Kursiv Ecosystems Forum 2026: Қазақстандағы суперқосымшалардың болашағы талқыланды

Форум қазақстандық экожүйелер нарығының интерфейстер бәсекелестігі, сенім экономикасы, реттеушілік жүктеменің артуы және таңғалдыру қиындап бара жатқан клиент үшін күрес кезеңіне өткенін көрсетті.

17 сәуірде Алматыда цифрлық экожүйелерді дамытуға арналған Kursiv Ecosystems Forum 2026 өтті. Ірі технологиялық және қаржылық компаниялардың өкілдері бір алаңда бас қосты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Негізгі сессияларға қатысқандар:

Тимур Турлов Freedom Holding Corp. СЕО-сы;

Наталья Боер ТМД-дағы Ozon СЕО-сы;

Тимур Шалекенов Yandex Qazaqstan басшысы;

Вячеслав Ким Freedom Bank басқарушы директоры;

Александр Нагорный Kolesa Group өкілі;

Аршын Сұлтанғазы «ЦентрКредит» Банкінің Chief Product Owner-і;

Ренат Туканов Freedom Holding Corp. СТО-сы;

Сабина Нұрлыбаева QazCloud-тың AI бөлімінің басшысы;

Владислав Минкевич  AKASHI Data Center басқарма төрағасы;

Алексей Шаравар QazCode СЕО-сы.

Модераторлар Сергей Домнин (Kursiv Research жетекшісі), Татьяна Николаева (Kursiv Media әлеуметтік жобалар редакторы), Әсем Болатжан (Women in Tech Kazakhstan СЕО-сы) болды. Жалпы форумға  400-ден астам адам қатысты.

Суперқосымшалардың болашағы және тіпті олардың жойылу ықтималдығы, Қазақстандағы жасанды интеллекті реттеудің жаңа трендтері, клиенттік тәжірибе және дата-орталықтар инфрақұрылымы форумның негізгі тақырыптары болды.

Пленарлық сессияда Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов және Ozon-ның ТМД бойынша CEO-сы Наталья Боер сөз сөйледі.

Тимур Турлов Қазақстандағы суперқосымшалар нарығындағы бәсекелестіктің артуы осы салаға қатысты өнімдерді заңнамалық реттеуге оң әсер етуге тиіс екенін атап өтті:

- Егер нарық бәсекелестік деңгейін сақтап қалса, яғни ешкім абсолютті үстемдікке ие болмай, бірнеше экожүйе нарық үшін өзара күресетін болса, онда, шын мәнінде, әрбір экожүйе реттеуші тарапынан  көбірек мүмкіндік алады...

Бұл суперқосымшаларды дамытып жатқан барлық компания үшін өте күрделі әрі аса маңызды мәселе. Белгілі болғандай, бизнес-ресурстардың қомақты бөлігі дәл осы өзін-өзі реттеу сұрақтарына жұмсалады екен:

- Біздің компанияда іс жүзінде бизнес үшін емес, заңнама талаптарының сақталуын қадағалаумен айналысатын, біз жалақы төлеп отырған орасан көп мамандар жұмыс істейді... 

Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шfлекенов те бұл пікірмен келісіп:

–  Мен кейбір нарықтарда біздің Yandex GO интерфейсіміздің көшіріліп жатқанын көріп жүрмін, бірақ бұл «плиткалы» интерфейс тарихы қазірдің өзінде өзектілігін жоғалтты деп есептеймін, – деді ол. Сондай-ақ ол келесі кезең – AI-интерфейстер мен дауыстық көмекшілер дәуірі екенін атап өтті: – Біз балама жолды көріп отырмыз, елімізде розеткаға қосулы бір миллион белсенді «Алиса» бар. Адамдарға мәселелерін диалог режимінде, дауыстық интерфейс арқылы шешкен әлдеқайда ыңғайлы. Меніңше, жақын арада бүкіл интернет жаңаша кейіпке енеді. Жанды немесе соған жақын ассистенттердің уақыты келді.

Сонымен қатар Шалекенов такси қызметі саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып өтті:

– Такси сервисінде жаңбыр жауғанда бағаның көтерілуіне қатысты көптеген талқылаулар болған кезде, біз үшін реттеушіге барлық алгоритмдеріміздің қалай жұмыс істейтінін көрсету маңызды болды. Алматыда жұма күні кешкі сағат алтыда таксиге тапсырыс сенбі түнгі сағат үшке қарағанда әлдеқайда көп болады. Барлық таксист сағат сайын бір жарым, екі, үш, бес мың теңге тапсын деген популистік идеяны алға жылжыту оңай, бірақ бұл барлық шығынды тұтынушының мойнына ілу деген сөз. Өкінішке қарай, маркетплейстің бүкіл логикасы — сұраныс пен ұсыныс заңы — мұндай бастамалардың кесірінен бұзылуы мүмкін.

Ozon өкілі Наталья Боер мемлекеттің қазіргі уақытта «ойын ережелерін» түбегейлі өзгертіп жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, салық органдарының маркетплейс деректеріне қатысты жаңа талаптары «бизнес үшін қосымша жүк» болмақ. Бұл ретте Қазақстандағы Ozon банктік бағытқа емес, маркетплейс пен инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр: компания логистикаға қазірдің өзінде 80 млрд теңгеден астам инвестиция құйған. Боер ханым экожүйе дегеніміз барлық қызметті міндетті түрде бір қолданбаға жинақтау емес екенін еске салды. Оның пікірінше, бір сервистің ішінде такси де, ыдыс-аяқ та, аяқ киім де қатар ұсынылуы пайдаланушының мазасын алуы мүмкін.

Суперқосымшалардың болашағына арналған бірінші панельдік сессияға Freedom Bank басқарушы директоры Вячеслав Ким, «ЦентрКредит» Банкінің өкілі Аршын Сұлтанғазы және Kolesa Group-тың CPO-сы Александр Нагорный қатысты.

Александр Нагорный ұсыныстар жүйесі таңу емес, керісінше таңдау мүмкіндігін сақтауға тиіс екенін түсіндірді. Ал БЦК өкілі Аршын Сұлтанғазы ашық экожүйе туралы және банк үшін ең маңызды жаңа нарық - аймақтар екенін айтты.

Екінші панельдік сессия жасанды интеллектіні іс жүзінде енгізу мен дата-орталықтар экономикасына арналды. Онда Freedom Holding Corp. СТО-сы Ренат Туканов, QazCloud-тың AI бөлімінің басшысы Сабина Нұрлыбаева, Алексей Шаравар QazCode СЕО-сы және AKASHI Data Center PLC басқарма төрағасы Владислав Минкевич сөз сөйледі.

Жалпы форум қазақстандық экожүйелер нарығының интерфейстер бәсекелестігі, сенім экономикасы, реттеушілік жүктеменің артуы және таңғалдыру қиындап бара жатқан клиент үшін күрес кезеңіне өткенін көрсетті.

Форумның бас серіктесі Kaspi.kz, стратегиялық серіктесі - Yandex Qazaqstan, ресми серіктесі – Ozon болды. Шараға келесі Kolesa Group, Baribar, 7 арна, Liter.kz, Prodengi, 365info, BlueScreen, Profit.kz, Aikyn.kz, Turkistan.TV, DKNews, ER10media, AlemInform, Bizmedia және Optimism.kz белсенді ақпараттық қолдау көрсетті.