Өзге ұлттың әскери қызметшілері мемлекеттік тілді ұлықтады

Бұл сайыс тек жарыс емес, жүректерді жақындастырған, тіл арқылы бірлік пен достықты нығайтқан тағылымды шараға айналды.

Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде өткен “Мемлекеттік тіл – менің тілім!” атты байқау көпұлтты әскери қызметшілердің бір мақсатқа – қазақ тілін құрметтеп, оны жетік меңгеруге деген ұмтылысын айқын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл сайыс тек жарыс емес, жүректерді жақындастырған, тіл арқылы бірлік пен достықты нығайтқан тағылымды шараға айналды.

Байқауда 3 және 4 атқыштар ротасы мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының жауынгерлері бақ сынады. Әзербайжан, өзбек, ұйғыр ұлттарының өкілдері мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл көрініс – тілдің ұлтқа бөлмейтін, қайта біріктіретін ұлы күш екенін дәлелдеді.

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен өздерін қазақ тілінде таныстырып, тапқырлықтары мен тіл байлығын көрсетті. Одан кейін мақал-мәтел айту арқылы халық даналығын жеткізсе, көркем сөз оқу бөлімінде рухани тереңдік пен сезімталдықтарын паш етті. Әрбір қатысушы сахнада өзіне тән ерекшелігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Көркем сөз оқу кезеңі ерекше әсер қалдырды. Ефрейтор  Шаукат Ахметов Мұхтар Шахановтың “Төрт ана” өлеңін тебіреніспен оқып, Отанға деген құрметті жүрекке жеткізе білді. Сержант  Илхомжан Абдукахаров Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынова арасындағы поэтикалық диалогты сахналап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал ефрейтор Тахир Дагистанов  Қайрат Рысқұлбеков бейнесін сомдап, батыр рухын сахнада жаңғыртты.

Сайыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталды. Бас жүлдені Тахир Дагистанов  иеленсе, екінші орынды Илхомжан Абдукахаров, үшінші орынды ефрейтор Шаукат Ахметов  жеңіп алды.

Бұл байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті қызмет етіп, ортақ құндылықтарды бөлісе алатынын көрсетті.