген оңды өзгеріс, жаңаша реформалар жасалып, саннан сапаға көшуге бетбұрыс жасалып жатыр. Қазір келешек білікті мамандарды мектеп жасынан қалыптастыру үшін белгілі бір пәндерді тереңдетіп оқытуға мәжбүрміз. Жеті жүздей мамандықтың қысқарып, үш жүзден аса жаңа мамандықтардың пайда болуы – ел ішіндегі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар.
Ендігі кезекте Президенттің цифрландыру саясаты Алатауды Орталық Азиядағы алғашқы крипто-хабқа айналдырмақ. Жылжымайтын мүлікті немесе алтынды токендеу арқылы капиталды жеделдетіп тарту – заманауи қаржы нарығының талабы. 2050 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынатын 10 трлн теңгеден астам инвестиция Алатауды тек Қазақстанның емес, бүкіл Еуразияның интеллектуалды орталығына айналдырады. Сондықтан бұл жобаға күмәнмен қарап, қарсы келудің орнына, оның іргетасын қалайтын маман болуға бетбұрыс жасау – жарқын болашаққа жасалған қадам.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты