Еліміз құтыру ауруы бойынша эндемиялық аймақ болып саналады.
Елдегі қаңғыбас ит-мысықтың өсімін бақылауда ұстау керек – Анна Хамчукова
www.istockphoto.com
148
оқылды

Жақында Мәжілістің төрінде қаңғыбас иттердің мәселесі көтеріліп, “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға енгізілетін түзетулер талқыланды. Қараусыз жүрген иттердің жұртшылыққа зияны бар-жоғын ҚР ҒЖБМ ҒК "Зоология институты" РМК ғылыми қызметкері Анна Хамчукова айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

 Оның айтуынша, сырткөзге түкке тұрғысыз мәселе боп көрінгеннен жағдай әлдеқайда күрделі.

– Көше-көшені кезіп жүрген қаңғыбас иттердің азаюын  тоқтату бойынша өз ортамызда бұрыннан қалыптасқан бір түсінік бар: бұл мәселеде әмбебап шешім жоқ, ал тиімді шаралар міндетті түрде кешенді болуы тиіс. Қазіргі мәселе – олардың өсімін басқаруға қолжеткізу. Ғылыми тұрғыда, біз,  эвтаназия емес, олардың санын бақылау қажеттілігін айтамыз. Бірақ қазір бақылау біздің уысымыздан шығып барады. Эвтаназия – құралдардың бірі ғана, бірақ көздеген мақсатымыз емес.

Зерттеулер көрсеткендей, қаңғыбас ит-мысықтың санын азайту әртүрлі тәсілдер арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Яғни  стерилизациядан бастап, оларды ортадан алып тастауға дейін жүргізіледі. Дегенмен бұл әдістердің ешқайсысы өздігінен тұрақты нәтиже бермейді. Ал оның арғы жағына үңілсек, еліміз үшін эпидемиологиялық жағдайы қиындай түспек. Өйткені еліміз әлі күнге дейін құтыру ауруы бойынша эндемиялық аймақ болып саналады. Әрине, вирус таратушы өзге де жабайы аңдар бар. Бірақ соның ішінде ит адамға инфекция жұқтыратын негізгі көз.

Шалғай жерлерде түлкі-қасқырың жүрсе де, адамға жоламайды. Ит-мысығың олар жүрген жерде жүреді, адамға да жақындайды. Сондықтан жабайы табиғаттан келетін инфекцияны ел ішіне кіргізетін де, оны тарататын да ит. Әрине, бұралқы иттерді вакцинация жасау тиімді еді. Алайда Қазақстанның бүкіл аймағын қамту оңай емес, екіншіден уақыт керек. Онда да оларды жыл сайын қайта вакцинациялау керек. Вакцинация жүргізілсе де оның әр ағзаға әртүрлі әсер етеді. Оның күші қай уақытта жойылып, не жұқтырып алатынын тағы белгісіз. Иә, вакцинация инфекцияның таралуын төмендетеді, ал бұралқы иттердің азаюы өзге жабайы аңдармен байланысын азайтады. Сол себепті елдегі ахуалды ұшықтырмас үшін бұралқы ит-мысықтың өсімін бақылауды уысымыздан шығармауымыз қажет, – дейді  Анна Хамчукова.