Трамп Таяу Шығыс елдеріне 8,6 млрд долларлық қару сатуды мақұлдады — Reuters

Бұл шешім сынға да ұшырап отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыс елдеріне жалпы құны 8,6 миллиард доллардан асатын қару-жарақ сатуға келісім берді. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім Конгрестегі міндетті қарау рәсімін айналып өтіп қабылданған. Қару-жарақ Израиль, Катар, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізіледі. Мемлекеттік департамент бұл қадамды өңірдегі жағдайдың ушығуымен және төтенше жағдай режимімен түсіндірді.

Ірі келісімдер аясында Катарға әуе қорғаныс жүйелеріне қызмет көрсету мен дәлдігі жоғары қарулар, Кувейтке әскери басқару жүйесі, Израильге дәл соққы беретін қару, ал БАӘ-ге арнайы зымыран жүйелері жеткізіледі.

Бұл шешім сынға да ұшырап отыр. Сарапшылар АҚШ-тың Парсы шығанағындағы елдермен әскери әріптестігін адам құқықтары мәселесімен байланыстырып келеді. Сонымен қатар Израильге қолдау көрсетуі Газа секторындағы жағдайға байланысты халықаралық назарда. Бұған қоса, АҚШ Еуропадағы одақтастарына қару жеткізу мерзімдері кешігуі мүмкін екенін ескерткен. Вашингтон мұны саяси шешім емес, әскери қорлардың азаюымен байланысты деп түсіндіреді.