ЖИ құралдары студенттің білімін, сыни ойлауын және тілдік дағдысын бағалауды қалай өзгерткені Aikyn.kz-тің талдау материалында.
Бұрын эссе, реферат немесе жазбаша талдау студенттің білімін, сыни ойлауын және тілдік дағдысын бағалаудың негізгі құралы саналатын. Алайда генеративті ЖИ құралдарының пайда болуы бұл дәстүрлі тәсілдің сенімділігін жойып жіберді. Бүгінде студент бірнеше минут ішінде құрылымы дұрыс, тілі жатық, академиялық стильге жақын мәтін ала алады. Сондықтан оқытушылар үшін студенттің өз еңбегі мен ЖИ арқылы жасалған жұмысты ажырату қиындай түсті.
Aikyn.kz бұл мәселе бойынша 1-ші сәуірде «Жасанды интеллект дәуірінде студенттер қайтадан жазу машинкаларына көше бастады» атты мақала жариялаған болатын.
Pew Research Center дерегінше, АҚШ-та жасөспірімдердің ChatGPT-ді оқу тапсырмалары үшін қолдануы 2023 жылғы 13%-дан 2025 жылы 26%-ға дейін өскен. Бұл – екі жыл ішінде 2 есеге артқан көрсеткіш. Ал кейінгі зерттеулер жасөспірімдердің жартысынан астамы чат-боттарды үй жұмысын орындау үшін пайдаланатынын көрсетеді. Бұндай деректер ЖИ-дің білім беру кеңістігіне қаншалықты тез орныққанын аңғартады.
The New York Times жариялаған How A.I. Killed Student Writing (and Revived It) мақаласында ЖИ студенттік жазуды «өлтірді» деген ой айтылады. Бұл жерде мәселе жазудың толық жойылуында емес, дәстүрлі үй эссесінің бұрынғы бағалау құралы ретінде әлсіреуінде. Себебі дайын мәтін ұсыну енді студенттің тақырыпты қаншалықты түсінгенін толық дәлелдей алмайды.
Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек академиялық адалдықта емес. Stanford Graduate School of Education мамандары Виктор Ли мен Дениз Поуп ЖИ студенттердің алдау әрекетін жаңадан тудырған жоқ, керісінше білім беру жүйесіндегі бұрыннан бар әлсіз тұстарды айқын көрсетті деген пікір айтады. Яғни басты проблема технологияның өзінде емес, бағалау тәсілдерінің өзгеріссіз, ескі күйінде қалуында.
Сонымен қатар ЖИ-ге деген көзқарас та өзгеруде. Ол тек «алдамшы құрал» емес, дұрыс қолданылған жағдайда идея жинауға, жоспар құруға, мәтінді редакциялауға және кері байланыс алуға көмектесетін оқу құралы бола алады. Бірақ басты талап өзгермейді – студент өз ойын өзі қалыптастырып, ЖИ-ді тек көмекші ресурс ретінде пайдалануы керек.
Дегенмен бұндай өзгерістер жаңа теңсіздіктерге де әкелуі мүмкін. Бір студент ЖИ-ді сауатты пайдаланып, өз дағдыларын дамытса, енді біреуі оған толық тәуелді болып қалуы ықтимал. Бұл жазу, ойлау және дербес талдау қабілетінің әлсіреуіне себеп болары анық.
Қорыта айтқанда, ЖИ студенттік жазуды жойған жоқ. Керісінше, ол білім беру жүйесін жазудың мәнін қайта қарауға мәжбүр етті. Енді басты сұрақ мәтіннің қаншалықты әдемі жазылғанында емес, студенттің оны қалай ойлап, қалай құрастырғанында болып отыр.