Халықтың 70 пайыздан астамы елдің даму бағытын дұрыс деп санайды – сауалнама

Сауалнама еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста жүргізілді.

Сәуір айында Demoscope тәуелсіз зерттеу жобасының кезекті сауалнамасын жүргізіп, ел ішінде халықтың биліктің негізгі институттарының жұмысына оң баға беріп, сенімділігін білдірді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сенім көрсеткіші бойынша бірінші орында – Мемлекет басшысы. Сауалнамаға қатысқанның 61,3%-ы Президентке сенім білдірді. Сол себепті бұл – билік тармақтарымен салыстырғанда ең жоғары нәтиже көрсетіп тұр.

Үкіметке респонденттердің 47,4%-ы сенім артқан, жергілікті әкімдіктерге – 50,2%, Парламентке – 40,5%, құқық қорғау органдарына – 46,8%, сот жүйесіне – 43,7%. Барлық институт бойынша сенім білдірушілер саны сын айтушылардан айтарлықтай басым.

Бұдан бөлек, қазақстандықтардың 72,4%-ы елдің даму бағытын дұрыс деп бағалады. Атап айтсақ, олардың 44,6%-ы «дұрыс бағытта» деп нақты жауап берсе, 27,8%-ы «көбіне дұрыс бағытта» деген пікір ұстанған. Бұл көрсеткіш кері пікірдегі азаматтар үлесінен шамамен 3,5 есе жоғары.

Сондай-ақ билік жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы да қоғам тарапынан қолдау тапқан: қатысушылардың 55,6%-ы бұл бастама нақты істермен үндеседі деп санайды.

Сауалнама еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста жүргізілген. Қатысушылардың 65,8%-ы сауалнамаға қазақ тілінде жауап беруді таңдаған.