Еуропа Дональд Трамптың Германиядан америкалық әскерді шығару туралы пікірін шындап қабылдай ала ма? Дереккөздердің айтуынша, президенттің АҚШ әскерін Германиядан шығаруы мүмкін деген мәлімдемесі әзірге дипломаттар арасында талқыланбаған.
НАТО Трамптың соңғы мәлімдемесіне алаңдаулы ма?
Америкалық президент «Германиядағы әскер санын қысқарту мүмкіндігін зерттеп, қарастырып жатқанын» мәлімдеген. Фото The Wall Street Journal сайтынан алынды. Авторлығы: Zuma Press / Boris Roessler
181
оқылды

The Telegraph басылымының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Еуропада америкалық әскерилердің санын азайту туралы шешімнің себебін талдайды.

 Бейсенбі күні (30 сәуір) таңертең дипломаттар мен шенеуніктердің телефондары АҚШ президентінің әлеуметтік желідегі жаңа жазбасына байланысты тынымсыз шырылдады. Кезекті жазбасында америкалық президент «Германиядағы әскер санын қысқарту мүмкіндігін зерттеп, қарастырып жатқанын» мәлімдеген.

Бір жағынан, Truth Social платформасындағы бұл жазба Германия канцлері Фридрих Мерцтің Иран АҚШ-ты «қорлады» деген пікіріне жауап ретінде жасалған кекке де ұқсайды.

Алайда осы трансатлантикалық шиеленіске дейін-ақ АҚШ Еуропада орналасқан өз әскерінің санын қайта қарастырып жатқанын растаған болатын. АҚШ Қорғаныс министрлігінің кадрлық деректер орталығы жариялаған соңғы мәліметке сәйкес, шамамен 68 мың америкалық әскери қызметкер Еуропа аумағындағы 31 база мен тағы 19 әскери нысанда тұрақты түрде орналасқан. Олардың басым бөлігі (шамамен 35 мың) Германияда орналасқан. Германия құрлықтағы америкалық күштердің негізгі тірек орталығы саналады.

Италияда 12 мың америкалық әскери қызметкер бар, ал Ұлыбританияда шамамен 10 мың әскер орналасқан. Бұл үш ел Трамптың Таяу Шығыста күш көрсету саясаты үшін негізгі плацдарм болып отыр.

The Telegraph басылымына келіссөз барысымен таныс бірнеше шенеуніктің айтуынша, Солтүстік Атлантикалық кеңесте АҚШ әскерін Германиядан шығару мәселесі ресми түрде әлі талқыланбаған. Дереккөздер америкалықтар да, немістер де бұл мәселені көтермегенін айтуда. Әскер шығару жөнінде шешім қабылданса, оның егжей-тегжейі алдымен Вашингтон мен Берлин арасында келісіліп, содан кейін ғана НАТО аясында талқылануы тиіс.Алайда президент Трамптың сес көрсеткен жазбасы еуропалықтарды алаңдатып қойды. Өйткені бұл ақпарат АҚШ президенті Владимир Путинмен сөйлескен күні (29 сәуір) тарала бастаған. Әрине, Мәскеу Еуропадағы америкалық әскер санының қысқаруын сөзсіз құптар еді.

Соған қарамастан, құрлықтан әскерді номиналды түрде шығару НАТО-ның Ресей шабуылына тосқауыл қою жоспарына айтарлықтай әсер етпейді. Кейбір батыс барлау қызметтерінің бағалауынша, бұндай шабуыл 2030 жылдан ерте болмайды. 

НАТО-ның қорғаныс стратегиясы АҚШ-тың Еуропадағы әдеттегі 60-70 мыңдық әскери конфигурациясын ескере отырып жасалған. Бірақ соңғы жылдары бұл сан Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде едәуір артқан.

2022 жылы бұрынғы президент Джо Байден Еуропадағы америкалық әскер санын екі есеге жуық көбейтіп, оны 100 мың адамға жеткізген еді. Кейін бұл көрсеткіш біртіндеп азайып, шамамен 80 мыңға түсті. Қосымша күштердің басым бөлігі Польшa, Румыния және Балтық елдерінің қауіпсіздік кепілі ретінде НАТО-ның шығыс қапталына көшірілген.

АҚШ үшін негізгі мәселенің бірі – егер Германиядан әскер шығарылса, оларды қайда көшіру керек деген сұрақ. Сенімді дереккөздердің The Telegraph-қа айтуынша, ықтимал жаңа орындар ретінде Гренландия, Румыния және Таяу Шығыс қарастырылуда.