Әрине, жас автор титандардың ықпалын сезсе де, көлеңкесінде қалып қойған жоқ, қайта керісінше ізденісін өрістете түскені анық. Мені таңғалдырғаны – Арман Әлменбеттің персонаждарға деген ұқыптылығы, тиянақтылығы. Яғни, автор персонаждарды шашып алмайды, қайта шашау шығармай шығарманы сомдау барысында уақиғаны үнемі тізгіндеп уысында ұстап отырады. Үлкен панорама шағын эпизодтардан тұрады.
Оқиға желісі – жүйелі, бір-бірімен байланысып, өріліп дамып отырады. Тосын, күтпеген, кездейсоқ нәрсе жоқ, бәрі де сол Арман өзі құрған тәртіп бойынша, заң бойынша жазылып отыратыны айқын. Арман шығармаларында, әсіресе осы біздің назарымызға ұсынылып отырған романда оның әдеби тұлғасы, жазу мәнері жақсы көрінеді. Шытырман оқиғалы шығарма қалай болғанда да көркемдік дәрежесінен айнымайды.
Бұл шығарма жанр тұрғысынан детективтік туынды, бірақ көркем роман биігінен көрініп тұр. Арманның тілі жатық, оқиғаларды бейнелегенде, адамдарды типтегенде шеберлігін көрсетеді. Соншама күш салып, еңбектенген, бұл шығарма оқырман қауымға тез жетсе екен деп тілейміз.
Тағы бір ұнағаны – пафостың жоқтығы. Кез келген оқиғаны автор айқайға салмай, шулатпай, сабырмен, байыппен, қалыпты етіп суреттейді. Мысалы, бас қаһарман өзі істі болғандағы оның жай-күйін Арман өте ұтымды бейнелейді. Толстойдың «Совершилось величайшее счастье – и так просто, без шума, без блеска, без ознаменования» дейтіні бар. «Буденброктарда» да сондай тәсілдер көп. Қайғы-қасіретті немесе үлкен қуанышты жай ғана жазып бере салу.
Тағы бір басты қаһарманның бірі – Гүлмираның оқиғасынан да соны байқаймыз. Бүкіл аудан Гүлмираны іздеп таба алмай жүрсе, өлдіге санап дүрліксе, ол бар болғаны үйден қашып кеткен боп шығады. Мұның бәрі де Арманның қаламының жүйріктігінен деп білеміз.
Тағы бір айтатын жайт, шығарма, әсілінде үш оқиғадан тұрады. Ең әуелгісінің қаһарманы – Гүлмира, екіншісінде – Бағылан, үшіншісінде жылқыны мылтықпен атып алатын Әшө.
Кейіпкерлер бір-біріне ұқсамайды, шатастыру мүмкін емес. Бірақ бәрі де үлкен оқиғамен байланысып жатыр. Оқып отырып мұның бәрі шын өмірден алынған шығар деген ой келеді.
Шығармада техникалық та, орфографиялық та қате жоқ.
Оқып отырып сыншылар неге зерттемей жатыр деп таңғалдым.
Бұл шығарма Габриэль Гарсиа Маркестің Макондасын, Фолкнердің Йокнапатофын есіме түсірді. Ол Фолкнердің ойдан шығарған штаты – елу бірінші штат. Ондағы кейіпкерлер әр шығармада кездесе береді. «Бұл елдің қожайыны менмін» деген екен Фолкнер. Қособа маған сол Йокнапатоф секілді көрінді.
Шығарма өте екпінді жазылған. Оқиға дамып отырады, өріліп отырады, асығып отырады, алға жетелеп отырады. Бұл жақсы қасиет.
P.S.
Туындыгер аспайды да, саспайды да: уақиғалар алдына шығып кетпейді. Бір қоңыр әңгіме. Сонысымен құнды. Қарапайым айтылған сөздің күші ерекше. Нысанасына дөп тиеді. Пафос әдетте фальшке жетелейді. Біздің автор көркемдік шындыққа сүйрейді. Сенбесеңіз, оқыңыз.
Дидар АМАНТАЙ