Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) Глобалдық бенчмаркинг құралы (Global Benchmarking Tool, GBT) шеңберіндегі бағалау қорытындысы бойынша дәрілік заттарды реттеу саласында жетілудің 3-деңгейін (Maturity Level 3, ML3) растау арқылы халықаралық мойындауға ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл оқиға денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды жетістіктердің бірі болып, халықаралық және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды.
23 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ДДCҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус арасындағы кездесуде аталған нәтижеге ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың маңыздылығын атап өтті, ал ДДCҰ басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді. Сонымен қатар, Тедрос Адханом Гебрейесус өз жария мәлімдемелері мен әлеуметтік желілерінде Қазақстанның ілгерілеуі мен өңірдегі көшбасшылығын ерекше атап өтті.
Қазақстан Орталық Азияда және ТМД елдері арасында осы деңгейге қол жеткізген алғашқы мемлекет болып, дәрілік заттар айналымын реттеу саласындағы өңірлік көшбасшы мәртебесін нығайтты.
ДДCҰ деректеріне сәйкес, әлемнің небәрі 62 мемлекеті (32%) реттеуші жүйелердің 3 және 4 деңгейіне жеткен, ал 97 мемлекет (50%) бастапқы деңгейде (ML1), 35 мемлекет (18%) ML2 деңгейінде. Осылайша, Қазақстан тиімді реттеу жүйесі халықаралық деңгейде мойындалған мемлекеттердің шектеулі тобына енді.
ML3 деңгейінің берілуі ұлттық жүйенің тұрақты, ашық жұмыс істейтінін және халықаралық стандарттарға сай екенін білдіреді. Бұл дәрілік заттарды тіркеуден бастап олардың қауіпсіздігін мониторингтеуге дейінгі толық бақылау жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Аталған мәртебе импортталатын вакциналарды реттеуді де қамтиды және медициналық өнімдердің сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігіне кепілдік беруге мемлекеттің қабілетті екенін растайды.
ДДCҰ бағалауы дәрілік заттарды тіркеу, фармакологиялық қадағалау, лицензиялау, инспекциялық бақылау, нарықты қадағалау және клиникалық зерттеулерді бақылау сияқты негізгі бағыттарды қамтыды. Қорытындысында ұлттық реттеуші жүйенің ғылыми негізделген әрі тұрақты жұмыс істейтіні расталды.
Зертханалық бағыттағы бағалау да маңызды нәтижелер көрсетті. Бірқатар көрсеткіштер бойынша Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының зертханасы жетілудің 4-деңгейіне (ML4) сәйкес келіп, нәтижелердің жоғары дәлдігі мен қайталанымдылығын қамтамасыз етіп, ең қатаң халықаралық талаптарға сай екенін дәлелдеді.
Бұл жетістіктер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының жүйелі және кезең-кезеңімен жүргізілген жұмысының нәтижесі болып табылады. Соңғы жылдары жүйе ауқымды жаңғыртудан өтіп, халықаралық тәсілдер енгізілді, фармакологиялық қадағалау мен сапаны бақылау тетіктері күшейтілді, сондай-ақ реттеудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер іске асырылды.
Азаматтар үшін бұл қорғаудың күшеюін білдіреді: дәрілік заттар сапасы мен қауіпсіздігі бойынша көпдеңгейлі тексерістен өтеді, бұл пациенттердің қауіпсіздігі мен медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді.
Ел экономикасы үшін бұл халықаралық серіктестердің сенімінің артқанын көрсетеді, фармацевтикалық саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтеді, инновациялық препараттарға қолжетімділікті жеделдетеді, экспорттық әлеуетті кеңейтеді және Қазақстанның фармацевтикалық құзыреттер орталығы ретіндегі позициясын нығайтады.
Осылайша, ДДCҰ-ның үшінші деңгейін алу Қазақстанда дәрілік заттар айналымын реттеудің заманауи, тұрақты және халықаралық деңгейде мойындалған жүйесінің қалыптасқанын растайды және өңір елдері үшін үлгі болып табылады.