Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың WBA Asia тұжырымы бойынша чемпиондық титул үшін жекпе-жегінің жаңа күні белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отандық спортшы 23 мамыр күні жеңіліп көрмеген индонезиялық қарсыласы Сурия Дхармаға қарсы шаршы алаңға шығады.
Айқас Бішкек қаласындағы «Газпром» спорт кешенінде өтеді. Кездесуде WBA Asia нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу сарапқа салынады.
Айта кетейік, жекпе-жек бастапқыда 17 сәуірге жоспарланған болатын. Алайда оны өткізу мүмкін болмай, кейінге шегерілді. Жапондық промоушен бұл шешімді Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуімен байланыстырған.
Еске сала кетейік, Сәкен Бибосынов кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың 20 шілдесінде Бішкекте өткізіп, филиппиндік Кристиан Леганені бірінші раундта нокаутпен жеңген еді.