«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары жоғары нәтижеге ие.
«AMANAT»: Сыр жастары партия қолдауын сезінеді
175
оқылды

Жобалар арқылы Сыр өңірінде жүздеген отбасы баянды бастамалар арқылы тұрмысын жақсартып, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік алып отыр.

Соның  айқын көрінісі ретінде өңірдегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 жастың оқу ақысын төлеуге көрсетілген қолдауды ерекше атап өтуге болады. Нақты айтқанда, партияның Жаңақорған аудандық филиалының үйлестіруімен және «Байкен-U» серіктестігінің ықпалымен білімді жастарды қолдау мақсатында шамамен 17 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде, талапты жастар еліміздің түрлі оқу орындарында кедергісіз білім алып жүр.

Атап айтқанда, Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Клара Шәйменова үшін бұл қолдау үлкен мүмкіндікке айналды. Оның айтуынша, қиын кезеңде көрсетілген көмек отбасы үшін маңызды тірек болған.

 «Әрбір ата-ана баласының білім алып, білікті маман иесі атанғанын қалайды. Қаржылық қиындық туындаған кезде «AMANAT» партиясы тарапынан көрсетілген бұл қолдау бізге үлкен демеу болды. Баламның үздіксіз білім алып жатқанына қуаныштымын. Осындай қамқорлық үшін партияға айтар алғысым шексіз», – дейді ол.

Осындай қолдаудың арқасында білімін жалғастырып жүрген жастардың қатарында Нұрдаулет Бижанов та бар. Ол партия тарапынан ұсынылған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз болашағын айқындау жолында нық қадам жасап келеді. Білімді жас өзіне жасалған бұл қолдау жаңа белеске ұмтылуына зор ықпал еткенін айтып отыр.

Биыл партияның Жаңақорған аудандық филиалы және «Байкен-U» серіктестігімен бірлескен әлеуметтік қолдау бағытындағы бұл игі іс екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Мұны партия мен бизнестің нақты әлеуметтік әріптестігінің нәтижесі екенін атап өткен абзал.

Аудандық филиал төрағасы Арман Мажитов өз кезегінде партия жобалары – бір реттік көмек емес, ұзақмерзімді нәтижеге бағытталған бастама екенін атап өтті.

«Басты мақсатымыз – халыққа нақты қолдау көрсету және әрбір азаматтың тұрмысын жақсартуға ықпал ету. Осы бағытта «AMANAT» партиясы түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның негізінде  әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жақында партия жанынан Кәсіпкерлер қанаты құрылды. Бұл бизнес қауымдастығымен өзара байланысты одан әрі нығайтып, кәсіпкерлікті қолдауға тың серпін береді. Алдағы уақытта партия мен бизнес арасындағы әріптестік күшейіп, нақты жобалар жалғасын табады. Біз үшін әрбір азаматтың болашағы маңызды. Сондықтан кез келген мәселе назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешімін табатын болады», – деді ол.

Жалпы, өткен жылы аталған жобалар аясында Қызылорда облысында 600-ге жуық  іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам азаматқа түрлі бағытта қолдау көрсетілген. Жоба аясындағы жоспарлы жұмыстар биылғы жыл еншісінде де жарасымды жалғасын табатын болады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,  Қызылорда облысы 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.