Ақ Үй «идеологиялық есалаң басқаратын» Anthropic-ті өз киберосалдықтарын түзетуге шақырды

Пентагон жасанды интеллект технологияларын құпия желілерде қолданатын болды. Бұған рұқсат беретін келісімдер Nvidia, Microsoft, Reflection AI және Amazon Web Services компанияларымен жасалды.

The Financial Times хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалық әскери ведомствоның жаңа келісімдер жасау себептерін түсіндіреді.

Пентагонның мәлімдеуінше, бұл келісімдер Nvidia, Microsoft, Reflection AI және Amazon Web Services технологияларын құпия желілерде «заңды қолдануға» мүмкіндік береді. Бұл қадам Пентагон мен Anthropic компаниясы арасындағы жанжалдан кейін жасалды. Бұған дейін америкалық әскерилер Иранға қарсы соғыс кезінде және Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстау операциясында тек Anthropic-тің Claude моделін қолданған еді.

Алайда Anthropic бас директоры Дарио Амодей егер үкімет өз құралдары америкалық азаматтарды жаппай бақылау мен қырып-жойғыш автономды қару жасауға пайдаланылмайтынына кепілдік бермесе, қорғаныс министрлігімен келісімге қол қоюдан бас тартқанын айтқан болатын.

Пентагон қол қойған 7 келісім SpaceX, OpenAI және Google арқылы жабық әрі меншікті модельдерге, ал Nvidia мен Reflection AI арқылы ашық кодты модельдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Microsoft пен AWS жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымды ұсынады. 

Пентагонның бас технологиялық директоры Эмиль Майкл CNBC-ге берген сұхбатында: «Ашық код – біз үшін мүлде жаңа бағыт. Бұл өте маңызды, өйткені қытайлық ашық кодты модельдер көптеген компанияларға еніп кетті. Біз бұған америкалық балама болғанын қалаймыз», – деген.

Қорғаныс министрі болып Пит Хегсет тағайындалған соң жасанды интеллекті әскери саланың барлық бөлігіне, соның ішінде соғыс алаңына жедел енгізу басым міндетке айналды. 

Ведомство: «Бұл келісімдер АҚШ қарулы күштерін ең алдымен жасанды интеллектке сүйенетін әскери күшке айналдыруды жеделдетеді. Және әскери қызметшілеріміздің соғыстың барлық саласында шешім қабылдаудағы басымдығын күшейтеді», – деп мәлімдеген.

Google-мен жасалған соңғы келісім технологиялық компанияның ішіндегі қарсылыққа қарамастан жүзеге асырылды. Бұған дейін 560-тан астам қызметкер бас директор Сундар Пичайға ашық хат жолдап, технологиялардың «гуманизмге жат немесе өте зиянды тәсілдермен» қолданылуы мүмкін екеніне алаңдап, Пентагонмен келіссөзден шығуды сұраған.

АҚШ үкіметі мен Anthropic арасындағы текетірес те күшейіп келеді. Ақпанның соңында, Иранға қарсы соғыс басталардан бір күн бұрын, АҚШ Anthropic-ті жеткізу тізбегіне қауіпті деп көрсеткісі келді. Бұл Пентагонның америкалық компанияға қарсы бұрын-соңды болмаған қадамы болды.

Пит Хегсет Конгресте: «Anthropic компаниясын идеологиялық есалаң басқарады», – деп мәлімдеді. Дональд Трамп болса, компанияны барлық мемлекеттік келісімдерден шеттетті.

Соған қарамастан, өткен айда Амодей Ақ үй әкімшілігінің басшысы Сьюзи Уайлзбен кездескен. Себебі АҚШ үкіметі Anthropic-тің жаңа Mythos моделіне қол жеткізуге мүдделі болды. Бұл модель киберқорғанысты бұзып өту бағытында ең үздік құрал саналады. Эмиль Майклдың айтуынша, Mythos мәселесі ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты. Өйткені бұл модель киберосалдықтарды анықтап, оларды жоюға арнайы бейімделген. 

Қазақ үкіметінің де жасанды интеллект тудырған дүрбелеңде бір сәтке кідіріс жасап, ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға стресс-тест жасап, осалдықтарды жоюға көңіл бөлгені дұрыс болар еді.